Қазақ велоспорты Олимп шыңындағы орнын сақтап қала ала ма?

Қазақ велоспорты Олимп шыңындағы орнын сақтап қала ала ма?

Александр Винокуровтың Лондон Олимпиадасындағы жеңісінен кейін жер жаһанда қазақ велоспортына, оның ішінде Қызылжардағы веломектепке қызығушылар саны артқаны анық. Дегенмен бұл жеңіс қазақ жанкүйерлеріне қуанышпен бірге өкінішін де ала келді. Өкініштісі сол, 38 жасында теңдессіз атанған Вино үлкен спортпен қоштасты. Әлемдік додаларда тек Александрға сенім артып үйренген біздің елде велоспорттан тұңғыш Олимпиада чемпионының ізін басар спортшы шыға ма деген ой бүгінде көптің көкейінде жүр. Тұңғыш медаль соңғы болып қалмауы үшін өңірлердегі велоспорт мектептерінің мүшкіл жағдайын жақсарту керек сияқты.

Қызылжар – қазақ велоспортының Отаны
Еліміздегі велоспорттан балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің арасында ең танымалы және ең атақтысы – Қызылжардағы спорт ұжымы. Тарихқа көз жүгіртсек, велоспорттан КСРО-ның спорт шебері атанған тұңғыш қазақстандық та осы Қызылжардан екен. Оның есімі – Григорий Портье. Тағы бір танымал велошабандоз КСРО чемпионы, Қазақстанның ішкі бірін­шілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы Николай Гребенщиков та бүгінде теріскейде тұрып жатыр. Ардагер спортшы «велоспорт ма­териалдық тұрғыдан алға басқанымен, бұрынғы спортшылар күш-қуат жағынан бүгінгілерден бір бас жоғары тұратын», – дейді.
Николай ГРЕБЕНЩИКОВ, велоспорттан Қазақстан және КСРО чемпионы:
– Мен велоспорттың екі түрінен және шаңғымен жүгіруден спорт шеберімін. Біздің кезде физикалық дайындыққа ерекше назар аударылатын. Жазда велосипед тепсек, қыста шаңғы тебетінбіз. Ал жалпы санап отырсам, 22 спорт түрімен шұғылданыппын. Ал қазір спортты сала-салаға бөліп жіберді. Мысалы, велосипедші велосипедінен басқамен айналыспайды. Мұның жақсы жағы да, жаман тұсы да бар. Жақсы жағы – өз салаңды жетік меңгересің, ал жаман тұсы спортшы жан-жақты дамымаған соң әлсіздеу болады.
Қызылжардың ғана емес, жалпы, Қазақстаннан шыққан ең атақты вело­шабандоз – ол Александр Винокуров. Алек­сандр Солтүстік Қазақстан облысының тарихында Олимп шыңына шыққан тұң­ғыш спортшы, дәл солай еліміз вело­спортындағы алтын медаль алған алғашқы саңлақ. Ол спорттағы алғашқы қадамын қаланың іргесіндегі Бескөл ауылында бастап, осында спортшы ретінде қалып­тасты. Әлемге «Вино» есімімен танылған Александрдың жеткен жетістіктері өте көп, соның ішінде Сиднейдегі күміс және Лондондағы алтын медальдарын айтсақ жеткілікті.
Велоспорттағы басты проблема – жол
Бүгінгі таңда Қызылжардағы вело­спорт­тан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мек­тебінде 260 бала тәрбиеленуде. Бәрінің дерлік Александр сияқты Олимп шыңына шыққысы келетіні белгілі. Бірақ балалар мен жасөспірімдер спортына деген бет­бұрыс түзелмесе, бұл арманның орын­далуы тым ұзаққа созылып кететін сияқты. Әрине, Қазақстанның атын әлемге паш етіп жүрген «Астана» велокомандасын ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ жастар «Астананың» құрамына алынып, әлемдік деңгейдегі спортшы атану үшін алдымен спорт мектептерінде тер төгу керек екені айтпаса да түсінікті.
