Күтпеген жерден көпшілікке танылған спортшылар
Спортта ешқандай жүлде алмай-ақ атаққа қол жеткізуге де болады. Оны отандасымыз, волейболшы Сәбина Алтынбекова дәлелдеп берді. Ол 17 жасында әуедопта әлі де атаққа қол жеткізбсе де, өзінің сұлулығымен күллі әлемді таң қалдырды. Осы орайда батыстық басылымдар спорт тарихында бірде-бір жүлдеге ілікпей, сұлулығының арқасында жұрттың назарын өзіне аударған спортшылардың тізімін жасады, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Батыстық басылымдардың жасақтаған тізімнің бірінші сатысында біздің отандасымыз Сәбина Алтынбекова тұр. Ол Тайпейде өткен 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионатына Қазақстан құрамасы сапында барды. Бірақ, турнир барысында Сәбина көсіле ойнаған жоқ. Ол Тайпей паркетіне шыққан Қазақстан құрамасының негізгі ойыншысы емес. Оның бұл турнир барысындағы басты көзірі – сұлулығы болды. Қазақ қызының ерекше сұлу екенін бірден байқаған жергілікті телеарна Алтынбекова туралы сюжет жасаған. Соның арқасында ол бір күннің ішінде танымал бола шықты. Қазіргі таңда оның «Инстаграмм» әлеуметтік желісіне 300 000 мыңнан аса жанкүйері тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша Сәбина Қазақстанда ең көп оқырманы бар адам болып танылады.
Жанкүйерлердің айтуына қарағанда, арудың түр-әлпеті жапон анимелеріндегі кейіпкерлерге ұқсайды екен. Бірақ, волейболшы турнир барысында мұндай танымал болып кеткеніне өзі де таң қалғанан айтады. «Шынымды айтсам, менің өзім қатты таңғалдым. Мен халықаралық турнирлерде елге қандай да бір пайда әкелуді қалайтын Қазақстанның қарапайым қызымын. Мұндай танымалдық мені таңғалдырды», – дейді 17 жастағы ақтөбелік спортшы.
Сәбинаның айтуына қарағанда, Тайпейде оны жанкүйерлер жүргізбей қойған. «Неге екенін білмеймін. Маған сондай жылы лебіздер, сыйлықтар ұсынып жатыр, әрине, бұл ұнайды. Бірақ ең бастысы, әлемде Қазақстанды да осылай таныса деймін. Азияда қазір көпшілік біздің туымызбен суретке түсіп жатыр, бізге жанкүйер болып жатыр», – дейді Сабина.
Тізімнің екіншісі сатысына ресейлік Анна Курникова орналасқан. Ол әуелде дүйім жұртқа теннисші ретінде танымал еді. Бірақ 22 жасында жарақатына байланысты спорттық ғұмырын аяқтап, әртістік өмірін бастаған. Анна спорттан кете саласымен оны атағы алысқа кеткен әнші Энрике Иглесиас өзінің бейнебаянына түсуге шақырады. Сөйтіп әп-сәтте-ақ Анна әлемге әйгілі болып кетеді. Дегенмен де, ол спортшы ретінде бірде-бір атаққа қол жеткізбеген. WTA турнирлерінде ешқашан топ жармаған.
Үшінші орында Анна Семенович. Қазір Аннаны кезінде спортшы болған десе ешкім сенбесе керек. Өйткені бүгінде оны жұрт әнші, актриса, тележүргізуші ретінде таниды. Десе де, ол әу баста мәнерлеп сырғанаушы болған. 21 жасында жарақат алып, үлкен спорттан кетті. Кейіннен ол «Ангелы Чарли» тобын құрып, көпшілікке әнші ретінде танылады. Бұдан бөлек, Анна спорттық және музыкалық бағдарламаларды жүргізген. Оның көпшілікке кеңінен таныған кезі «Блестящие» тобына қосылған сәті болды. Оны бүгінде тек Ресей өнер сүйер қауымы ғана емес, бүкіл батыс елі де таниды.
Бразилиялық апалы-сіңілді Биатрис және Бьянка Ферестер төртінші орында. 26 жастағы егіздер әу баста мәнерлеп жүзумен айналысып, ішкі біріншіліктерде жүлделі орындарға ие болып жүрсе, Әлемдің додаларда үздіктердің қатарынан мүлдем көрінбеген. Кейіннен Биатрис және Бьянка өнерге ауысып кеткен. Осы уақытқа дейін олар өздерінің жеке 12 бағдарламасын шығарып, әлемге танылды. Қазіргі таңда Бразилияда сәнге байланысты шығатын журналдардың басты бетінде осы ағайынды қыздардың суреті үнемі шығып тұрады. Бірақ, арада бірнеше жыл өткеннен кейін олар спортқа қайта келіп, 2016 жылы өздерінің отанында өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті екен.
Спортта ешқандай нәтижеге қол жеткізбей, бірақ атағы алысқа кеткен спортшылардың қатарында америкалық Эллисон Сток пен жапониялық Мива Асао да бар. Біріншісі биіктікке секіру спортына қатысқан. Бірақ, ол көпшілікке спорт арқылы емес, өзінің сұлулығы арқасында қол жетікзген. Сток бүгінде сән әлемінде жұмыс істейді. Ал Асао болса Жапонияда жағажай волейболының дамуына елеулі үлес қосқан спортшы. Оның да бұл спорт түрінде жеткен жетістіктері шамалы. Десе де ол «күншығыс» елінде бұл спортты ең алғаш телеарнаға алып келген адам. Спорттық ғұмырын аяқтаған соң ол телеарнада арнайы жағажай волейболына арналған бағдарламалар түсіріп келеді. Оны бүгінде Жапонияда «жағажай періштесі» деп атап кеткен.