Өзіңе сенімді болмасаң, спортта ұзақ жүре алмайсың
Қазақстан спортшыларынан Лондон Олимпиадасының лицензиясын қоржынымызға салып берген жерлесіміз – Вячеслав Подлесный. 2010 жылдың тамыз айында Германияның Мюнхен қаласында қола жүлдеге қол жеткізіп, ел қоржынына жолдама салғанымен Подлесныйдың Олимпиадаға бару-бармауы әлі белгісіз. Дегенмен «Алаш айнасына» берген сұхбатында Вячеслав Лондонға бару үшін қолынан келгеннің барлығын жасайтынын айтты.
– Нысана көздеуде лицензия жеке спортшыға емес, командаға беріледі, – деп бастады сұхбатын Вячеслав Подлесный. — Сондықтан «Тұманды Альбионға» мен барамын ба, жоқ өзге спортшыға сенім артыла ма, оны бапкерлер кеңесі шешеді. Менің мақсатым – тыңғылықты дайындалу.
– Демек, Лондон Олимпиадасына қатысарыңа еш кепіл бере алмайсың ғой?! Қалай ойлайсыз, сіздіңше жолдаманың жеке спортшыға емес, командаға берілуі әділетті ме?
– Қай бапкер болса да, ешқайсысы «Олимпиадаға барасың» деп кепілдік бере алмайды. Бұл жерде тек өзіңе ғана сенуің керек. Әлбетте, Олимпиада жолдамасын ел қоржынына салып беріп тұрып, сол додадан өзің тыс қалып қойсаң, өкінішті болар еді. Бұған жол бермеуге тырысамын. Ал жолдаманың командаға берілуі бір жағынан әділетті де шығар деп ойлаймын. Өйткені өз арамызда тартыс күшейіп, үздік шығуға тырысасың.
– Ол осынау дүбірлі додаға қатысарыңа қаншалықты сенімдісің?
– Өзіңе-өзің сенімді болмасаң, спортта ұзақ жүре алмайсың. Спорттың қай түрінде болмасын, өзіңе-өзің бек сенімді болып, өзгелерден мықты екеніңді сезіне білуің қажет. Егер өзіңді «мықтымын» деп сендірсең, онда жеңіс, абырой, атақ-даңқ дегендерің кезегімен келе береді. Ал егер өз күшіңе сенімсіз болсаң, онда қанша жерден талантты бол, бәрібір биікке өрлемейсің. Негізі, нысана көздеуде бізде екі лицензия бар. Сол екі жолдамаға жеті мерген үміткерміз. Атап айтсам, менен бөлек, Ольга Довгун, Рашид Юнусметов, Зәуреш Байбосынова, Юлия Дрышлюк, Владимир Исаченко және Александра Малиновская сынды мергендер, Олимпиададан үмітті. Жақында бапкерлер кеңесі Лондонға спортшыларды іріктеудің жаңа концепциясын жасады. Сол бойынша, алдағы Әлем кубогының үш кезеңінде үздік нәтиже көрсеткен екі мерген Олимпиадаға барады. Ал егер ешкім де жөні түзу нәтиже көрсетпесе, онда жолдаманы елге алып берген спортшылар ретінде Олимпиадаға Ольга екеуміз барамыз. Міне, сол турнирлерде тәуір нәтиже көрсету үшін барымды саламын.
– Ал сырт күштер жағаласып, сізді Олимпиадасыз қалдыруы мүмкін бе?
– Несін жасырам, бәрі де мүмкін. Дегенмен бапкерлер кеңесі ондайға жол бермейтін шығар деген үміттемін.
– Сонда басты бәсекелестеріңіз кім болуы мүмкін?
– Спорттық атуда бәсекелестік деген түсіністік жоқ. Меніңше, бәсеке деген сөз – тек жеңіл атлетикадағы жарыстарға ғана қолданылуы тиіс. Өйткені онда сен қарсыласыңның қалай жүгіріп бара жатқанын көре аласың. Реті келсе, өзіңнің жылдамдығыңды арттыруыңа болады. Ал нысана көздеуде сен қарсыласыңның қалай атып жатқанын, қандай нәтиже көрсеткенін біле алмайсың. Тек өз-өзіңмен ғана арпалысып, жүйкеңмен күресумен боласың.
– Сонда біздің командада ешкім бір-бірімен бәсекелес, қарсылас емес пе? Сіздің орныңызға таласып жатқан басқа да мергендер бар емес пе?