Владимир Парахин басқаратын Қызыл­жар велоспорт мектебінің басты проб­ле­масы – қыс айларында дайындық жүргі­зетін спорт залының жоқтығы. 1998 жыл­дан бері жалпы ауданы 70 шаршы метрді құрайтын екі бөлмеде жаттығады. Жыл он екі айдың тең жартысы ақ қар, көк мұз басып жататын солтүстік өңір үшін үлкен зал керек-ақ. Мектеп директорының айтуынша, бұдан да басқа қажеттіліктер жетіп-артылады. Ең бірінші кезекте вело­сипед тапшылығы тұр. 260 балаға 150 ғана шайтан арба бар екен, оның 30-ы жарам­сыз жағдайда. Бұл – еліміздегі ең үздік спорт мектептерінің біріндегі жағдай. Ал басқа өңірлердегі ахуал сонда қандай десеңізші...
Велоспорт мамандарының айтуынша, бұрынғы кеңес елдерінде велоспорт күннен-күнге кенже қалып бара жатыр. Англия мен Америка, Испания, Италия әлдеқашан шаң қаптырып кеткен. Мұндай халге түсуіміздің басты себептерінің басын­да жол мәселесі тұр. Велосипедшілер бастарын қауіпке тігіп, автокөліктермен бір жолда жүруге мәжбүр. Оның үстіне біздің елдегі шұрық тесік жолдарда шайтанарба түгіл автокөлік әзер жүретінін ескерсек, жағдайдың қаншалықты қиын екенін бағамдай беруге болады. Ал дамыған елдерде велосипедке арналған арнайы жолдар қарастырылған.
Владимир ПАРАХИН, велоспорттан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
– Қазір теледидардан Вуэлта көпкүндігін көрсетіп жатыр. Қарап отырсаңыз, вело­сипедшілер авто­жолдың жанындағы қосымша жолмен жүйткіп келе жатқанын көресіз. Көптеген елдерде солай. Бүгінде Астана-Петро­павл автожолына күрделі жөндеу жүріп жатыр. Менің ойымша, бұрынғы ескі жолды бұзбай қалдыру керек сияқты. Автобаннға онсыз да тракторларды шы­ғармайды, міне, ескі жолда тракторлар мен велосипедшілер жүрер еді. Әсіресе балаларды жолға шығаруға қорқамыз, біреудің баласы абайсызда жол апатына ұшыраса не болмақ? Ал жарыс ұйым­дастыру тіптен қиын. Полиция­мен келісіп, жолдарды жапқызып тастаймыз, бұл үшін автокөлік иелерінің ренішіне де қалып жатамыз.
Виноның ізін кім басады?
Александр Винокуров үлкен спортпен қош айтысты. Енді жаһандық жарыстарда қазақ елінің туын абыроймен алып жүрер кім бар деген сауал көптің көкейінде. Олим­пиададан кейін журналистерге сұхбат бер­ген чемпион «әзірге орнымды басар спорт­шыны көрмей тұрмын» деген болатын. Бірақ бірнеше есімді атап өткен.
Александр ВИНОКУРОВ, Лондон Олимпиадасының чемпионы:
– Қазақстанда мықты велосипедшілер баршылық. Олардың ішінде Максим Иг­линс­­кийді ерекше атап өтуге болады. «Ас­тананы» өрге сүйреп жүрген Асан Базаевтың болашағынан үміт күтуге болады. Шым­кенттік Александр Дьяченко да осал жігіт емес. Бұлардан басқа да жастар өте көп. Меніңше, оларға әзірге көшбасшылық қа­сиет жетіспейтін сияқты. «Мен жеңуім ке­рек» деп өз алдарына мақ­сат қойып, ба­тылырақ болғаны жөн. Бұның бәрі уақыттың еншісіндегі мәселе дер едім. Бірігіп жұмыс істейміз, мықты спортшылар шығарамыз деген ойдамын.

Винокуровтың ізін басқысы келетін жастар Қызылжарда да жеткілікті. Жалпы, облыстық велоспорт мектебі жұмысын бастаған 1998 жылдан бері 20 Қазақ­стан­ның спорт шебері, бес халықаралық дәре­жедегі спорт шебері шыққан екен. Қазіргі таңда еліміздің әртүрлі жастағы ұлттық құрамаларының сапында 22 қызыл­жарлық тер төгіп жүр. Тағы екі спортшы Сергей Ре­нев пен Евгений Непомниящий «Астана­ның» намысын қорғауда. Дәл осы «Астана­ның» жастар құрамасына Қызыл­жардан алты бірдей бозбала алыныпты. Демек, шайтанарбаны серік еткен жастар бар­шылық. Тек олардан жүлде күту үшін алды­мен жаттығуға жағдай жасау қажеттігін ұмытпағанымыз абзал. Әйтпесе бүгінгідей екі бала бір велосипедке мінгесіп, өмірлерін қауіпке тігіп, автокөлік кептелісінде тұрған жастардың ертең Олимп шыңына шыға қоюы екіталай.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста