Латыштар да қазақша күресе алады
Қарағандыда қазақ күресінен екінші әлем кубогы аяқталды. 31 елден келген 100-ден аса балуан бес салмақ дәрежесінде әлем кубогын сарапқа салып, екі салмақта бас жүлде шетелге кетті.
Төл күресіміздің мәртебесін арттырып, әлемдік аренаға шығару мақсатында өткен екінші әлем кубогына шетелдерден кілең білекті балуандар келіпті. Олай дейтініміз, жергілікті балуандар үздік саналған 80 келі салмақ дәрежесі мен ең ауыр салмақта бас жүлдені қонақтар еншілеп кетті...
Ең жеңіл салмақта қазақстандық Ардақ Құлжанов жеңімпаз атанса, оның жеңісті жолын 70 келіде семейлік Қуаныш Мұрадов жалғастырды. Санаулы секундтар ішінде өзбекстандық алымды қарсыласы Алим Равшановты алып ұрып, айқын басымдылыққа қол жеткізді.
80 келі салмақта Грузия балуаны бірінші орын алса, 90 келіде жерлесіміз Асыл Бәрменов топ жарды.
Ал биыл ғана «Қазақстан барысы» атанып, еліміздің ең үздік балуаны саналған Бейбіт Ыстыбаев финалға қарсыласын лайықты деңгейде бағаламай шығып, жеңілістің кермек дәмін татты. Қосымша уақытта «Қазақстан барысын» алып ұрған Латвия балуаны Виктор Реско ең ауыр салмақта әлем кубогының иегері атанды.
Виктор Реско, қазақ күресінен әлем кубогының иегері (Латвия):
– Мен оның қарулы балуан екенін байқап көрдім. Психологиялық тұрғыдан да маған қиын болды. Алайда оның құрсауына түсіп қалмаудың жолын іздедім. Ал қосымша уақытта әдіс қолданып көріп едім, ол түсіп қалды. Жалпы, қазақ күресі маған өте ұнайды. Жеңіске жеткеніме өте қуанып тұрмын.