Марат Жыланбаевтың кім екенін білесіз бе?
Дүниежүзі қазақтан шыққан рекордшыны қалай таныды? Ендеше, ең әуелі соған зер салсақ. Сондықтан, «Вокруг светаның» беттерін ақтарып көрейік. Өзгелердің қазақтың атын атап, оның ерік-жігеріне тамсанып отырғанын оқысаң, тұла бойың шымырлап, көзіңе ыстық жас келеді екен. Мақтанасың. Менің көзіме жас үйірген жазбаны оқып көріңізші… Сіздің де мендегі сезімді бастан кешіргендеріңізді қалаймын, құрметті оқырман. Төмендегі жазбаны Мараттың рекордын бақылаушы, жолсерігі Федор Сколкин жазған. Сонымен…
Сахарамен жүгіру
…Марат Лондондағы Гиннес рекордтар кітабының штаб-пәтеріне Сахараны – Гардаядан бастап, Нигерия шекарасына дейін 1700 шақырымды 24 күнде жүгіріп өтетіні туралы мәлімдемесін жіберді. Сахара марафоны басқалардан әлдеқайда қиын болды. Біріншіден,ауа райы: күндіз толықтай бүркеніп жүруге мәжбүрлейтін ми қайнатар ыстық, құмды аспанға көтеретін қатты жел, ауадағы құрғақтық деңгейінің өте жоғары болуы. Сондықтан Мараттың сөмкесіне 2 литрлік суды қоса көтеріп жүгіруіне тура келді. Екіншіден, бір ай бойы бір тамақты қайталап жеп, күркеде өмір сүруге тура келді. Душ қабылдау қажеттігі қатты сезілді. Үшін-шіден, жүздеген шақырым бойы тірі жаны жоқ қу шөл даланы ғана көреміз және әр старт сайын қайта-қайта заттарымызды түгендейміз.
XryaV8S8-6cАртта екі ай бойғы күдік пен рекорд орнатуға дайындықты қалдырып, Марат дәл қала мэрі қасынан асфальт бойымен жүгіруді бастап кетті. Жолда кездескен автокөліктер бипілдетіп, амандасып өте берді. Көбі тоқтап, су, шоколад ұсынды. Мұнда тамақтың бәрі жолда алып жүретін газ плитада жасалды. Тоқтаған жерге күрке құрып, сонда ұйықтадық. Күндіз аптап ыстық, түнде қатты суық. Жылы, арктикалық жағдайға арналған жамылғы-ларға бас қоятын кездеріміз де болды. Режиммен жүрдік: таңертең сағат жетілерде тұрамыз. Таңғы ас уақыты 8:30. Сонан соң Марат бірден марафонды бастап кететін. Ол өз ағзасын тамақтан соң да жүгіруге осылай үйретті. 9:30-10:00 шамасында Маратты қуып жететінбіз де, ол әлденіп алатын. Мараттың жүгіріп өткен қашықтығын көліктегі спидометрмен өлшедік. Келесі аялдамада 10-15 километрден кейін кездесуге келісеміз. Екінші рет жолыққан соң Марат жүгіруді жалғастырады, біз түскі асқа сағат 12:30-13:00 шамасында кететінбіз де, тамаққа бас қоятынбыз. Кешкі сағат 19:30-20:00 шамасында Марат жүгіруін аяқтайтын. Кешкі асты қараңғыда немесе қалта шырақтарымен іштік. Ол тек шатырымызға жарық түсіріп тұратын немесе сырттағы жел оны ылғи өшіріп тастайтын. Жел біздің тамақ жасап жатқан газ плитамыздың отын да ылғи өшіріп тастайтын. Алғашқы күндері от (алау) жағатын ештеңе болмады. Марат Қарақұмда ағаштар, бұтақтар оңай табылатынын жиі айтып отыратын. Сахарада құм мен тас. Ештеңе өспейді. Сол себепті де бұл жер тірі адам тірлік ететін жер емес. Ал шыбындар барлық жерде бола береді екен. Олардың қайдан пайда болатынын түсінбеймін.
…Үшінші күні Марат тізесінің ауырыңқырап тұрғанын айтты. Жүгіру таңғаларлық жылдамдықпен басталған, міне, нәтижесі. Осы күннің соңында кенеттен алай-дүлей дауыл басталып кетті. Ол кезде Марат әлі дистанцияда болатын. Ал біз Абидпен бірге күрке құрып, кешкі ас дайындап жатқанбыз. Күн әлі батпаған, аспанды қара бұлт торлап, шатырымызды құмға көміп тастады. Кейін Марат ол кезде дауыл мүлдем жүгірткізбей қойғанын, жерде жатып қалғанын айтып берді. Өйткені, жүгіру бағыты көрінбейді, алдан жолыққан жел артқа қарай итере берді. Бақытымызға орай, бұл тек бір сағатқа созылды. Жел басыла бастағанда, яғни түннің жарымында Марат өзінің бір күндік межесін аяқтады. Осы кеште біз бірінші рет күркеде тамақтандық. Онда тек ұйықтауға кіретінбіз. Шәй, тамақтың бәрінде құм болды. Шашымыз, көзіміз, құлағымыз бен мұрнымыз да құмға толды. Оларды қағып тастаудың еш мәні жоқ еді.
Бесінші күні Марат 50 шақырым ғана жүгірді. Аяғының ауруы үдей түсті. Аяғына бөртпе қаптап кетті. Сол кезде барып аллергия екеніне көзіміз жетті. Бірақ неден? Су? Жоқ. Біз бөтелкедегі минералды суды ішетін болдық. Пайда жоқ. Мараттың марафонында аллергия сол күйі кетпей қойды. Үйге келгенде барып, дәрігерлер оның себебі құрма екенін анықтады. Иә,біз Алжир базарларынан сатып алған кәдімгі құрма.
…Эль-Голеиден Ин-Салахаға дейін алты күн бойы шөл теп-тегіс болды. Жалғыз көлеңке – көлік қана. Күндізгі ыстық 30 градустан асатын. Сол кездері Мараттың кроссовкасының ұлтанының қызғаны сонша – сәлден соң-ақ еріп, түсіп қалатындай сезілгенін айтатын. Күннен қорғану үшін ол Екібастұздан алып келген мақтадан тігілген ақ түсті шапанды киіп жүгірді. Оның қалпағы бет толықтай көлеңкеде болатындай етіп тігілген, ал қолында қолғап.
…Марафонның соңы Таман-рассет қаласына тіреліп аяқталды. Марафонның мәресін ұлттық Алжир телеарнасы түсірді. Марат елдегі ең танымал адамға айналды. Көшеден көргендер автограф алатын. Алжир астанасындағы пресс-конференцияда Рейтер Джон Баггли деген тілші Мараттан: «Ең үлкен Сахара шөлін бағындырдыңыз, келесі марафоныңыз қандай болмақ?» – деп сұрады. Марат еш саспастан, осы жылдың соңында жер шарын 1 жылда жүгіріп өтетінін және старт пен мәре Алматы қаласы болатынын жеткізді.
Федор Сколкин,
«Вокруг света» беттерінен.
Сколкиннің жазбасынан Марат Жыланбаевтың кім екенін түсінген боларсыз. Ал енді ол кісінің өз аузынан жазып алған әңгімені оқып көріңіз. Әлемді таңғалдырған адам осы бойы аспаннан салбырап түсе қалмаған шығар…