Қазақ альпинистері «қыңыр» шыңды бағындырды
Қазақстан альпинистері Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцов биіктігі 8611 метр К2 шыңын бағындырды (Бұл шың «Чогори» деп те аталады). Бірнеше жылдан бері осы шыңның ұшар басына шыға алмай жүрген мұзбалақ жігіттеріміз 23 тамыз күні көптен бергі мақсаттарына жетті.
Мақсұт Жұмаев осындай алыс сапарға шықса, біздің «Толғау» серіктестігі онымен байланысын үзбей, хабарласып тұрады. Мысалы, tengrinews.kz порталы Жұмаев пен Пивцовтың әрбір қадамын қадағалап, жазып отырады. Біздің газетіміз де осы екі қайсар жігітіміздің алыс сапардағы жорықтарына жиі-жиі тоқталып отырады. Әдетте Мақсұт өздерінің не істеп, не қойғандарын жазып отыратын. Бірақ кейінгі күндері ол бұрынғысынша бәрін егжей-тегжей жазбай кетті. Тек әйелі Ольга Жұмаеваға СМС-хабарламалар жіберіп тұрды.
Төрт альпинистің К2 шыңының басына шыққаны жайлы қуанышты хабарды осы Ольгадан естідік. Содан соң неміс альпинисі Ральф Дюймовецтің хаттарынан білдік. Бұл адам төменде (негізгі қоста) К2 шыңының төбесіне өрлеген төрт альпинистің әрбір қадамын аңдып, дүрбімен қарап отырған. Содан соң хат жазып, бүкіл ғаламторды хабардар етумен болды. Оның жанында Томми Хенрич деген аргентиналық фотограф болған. Ал шың басына шыққандар – қазақтар Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцов, Австрияның батыр қызы Герлинде Кальтенбруннер және поляк Даррек Залуски.
Қазақ альпинистерінің бұл жетістіктері елімізге тез тарады. Ал Премьер-министр Кәрім Мәсімов Twitter-дегі микроблогы арқылы Мақсұт Сағынтайұлы мен Василий Талғатұлын ерен жетістіктерімен құттықтап, елге аман-есен оралуларына тілектес екендігін білдірді.
Чогориді бағындыру біздің жігіттерге оңай болған жоқ. Олар Алматыдан 16 маусымда кеткен. Содан бері – Қарақорымда. Бірақ биыл тактикаларын өзгертіп, Чогориге Пакистан жағынан емес, солтүстігінен, яғни Қытай жағынан шықты. Биыл жылдағы бағыттарын өзгертіп, өздерінің жоспарларына осындай бір өзгеріс енгізген. Спортшылар ырымшыл келеді ғой.
Бұл да соның бір айғағы шығар. Алайда биылғы сапарлары да оңайға түспеді. Екеуі қаншама қиындықтарды бастарынан кешірді. Нағыз тар жол, тайғақ кешуден өтті. Ақ түтек боранға да ұрынып, жоғарыдан құлдыраған қар көшкіні мен қар тасқынының да астында қалды. Өздері шыңға өрмелеп кеткенде қостарын (палаткаларын) төбеден құлдыраған тас басып қалды (егер өздері соның ішінде ұйықтап жатса не болар еді?). Керек-жарақтары мен жүктерін де жоғалтты. Тағысын тағы.... Бірақ олар төзе білді. Сол төзімділіктері мен табандылықтарының арқасында мақсаттарына жетті. Бірнеше жылдан бері таулары шағылып, ұшар басына шыға алмай жүрген шың басына көтерілді. Мысалы, Василий Талғатұлы К2 шыңының басына алты рет шыға алмай кеткен. 2003 жылы қаңтар-ақпан айларында Денис Урубкомен Чогориді бағындырмақ болған әрекеттері нәтижесіз болды. Содан кейін 2003 жылдың тамызында, сондай-ақ 2005 жылы (тамыз), 2007 жылы (тамыз-қыркүйек), 2009 жылы (шілде-тамыз), 2010 жылы (шілде-тамыз) сенімді серігі Мақсұт Сағынтайұлымен бес рет осы шыңға «шабуылдаумен» болды. Рас, басында Жұмаев екеуі ғана емес, Қазақстан альпинистері құрамында әрекет еткен. Ал соңғы жылдары екеуі ғана осы шыңды «торумен» болды. Сөйтіп, алтыншы және жетінші жолы ғана Жұмаев пен Пивцовтың армандары орындалды. Әрі елден ерекше оттегісіз шықты, осы шыңның басына. Бұл да – ерлік. Көп адам мұндай қатерге басын тікпейді.
Сонымен, Жұмаев пен Пивцов биіктіктері 8000 метрден асатын әлемдегі барлық шыңдарды бағындырған альпинистер қатарына қосылды. Яғни әлемдегі ең биік 14 шыңды бағындырды. Енді осындай қиын-қыстау кезеңде біздің екі қайсар жігітімізбен бірге болған альпинистерге де тоқтала кетсек. Ральф Дюймовецтің дүрбісімен негізгі қоста қалуының өзіндік себебі бар. Бұл альпинист биіктіктері 8000 метрден асатын, әлемдегі ең биік 14 шыңды бұған дейін бағындырған. Ал Герлинде Кальтенбруннер деген Австрияның жүрек жұтқан әйелі Василий Пивцов сияқты бұған дейін К2 шыңының басына алты рет шыға алмай, пұшайман болыпты. Сонда да сағы сынбаған. Шетелдік басылымдар жасы 40-тағы бұл альпинист келіншекті «өлімнен қорықпайды» деп жазуда. Ол «өлім де – өмірдің бір бөлігі, ол біреуге ерте, біреуге кеш келеді» дейтін көрінеді. Былтыр да Чогориді бағындыра алмай кетіпті. Әрі былтыр сұмдық, қайғылы оқиғаның куәсі болған. Өзінен бірнеше метр жерде арқанға ілініп тұрған Фредрик Эрикссон деген серігі, ең жақын досы жардан құлап, мерт болған. Біз былтыр осы швейцариялық альпинистің қазасы жайлы жазғанбыз. Фредриктің өлімі Герлиндеге қатты әсер етіпті. Ол көпке дейін шыңға шығу туралы ойламаған да екен. Бірақ биыл мамыр айының аяғына қарай соңғы биік шыңды бағындыру туралы шешімге келген. Шетелдік басылымдар «төменде Герлинденің әрбір қимылын дүрбімен қадағалап отырған Ральф Дюймовец – оның күйеуі» дейді. Поляк Даррек Залускиді де өте тәжірибелі, кәсіпқой альпинист деп естідік. Ол тіпті кино-видео оператор да сияқты.
Осы төрт альпинист қазір төмен түсуде. Шың етегіне түсу де оңай шаруа емес. Чогориде енді ауа райы жиі бұзылатын болады. Тек жолдары болсын дейік. Енді олардың аман-есен елге оралуларына тілектеспіз. Кеше Ольга Жұмаева Чогориді бағындырған альпинистердің 800 метрге жуық төмен түскендіктерін мәлімдеді. Жолдарың жеңіл, жүрістерің өнімді болсын. Қазақ елі қайсар ұлдарын тағатсыз күтуде!