Қармақшы кілеміндегі той
Самбодан Қызылорда облысының Қармақшы елді мекенінде Ұлы Жеңістің 66 жылдық мерейтойына орайластырылып, Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске түсіруге арналған халықаралық турнир ұйымдастырылды.
Осымен 16-ыншы рет өткізілген бұл турнир бүгінде мемориал мәртебесіне ие болған. Қармақшыдан шыққан бес халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен 45 спорт шебері – осы турнирден қанаттанғандар. Тіпті үш дүркін әлем чемпиондары Асхат Шахаров пен Ерболат Байбатыровтың, әлем чемпиондары Қоныс Жетпісов пен Дәурен Жайнақовтың да Қармақшы боз кілемінде белдескендерін жергілікті жанкүйер жадынан шығара қойған жоқ.
Дәстүрлі турнирдің ашылу салтанатында Ризқұл Нұртаев пен Бағбан Тәйімбетовке Қармақшы ауданының құрметті азаматы атағы берілді. Биыл Көмекбаев турниріне еліміздің барлық аймағы және Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Грузия, Әзірбайжан елдері өздерінің білекті самбошыларын жіберіпті.
Ең жеңіл салмақта атыраулық Ербол Төлегенов бірінші орын алды. Қалған салмақтарда Аманхан Өскенбаев (57 келі, ОҚО), Қайрат Жалғасбаев (62 келі, Қармақшы), Олжас Батталов (68 келі, Ақтөбе), Қайрат Үсенов (74 келі, Қармақшы), Алмат Тайбағаров (82 келі, Қармақшы), Жасұлан Досымов (90 келі, Қармақшы), Сәкен Бөлеген (100 келі, ОҚО), Әділхан Сұлтанов (+100 келі, Тараз) сынды самбошылар жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ жылдағы дәстүр бойынша, келген қонақтарға төл күресімізді насихаттау мақсатында қазақ күресінен белдесулер ұйымдастырылды. Шетелден келгендер де боз кілемде қазақ күресі ережесімен белдесті. Бас жүлдеге тігілген 1 миллион ақшалай сыйлықты жергілікті балуан Жасұлан Досымов жеңіп алды.