Олимпиадада төрелік еткен қазақ
Кеше елорданың «Дәулет» спорт кешенінде әуесқой бокстан ел чемпионаты басталды. Жаңа ережемен өтетін бұл біріншілікте төрешілердің қызметі қандай болмақ? Әлемдік бокста орын алатын реформа шаршы алаңға қандай өзгерістер әкелмек? Жалпы, Қазақстандағы төрешілердің деңгейі қандай? Көпшілікті қызықтырған осы сауалдар төңірегінде Лондон Олимпиадасында төрелік еткен Қазақстан бокс федерациясы төрешілер алқасының төрағасы Рахымжан Рысбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Рахымжан Есмағанбетұлы, әлемдік бокста орын алғалы отырған «төңкеріс» алдымен қазақ жерінен бастау алмақ. Сондықтан игі бастаманың себепшісі болып отырған біз үшін жаңа ережемен өтетін ел біріншілігін абыроймен өткізу – үлкен сынақ. АІВА-ның жаңа ережесі бойынша боксшылар басындағы дулығаны шешетіні белгілі. Демек, осыған байланысты төрешілердің жұмыстарында өзгерістер болатын шығар?
– Иә, дәл солай. WSB додасын көріп жүрген шығарсыз? Ел біріншілігінде де төрешілер жеңімпазды солай анықтайды. Яғни тең есеп деген болмайды. Қапталдағы үш төреші әрбір раундта 10:9, 10:8 немесе 10:7 есебімен басым түскен боксшыны анықтайды. Жалпы, бұл ережені әуесқой бокс бұрыннан қажет етіп жүрді. Өзім де Лондон Олимпиадасының барысында бірнеше рет куә болдым. Жеңімпазды анықтауда компьютерлік есептеу жүйесінің дұрыс еместігін өз көзіммен көрдім. Себебі кейде қызыл түймешікті қанша басса да, ұпай көк бұрыштағы боксшының еншісіне жазылып жатады. Артынан төрешілердің өздері де түсінбей отырған кездер болды. Қай жекпе-жектер екенін айтпай-ақ қояйын, Лондон Олимпиадасында компьютерлік есептеу жүйесінің ақаулығынан бірнеше айқастың тағдыры мүлдем басқаша шешіліп кетті. Бұл – төрешілердің қателігінен емес, компьютерлік бағдарламаның бұрыстығынан. Содан Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың ұсынысымен АІВА әуесқой боксқа осындай өзгерістер енгізіліп, оның үстіне, бокстың қызықтылығы мен тартыстылығын арттыру үшін бастағы «дулыға» мүлдем алып тасталынады. Сондай-ақ ұпай санау жүйесін де өзгертті.
Жаңа ереженің қолға алынуына өзіміз мұрындық болғандықтан, алғаш болып сынақты өзімізде өткізбекпіз. Яғни Қазақстан чемпионаты, былайша айтқанда, сынақтық дода болмақ. Сондықтан ел біріншілігін АІВА басшылары, өзге елдердің өкілдері де келіп тамашаламақ. Келесі жылы қазақ жерінде өтетін әлем чемпионаты дәл осындай ережемен ұйымдастырылады.
– Рахымжан аға, енді Лондон Олимпиадасы жайлы бірауыз айтып өтсеңіз. Жалпы, өзіңіз Олимпиадада төрелік ету құқығына қалай ие болдыңыз?
– Лондонға баруым аяқастынан орын алған кездейсоқ жағдай емес. Өздеріңіз білесіздер, 2009 жылы Миланда өткен әлем біріншілігінде бірде-бір қазақстандық төреші қызмет атқарған жоқ. Бұл федерация тізгінін енді ғана қолына ұстаған Тимур Құлыбаевтың жанына қатты батты. Содан 2010 жылдың басында Тимур Асқарұлы төрешілерді дайындау жүйесін дұрыс жолға қоюдың бағдарламаларын қарастырды. Әртүрлі семинарлар өте бастады. Шетелдіктермен тәжірибе алмасуымыз жиіледі. Нәтижесі көп күттірген жоқ. 2010 жылдың жаз мезгілінде Астанада Президент кубогы өтіп, сол кезде Қазақстан төрешілері АІВА өкілдерінің алдында емтихан тапсырды. Бес төрешіміз АІВА-ның үш жұлдызды, яғни ең жоғары санаттағы төрешілерінің қатарына қосылды. Оның екеуі – нәзікжанды арулар, үшеуі – ерлер. Арасында мен де бармын.
– Олимпиадада қанша жекпе-жекке төрешілік еткеніңізді жақсы білетін шығарсыз?
– Әлбетте, ортадағы реферидің қызметін 10 рет атқарып, 33 жекпе-жекте қапталдағы төреші болдым. Барлығы – 43. Олардың арасында Клементе Руссо, Александр Усик, Хулио Ла Круз, Энтони Джошуа, Энтони Огого, Тарас Шелестюк, Доменико Валентино, Иглесиас Сотолонго, Эвалдас Петраускас, Кэти Тэйлор сынды әлемді аузына қаратқан боксшылардың жекпе-жектеріне қазы болдым.
– Талай тарланның тағдырын шештіңіз ғой. Есіңізде қалғаны қай жекпе-жек болды?
