Қазақстан футболының тарихы жеті-ақ жыл ма?
Бүгін дүниежүзі әлемнің нөмірі бірінші спорты – футболдың туған күнін тойлауда. Егер бірінші ресми қауымдастықтың құрылғанынан бастап санасақ, футбол бүгінде 147 жасқа толыпты. Осы 147 жылдың ішінде футбол қаншалықты өзгерді, нөмірі бірінші спорттағы Қазақстанның алған еншісі қандай? Міне, бүгінгі тақырыбымызда осы мәселелерді талқыламақпыз.
Футболдың нақты жасы нешеде?
Футболдың нақты жасының нешеде екеніне жауап беру қиын. Спорттың бұл түрінің адамзат тарихында пайда болғанына 147 жыл болды деп кесіп айтар болсақ, қатты қателескеніміз. Өйткені аяқ доп өнерінің қашан пайда болып, қай халықтың ойлап тапқанына зерттеушілердің өздері әбден бас қатырып болған. Бірақ нақты жауабы сол күйі табылмады. Оған себеп те жоқ емес. Себебі футболдың отаны – Англия деп айтқанымызбен, әр ел оны өзіне тартуда. Мәселен, археологтер Египет жерінен біздің заманымызға дейінгі 1900 жылдарға тиесілі футболдың элементтері бейнеленген жалпақ тастарды тапқан екен. Сондай-ақ Грекия жерінен де футболға қатысты археологиялық заттар табылған. Нақтырақ айтсақ, Афины мұражайында доп теуіп тұрған адамның бейнесі бейнеленген қыш құмыра сақталып тұр. Зерттеушілер бұл құмыраны біздің заманымызға дейінгі 4000 жылдыққа жатқызады. Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп-артылады. Мәселен, Қытай, Үндістан, Мексика, Италия жерлерінен де археологтер біздің заманымызға дейінгі пәленбай мың жылдықтарға қатысты заттарды тапқан. Сондықтан «футболдың жасы 147-де және оны ағылшындықтар ойлап тапқан» деп кесіп айтуға болмайды. Ал «147 жас деген қайдан шықты?» деген сұраққа келер болсақ, бұл тұңғыш ресми футбол қауымдастығының пайда болуына байланысты. Яғни 1963 жылы Англияда тұңғыш футбол қауымдастығы құрылып, алғашқы ережелері қабылданып, футболды ағылшындар иеленіп алған болатын. Тағы бір айта кетер нәрсе – көптеген деректерде «Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 10 желтоқсан дүниежүзілік футбол күні болып бекітілді» деп келтірілген. Дегенмен БҰҰ-ның ресми мерекелерінің ішінен футбол күнін жүз іздесек те, таппадық.
Футбол қаншалықты өзгерген?
Футбол ойынын ежелгі халықтар әртүрлі ойнаған. Мәселен, ежелгі Қытай жерінде футбол «цу чю» (допты итеру) деп аталып, екі топқа теңдей бөлінген ойыншылар ортада тұрған допты бір-бірінен өткізуі керек болған. Эскимостарда да сол сияқты, бірақ мұз үстінде ойналған ойында командалар допты бір-біріне беріп қоймауға тырысқан. Ежелгі халықтардың көбісінің футболы бір-бірінікіне ұқсастау болған. Ал Англияны мекен еткен саксондар соғыстан кейін жауларының бастарын доп ретінде теуіп ойнаған. ХVI ғасырда Англия көшелерінде тұрғындар футболдың қазіргі ережесіне ұқсас ойынды ойнаған. Алайда ол кезде ешқандай ереже болмағандықтан, көп жағдайда ойын ауыр жарақатпен аяқталып, аяғы тіпті өлімге ұласып отырған. Футболдың алғашқы ережелері жоғарыда айтып өткендей, тек 1863 жылы ғана пайда болған.
Қазақстан футболының туған күні қашан?