– Жарайды, ұстадыңыз. Бұл да, негізі психологиялық тұрғыда әсер етеді. Екі орынға жеті адамның таласып отырғанын сезінсең, шынымен де, бәрі оңай емес екенін түсінесің. Дегенмен турнир кезінде өз орныңа жайғасып, қолыңа винтовканы ұстаған сәттен бастап, сенің қарсыласың басқа спортшы емес, тек нысана болып шыға келеді. Дұрыс түсініңіздер, біздің спортта мергендер техникалық тұрғыдан 100 пайызға дайын болады да, психологиялық тұрғыда әркімнің өз әлсіз тұсы шыға береді.
– Ал егер ұлттық құрамаға ілікпей қалсаңыз, сіздің орныңызды кім басуы мүмкін?
– «Ұлттық құрамаға ілікпей қалсаңыз» дегеніңіз қалай?! Мен міндетті түрде Олимпиадаға барам. Өзім туралы тым пессимистік көзқараспен ойлағым келмейді. Бәлкім, «Кім лайықты?» деп сұрағыңыз келген шығар?! Меніңше, бәрі де Олимпиадаға баруға лайықты. Бәрі де мықты мергендер.
– Айтпақшы, сіз Лондон Олимпиадасына жолдама алып берген алғашқы қазақстандық спортшысыз. Дегенмен ақпарат көздерінде «сіздің 2010 жылғы лицензияңыз осы жылы Катарда өткен Азия біріншілігінде толық расталды» деп жазылып жүрді. Осы жағын бір анықтап өтсеңіз.
– Мен жолдаманы 2010 жылы алып бергенмін. Биыл қаңтар айында өткен Азия чемпионатында лицензиямды ешқандай да растаған жоқпын. Ол осыдан екі жыл бұрын-ақ бекітіліп қойылған нәрсе.
– Слава, енді ел ішіміздегі турнирлердің ұйымдастырылуы жайлы айтып өтсек. Нысана көздеуден ел ішілік додалар өте төмен дәрежеде өтіп жатады. Соның беделін көтеру үшін не істеу керек?
– Әлбетте, бірінші ретте жүлде қорын арттыру керек. Бізде жеңімпазға небәрі 10-15 мың теңге ғана беріліп жатады. Оның өзінде, суперфиналдың жеңімпаздарына ғана. Ал кез келген нәрседе бірінші ретте қаржылық жағы аз болса, оның дәрежесі де, беделі де төмен болады. Егер жүлде қоры көп болса, спортшының стимулы да артады. Бізде бірінші ретте бәрі қаржыға тіреліп тұр.
– Сонда нысана көздеу спортына неліктен аз ақша бөлініп жатады деп ойлайсыз?
– Өйткені нысана көздеу басқа спорт түрлеріне қарағанда аса қызық емес. Мәселен, футбол барша спортсүйер қауымға арналған. Кез келген адам доп алып, футбол ойнай береді. Ал нысана көздеу тек белгілі бір топтарға ғана арналғандай. Оның үстіне, мылтық сатып алу, басқа да жабдықтарды сатып алу машақаттары өте көп. Рас, Қазақстан чемпионаттарын қызықты ету үшін федерациямыз барлық қолдан келген шаралар атқарып жатыр. Тіпті сол үшін суперфинал бәсекесін де ойлап тапты. Дегенмен бұл да аз. Тек финалдық кезеңдер ғана көпшілікке қызықты болып жатады. Ал іріктеу кезеңдері ондай қызықты емес. Сондықтан спорт түрін қызықты ету үшін бірінші ретте оны бұқаралық деңгейге жеткізу керек.
– Слава, енді өзіңіз туралы әңгіме өрбітсек. Спортқа қалай келдіңіз? Ең алғаш қай спорт түрімен айналыстыңыз?
– Ең алғаш шайбалы хоккеймен айналысқанмын. Біздің Павлодарда хоккей ол кезде жақсы дамыған еді. Тіпті балабақшада тәрбиеленіп жүрген кезімде-ақ мені хоккейге жазып қойған еді. Кейін өзім спорттың бұл түрін жанымдай жақсы көріп кеттім. Сегіз жылдай айналысқан шығармын. Сосын 12 жасымда бір достарым нысана көздеу спортымен айналысып жүргенін айтып, қызықтырып жіберді де, сол кезде қолыма винтовканы алғаш рет ұстағанмын. Бірақ кейін нысана көздеуге елімізде онша көңіл бөлінбей кетті де, басқа кәсіпке ауысуыма тура келді. Кейін әскерден оралған соң жаттықтырушым Сергей Дрешер мені қайта шақырды. Ол 2000 жыл болатын. Сөйтіп, міне, содан бері қолымнан винтовкамды тастаған емеспін.