Несіп Жүнісбай өз орнын жастарға берді
Жақында Астанада Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының кезектен тыс жиыны өтіп, онда оның басшысы ауысты. Аталмыш қауымдастықтың төрағасы Несіп Жүнісбай өз қызметін жаңа буынға тапсырды. Жаңа буын бұл қызметке Ілияс Омаровты бірауыздан сайлады.
Кезектен тыс жиынды қауымдастық президенті, еліміздегі белгілі спорт қайраткері, журналисі және жазушысы Несіп Жүнісбайұлы ашып, оның сонау 1992 жылдан бергі қызметіне тоқталып өтті. Мақсат-міндеттері мен осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстарын қорытындылап берді. Содан соң бүгінгі күн талабы мен заман ағысына сай бір өзгеріс қажет деп шешкенін айтып, өз орнын жастарға беру жөнінде шешім қабылдағанын жеткізді. Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының (AIPS) құрамына 1993 жылы кірген отандық ұйымның жиырма жылдық торқалы тойы кезінде тізгінді жалынды жастарға беру керектігін баса айтты. Тың идеялар мен жаңа жобалар қажеттігін тілге тиек етті. Тіпті Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығы жиындарында, солардың арасында тілмаш арқылы сөйлесудің пайдасы жоқ екендігін де бүкпесіз жайып салды.
Артынан ерген інілері мен ізбасарларының, тәжірибелі әріптестері мен мамандардың бұл шешімін түсіністікпен қабыл алатынына сенетіндігін білдірді.
Содан соң өз орнына Ілияс Омаровтың кандидатурасын ұсынатындығын білдірді. Ілияс Омаровтың кандидатурасын қолдап, еліміздегі бірінші спорттық телеарнаның директоры Диас Ахметшәріп сөз сөйледі. Басқа да қолдаушылар болды. Содан жиналғандар бұл ұсынысты дауысқа салып, Ілияс Омаров Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының төрағасы болып сайланды.
Ілияс Омаров – бірнеше жылдан бері Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы қызметін атқарып келе жатқан білікті маман. Бірнеше шет тілін біледі. Бірнеше жылдан бері спорт тақырыбына да қалам тартып жүр. Спортты жақсы біледі. Сыртқы істер министрлігінің журналын шығарып, редакторлық қызметтің де қыр-сырына қанығып жүргеніне біраз болған.
Жиналғандар қауымдастықтың атқарушы комитетінің құрамын бекіте алмай, қызу пікірталас болды. Ақыры ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Елсияр Қанағатов өз пікірін ортаға салып, атқару комитеті мүшелерінің саны тақ болғаны дұрыс екендігін, сондай-ақ нақты шешім қабылдауға асықпауға шақырды.
Осы жиынға қатысқан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің бастығы, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының бас менеджері Айдар Махметов те сөз сөйлеп, қауымдастықтың тыныс-тірлігі мен жұмысын қолдайтындығын білдірді.
Басқа да бірнеше өзекті мәселе қаралып, жиын соңында жаңа төраға Ілияс Омаров ардагер спорт қайраткері Несіп Жүнісбайұлын Құрметті президент ретінде бекітуді ұсынып, бұл ұсыныс та толық қолданды.