Ережелері қабылданған футбол Англиядан басқа елдерге де жылдам қарқынмен кеңінен тарала бастады. 1873 жылдан бастап халықаралық ойындар ойнала бастады. 1884 жылы Британия, Шотландия, Уэльс және Ирландия құрамаларының арасында алғашқы ресми халықаралық турнир өтіп, ХІХ ғасырдың соңына қарай Еуропаны жаулап алған футбол Латын Америкасына да ауыз салды. Ал 1904 жылы Бельгия, Дания, Голландия және Швейцария елдерінің бастамасымен дүниежүзілік футбол федерациясы (ҒІҒА) дүниеге келді. Бүгінде ҒІҒА-ға әлемнің 208 елі мүше. Соның ішінде Қазақстан да бар. Жалпы, отандық футбол зерттеушілерінің айтуынша, футбол қазақ жерінде 1913 жылдан бастап пайда болыпты. Этнографтардың жазуынша, нөмірі бірінші спортты Қазақстанға Англиядан келген көпестер жеткізген көрінеді. 1913-14 жылдары Семейде ССК, «Ярыш», «Олимп», «Ласточка» деген тұңғыш футбол клубтары пайда болған. Тіпті солардың бірі «Ярышта» қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов те өнер көрсеткен екен. Сондай-ақ бұл «Ярыш» халықаралық кездесу өткізген қазақтың тұңғыш клубы болып саналады. Рас, «Ярыштың» халықаралық ойындары ресми кездесулерге жатпаған. Десек те, бұл клуб еліміздің басқа қалаларында да футбол ұжымдарының ашылуына түрткі болған. Атап айтар болсақ, Семейден кейін Кереку, Тараз қалаларында да футбол командалары пайда бола бастаған. Бірақ бір қызығы, нақтырақ айтқанда, өкініштісі, Қазақстан футбол федерациясы, сондай-ақ жанкүйер қауым да Қазақстан футболының тарихын жеті жылмен шектеп, туған күнін 25 сәуір күні тойлап жүр. Сонда 1913 жылдан бастап бізде футбол болмаған ба? Әлде УЕФА-ға кіргеніміз Қазақстан футболының жалғыз жетістігі ме екен? Негізінде, Қазақстан футболының тарихын 2002 жылдан бері емес, 1913 жылдан бері алу керек. Сонымен қатар ел футболының туған күнін 25 сәуір деп белгілегеніміз дұрыс емес. Абзалы, «Ярыш» футбол клубының қашан құрылғанын анықтап, сол күнді ел футболының туған күні деп белгілеу керек секілді. Әлбетте, оны анықтап зерттеу оңайға соқпасы белгілі. Бірақ XVIII ғасырдағы Абылай ханның атының тісін түгендеп жүрген тарихшы-этнографтарымыз үшін өткен ғасырда пайда болған футбол клубының құрылған күнін анықтау қиынға соқпас деген ойдамыз. Мұны Қазақстан футбол федерациясы қолға алса, дұрыс болар еді.
Сонымен, футбол әлемін туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Ал қазақстандық жанкүйерді ел футболының туған күнімен қашан құттықтайды екенбіз?
Футбол ережесінің хроникасы:
• 1863 жылы футболдың алғашқы ережелері қабылданды. 13 бөлімнен тұрған ереженің үш бөлімі допты қолмен ұстауға болмайтындығына арналды.
• 1871 жылдан бастап, қақпада қақпашы тұра бастады. Оған дейін соңғы шепте қалған кез келген футболшы қақпашы болып кете беретін. Сол жылы алаң көлемі 180х90 болып бекітілді. Сондай-ақ бұрыштама добы енгізілді.
• 1874 жылдан бастап футболшылар қорғаныс «шитоктарын» кие бастады. Сонымен қатар айып доптары белгіленетін болды.
• Алғашқы төрешілер 1873 жылы пайда бола бастады.
• 1878 жылдан бастап төрешілер ысқырықты пайдаланатын болды. Бұған дейін олар ауызбен ысқыратын немесе қоңыраудың көмегіне жүгінетін.
• 1887 жылы ойынға «офсайд» түсінігі енгізілді.
• 1890 жылдан бастап қақпаға тор орнатылды.
• 1891 жылы қапталдағы төрешілер пайда болды.
• 1905 жылға дейін қақпашылар 11 метрлік айып добы кезінде футболшының алдынан жүгіріп шығуға құқы болған. 1905 жылы бұған өзгеріс еніп, қақпашы пенальти кезінде орындаушының аяғы допқа тимей тұрып қозғалмау керек болды.
• 1924 жылдан бастап бұрыштамадан гол соғуға рұқсат берілді.
• 2003 жылы футболшыларға ойын кезінде немесе гол соғылғанда жейдесін шешуге тыйым салынды.