Қазақ спортының "секс сұлуы" кім?
Кейінгі жылдары спорт саласында "ең әдемі спортшы қыз" немесе "спорттағы секс ару" деген номинациялар бойынша әр түрлі бәйгелер жүргізіліп, әр қилы тұжырымдары шығарыла бастады, деп жазады "Алаш айнасының" тілшісі.
Әлбетте, көптеген спорт басылымдары мұндай бәйгені өздеріне оқырман жинау үшін жүргізеді. Оны жоққа шығара алмаймыз. Заман талабы солай. Тазы болып шалу керек. Ал әдемі қыздар (әсіресе, жартылай жалаңаштандырып, иықтарын жарқыратып, бөкселерін бұлтитып қойса).., қашанда ел назарын бірден өзіне аударады.
Бәлкім, әу баста "ең әдемі қыз" (немесе "ең сұлу спортшы қыз") деген бәйге-байқаулардың кейіннен "секс ару" ("спорттағы секс ару" немесе "сексуалдьды спортшы қыз") деп өзгертіліп, түлеп шыға беруі де сол заман талабына сай болса керек.
Мұны төрткүл дүниеге тамырын терең жайған жаһандық үрдіс десек те болар. Осы замануи үрдістен Қазақстан да шет қалған емес. Біздегі қайсыбір спорттық басылымдар да әр түрлі және бірнеше рет осындай бәйге-сауалнамалар өткізді.
Онда көбінесе Сәбина Алтынбекова, Сана Жарылғасова, Әлия Баткүлдина (бәрі де – волейбол), Эльмира Айғалиева (жүзу спорты), Мәриям Ордабаева (дзюдо), Валерия Цой (сноуборд), Екатерина Айдова (конькимен жүгіру), Анна Алябьева (көркем гимнастика), Айнұр Керей (мәнерлеп жүзу), Зарина Тухтиева (шайбалы хоккей), Юлия Волошина (футбол), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Зарина Дияс (теннис), Галина Воскобоева (теннис), Майя Манеза (ауыр атлетика) сынды аруларымыз "сұлу қыздар" тізіміне көп ілікті. Мүмкін, басқа да қыздарымыз болған шығар, егер біз қайсыбір қыздарымызды ұмытып кетсек, оған ешкім де ренжімес деп ойлаймыз.
Бір қызығы, спортшы қыздарымыздың көбісі мұндай бәйге-сауалнамалардың қорытындысына риза емес сияқты. Жақында Инчхонда өткен ХVІІ жазғы Азия ойындары барысында қыздарымыздың көбісімен тілдесудің сәті түсті. Сонда олардың пікірлері "біздің елдегі мұндай бәйге-сауалнамаларда барлық спортшы қыздарымыз қамтылмаған" дегенге саятынын байқадық. Мысалы, Инчхонда алтынмен апталып, күміспен күптелген ескек есу спортының қас шебері Наталья Сергеева "сондай сауалнама, бәйгелерді жүргізетін кімдер, олар спортшылардың бәрін танитын немесе түгелін көзбе-көз көрген жуналистер ме" деп мән-мазмұны салмақты сұрақ қойды...
Біздіңше, бұл "Қазақстандағы ең әдемі спортшы қыз" номинациясына ілікпей жүрген қыздарымыз баршылық дегенді білдіретіндей. Өйткені біздің елде спорт жарыстары мен додалары теледидар арқылы көп көрсетілмейді. Тек соңғы жылдары ғана "Казспорт" арнасы үздіксіз жұмыс жасап, халық спортгшыларымызбен енді ғана жақынырақ "таныса" бастады.
Ал спортшы қыздарымыздың көбісіне мұндай бәйге-сауалнамалардың өткізілуі ұнайтындай. Тіпті фотосессияны жек көрмейтін қыздарымыз көп сияқты...
Бір қызығы, осы отандық сұлу қыздар тізіміне ілігіп жүрген аруларымыздың кейбіреулері бірін-бірі "танымайтындай". Аты-жөнін айтпай-ақ қояйық, жақында сымбатына көпшілік сұқтанған бір сұлу спортшы қызымыз "Сәбина Алтынбекованы білмейтіндігін, ол жайлы ештеңе естімегендігін" айтты. Бір жағынан "Шынымен де ештеңе естімеген бе" деп таңдансақ, екінші бір ойымыз "бұл таза әйел затына сай – тәкапарлық пен наздану" деп, сездірмей жымидық...
Жалпы, "ең әдемі спортшы қыз" немесе "спорттағы секс ару" деген сауалнамалар ұйымдастырған дұрыс па осы? Мүмкін, спорт сүйер қауым мен отандық спорт әлемі ең әдемі қыздармыздың кімдер екендігін білгені де дұрыс шығар. Тек ешкім де тасада қалып қоймай, нағыз қас сұлулар арасында жүргізілсе, мұның ешқандай да сөкеттігі жоқ шығар...