– Барлығы да есімде ғой. Бірақ Олимпиададағы дебютімді ешқашан ұмытпаймын. Қапталда төрелік еткен бір бөлек, ортаға шыққан мүлдем басқаша әсер. 75 келі салмақтың 1/32-финалы болатын. Венесуэлалық Жозе Эспиноза мен венгр Золтан Харшаның жұдырықтасуында алғаш рет шаршы алаңдағы рефери болдым. Сондай-ақ финалдық айқаста ортадағы төреші болғанымды мақтаныш тұтамын. Маған бұйырғаны 91 келідегі украиналық Александр Усик пен италиялық Клементо Руссоның айқасы болды. Бұл менің төрешілік ғұмырымдағы биік шыңым десем де болады.
Негізі, бұған дейін үш әлем біріншілігіне қатысқанмын. Еуропа және Азия чемпионаттарында да төрешілік еттім. Бірақ Олимпиаданың орны мүлдем бөлек екен.
– Лондон Олимпиадасында жігіттерден бөлек, қыздар боксында да төрелік еттіңіз. Қайсысы қиын, жігіттерге төрелік ету ме, әлде қыздарға ма?
– Қыздар боксында еншіме үш жекпе-жек тиді. Біреуінде шаршы алаңдағы рефери ретінде ирландиялық Кэти Тэйлор мен ұлыбританиялық Наташа Джонастың жұдырықтасуына төрелік еттім. Бірақ мен, шыны керек, боксшыларды қыздар немесе жігіттер деп бөлмеймін. Олардың гендеріне назар аудармаймын да, спортшы ретінде қараймын. Сондықтан мен үшін еш айырмасы болған жоқ.
– Жасыратыны жоқ, Олимпиада барысында даулы мәселелер жиі орын алып жатты. Кейбір жекпе-жектердегі төрешілердің шешіміне жанкүйерлердің көңілі толмады. Төрешінің көзқарасымен бағаңызды берсеңіз, Лондон додасы әділ өтті ме?
– «Бес саусақ бірдей емес» деп тегін айтпаған ғой. Шаршы алаңдағы рефериден бөлек, қапталда бес төреші бар. Іштеріне кіріп шықпаған соң, ойларында не жатқанын білмейсің. Оның үстіне, біреуі – Азиядан, біреуі – Америкадан, әйтпесе Африкадан дегендей, боксқа деген көзқарастары мен түсініктері де бір-бірімен сәйкеспей жатуы мүмкін. Рас, пенде болған соң қателіксіз болмайды. Бірақ бір тарапқа әдейі бүйрек бұрды деп ешқайсысын айта алмаймын.
– Рахымжан аға, енді өз еліміздегі жағдай жайлы әңгіме қозғасақ. Бүгінде қазақстандық төрешілердің бәсекелестікке қабілеті қандай?
– Тимур Құлыбаев келгелі, шыны керек, ісіміз оңға басқандай. Жыл сайын әрбір елде ұйымдастырылып отыратын емтихандық сынақтарға біз де өз төрешілерімізді жіберіп, бір жұлдызды, екі жұлдызды, үш жұлдызды реферилерді дайындаудамыз. Мынаны айтайын, әлем бойынша АІВА-ның халықаралық дәрежедегі төрешісі дәрежесіне жеткендер саны бойынша бүгінде Қазақстан бірінші орында тұр. Бұл көп нәрсені аңғартса керек. Тағы бір мысал, жақында Оңтүстік Кореяда АІВА-ның жаңа ережелері бойынша емтихан өтіп, менен басқа Қазақстанның тағы екі төрешісі: шымкенттік Әлішер Алтаев пен тараздық Бақытжан Бекпенбетов барып, жақсы бағаға тапсырып келдік. Енді бізге АІВА-ның WSB, APB, Олимпиадалық бокс додасына есік ашық. Болашақта мұндай семинарлар жиі өтпек. Оған еліміздің басқа да төрешілері емтихан тапсыратын болады. Атап айтсақ, халықаралық дәрежедегі төрешілер Наталья Цой, Әсия Аманбаева, Шымкенттен Нұрбек Батыров, Көкшетаудан Ерлан Ғазизов, Қостанайдан Өзбек Қазин келесі емтихан сынағына қатысады.
– Жалпы, өзіңіздің бокста жүргеніңізге қанша жыл болды?
– Бокспен тоғыз жыл айналысып, 60, 63 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқанмын. Төреші ретінде шаршы алаңға шығып жүргеніме 11 жыл болды.
– Ал былғары қолғапты шешіп, төреші болуыңызға не себеп болды?
– Боксшы ретіндегі ең ірі жетістігім – жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінің қола жүлдесі. Сондай-ақ ересектер арасында ұйымдастырылған Әбдісалан Нұрмахановтың жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы болғанмын. Төрешілік қабілетімді байқаған болуы керек, жеке бапкерім Әділ Басқараев маған осындай кеңес берді. Олимпиада ойындарында төрелік еткен тұңғыш қазақ Серік Әбдінәлиев те: «Балам, сен төреші болуың керек», – деп өзінің ізгі тілегін айтқан соң, ойлана келе, осындай шешім қабылдағанмын. Міне, ағалар айтқан сол кездегі кеңес бүгінде мені біраз жетістікке жеткізгендей.
– Төрешілік ғұмырыма 11 жыл толды дедіңіз. Осы аралықта ақша ұсынып жекпе-жек тағдырын шешуді сұрағандар болды ма?
– Мұндай нәрседен өзімді аулақ ұстауға тырысып келдім. Алдағы уақытта да ақша үшін біреудің тағдырын шешпеймін. Өз басымнан өткен нәрсе емес. Өзгелер жайлы айтпай-ақ қояйын. Ал, негізінен, бокстағы жемқорлықпен күресуімізді тоқтатпауымыз қажет. Еліміздің төрешілеріне қойылатын негізгі талап біреу – әрқашан әділ болу.