Қазақ спортшылары туралы кино
Бүгін кешкі сағат 19:00-де Астанадағы «Сарыарқа» сауда орталығының кинозалында Қазақстан спортшылары туралы түсірілген деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі өтеді.
Бұл деректі фильм орыс тілінде түсірілген. «Обыкновенный феномен» деп аталады. Фильмнің негізгі мәтіні көпұлтты, көпконфессиялы (көпдінді) мемлекеттің, яғни Қазақстан Республикасының бірлігін паш етеді. Осы бір өзгешелігіміз бен ерекшелігіміз негізінде Тәуелсіз Қазақстанның Олимпиада ойындарында чемпион болған саңлақтарының өмірі түсірілген. Тарихымыздың осындай дүбірлі додалардағы жеңістерінен қалыптасатындығы деректі фильмге арқау болған. Фильм ауқымды аудиторияға арналған. Әсіресе жастардың бойына патриотизм мен отансүйгіштік сезімдерді сіңіруге бағытталған.
Деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі мен тырнақалды көрсетіліміне осы тарихи кейіпкерлердің бәрі де қатысады. Сол үшін Василий Жиров АҚШ-тан ұшып келетін болса, Валерий Резанцев Мәскеуден келеді. Ал Александр Парыгин Австралиядан ат арытып келмек.