Қазақ дзюдосының қайсар қыраны еді...
2011 жылғы қарашаның 19-ынан 20-сына ауған түні елімізге танымал спорт қайраткері Манарбек Бекенұлы Таутанов ауыр науқастан көз жұмды.
Манарбек Таутанов 1968 жылы бұрынғы Семей облысы Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген. Шыңғыстау бөктерінде туған тарланбоз ауылдағы Мағауия Оразбеков сынды түйе балуан әрі бапкерден тәлім алды. Қазақ күресіне ден қойып, ауылдық және облыстық, одан кейін республикалық турнирлерде жүлдеге ілініп, көзге түсе бастады. Талантты жастың бойында бір қабілеттің бар екендігін байқаған бапкері оны Алматыдағы спорт-интернатқа әкеліп, білікті бапкерлерге табыстайды. Тәжірибелі жаттықтырушылардан тәлім алған Манарбек самбомен айналысып, республикалық белдесулерде олжа салады. Кейіннен үлкен спорттан қол үзіп, бапкерлік қызметпен айналысады. Өзі білім алған Қажымұхан Мұңайтпасов атындағы спорт-интернатта алғашқы еңбек жолын бастайды. Өзінің ізін басқан інілері Берік Қанафин, Зекен Шаймерденов секілді танымал балуандарға үлгі болады. Артынан Манарбек Таутанов дзюдоға ауысады. 2000 жылы Манарбек Таутанов дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкері қызметіне тағайындалады. Ол кезде дзюдо біздің елде дәл қазіргідей беделі жоғары күрес түрі емес еді. Дегенмен де Манарбек Таутанов қасына Жексенбай Саламатов секілді зерек мамандарды алып, жас таланттардың көзін аша бастады. Бірден 2001 жылы қазақ дзюдосының тарихында тұңғыш рет Асхат Шахаров пен Асхат Жіткеев Әлем чемпионатында жүлдеге ілінеді. Көп ұзамай 2002 жылы Манарбек Таутановтың төл шәкірті Базарбек Донбай Бусанда өткен Азия ойындарында екінші орын алады. Дәл осы тұста ұлттық құрама сапына Саламат Отарбаев, Мұратбек Қыпшақбаев, Максим Раков секілді талантты жастар келе бастады. Құрама сапында бұрыннан өнер көрсетіп жүрген Руслан Сейілханов, Бағдат Садықов секілді дзюдошылардың танылуына жағдай жасайды. Аса ауыр салмақтағы шәкірті Елдос Ықсанғалиев Азия чемпионатының жүлдегері деңгейіне дейін көтеріледі. Олимпиада ойындарының жолдамасына иелік еткен Елдос Афины Олимпиадасында белдеседі. Сол кезден бастап Асхат Жіткеев пен Максим Раковтың болашағына сеніммен қарап, олардың ұлттық құрама сапынан кетіп қалмауы үшін Манарбек Таутанов үнемі оларға өзі тарапынан қолдау жасап отырады. Алайда Манарбек Таутановтың ұзақ жылдардан бері меңдеген сырқаты сыр беріп, бас бапкерлікті өзінің шәкірті Самат Жылқыбаевқа өткізіп береді. Одан кейін дәл қарашаның 19-ына дейін Алматы қалалық «Динамо» денешынықтыру мен спорт қоғамын басқарып келді. 2009 жылдан бері қарай ҚР Дзюдо федерациясының вице-президенті болатын. Қазақ жерінде жылда өтіп келген Санжар Жандосов атындағы халықаралық турнирдің белді ұйымдастырушысы еді.
Артында жары Гүлмира, қызы және ұлы Мадияр қалды. Мадияр бұл күндері Алматыдағы Кәркен Ахметов атындағы спорт колледжінің шәкірті, дзюдомен айналысады. Республика көлеміндегі жарыстарда жүлдеге ілініп жүр. Манарбек ағаның қол жеткізбеген асыл армандарын енді ұлы бағындырар...
Бақыл бол, аға! Жаныңыз жаннатта болсын!