Қызығы мен шыжығы мол спорт журналистикасы
Біздің елде спорт журналистикасы қазақ және орыстілді болып бөлінеді. Мемлекеттік тілде қалам тартып жүрген спорт журналистерінің жағдайы кейінгі кезде ғана жақсарып келеді.
Біздің елде сонау заманнан бері (кеңес өкіметі дәуірінен бері) қазақ тілінде шығатын бір-ақ спорттық газет болды. Оның өзі кейде орысша нұсқасымен бірге басылып шығып, кейде өз алдына бөлек шығып, талай қиындықты басынан өткізді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары жағдайы болмай, бірде шығып, бірде шықпай қалып, «тар жол тайғақ кешудің» де керін кешті. Содан кейін қай газеттің редакторы спортты жақсы көрсе, сол басылымда спортты насихаттау аса жоғары деңгейде жүргізілді. Бұл орайда, марқұм Сейдахмет Бердіқұл ағамыздың «Лениншіл жас» газетін басқарып тұрған жылдарын еске алсақ та, жарар.
Үлгі тұтар ағаларымыз да баршылық. Қазақ спорт журналистикасының атасы ретінде сол Сейдахмет Бердіқұл ағамызды атап өтсек, еш қателеспеспіз. Спорт журналисі болғысы келген жастарға айтарымыз: «Сейд-ағаңды көп оқыңдар, айналайындар». Сейд-ағаңның шәкірті Несіп Жүнісбайұлы да – қазақтың спорт журналистикасы саласында өзіндік қолтаңбасы бар, ерекше жан. Республикалық «Спорт» газетінде табаны күректей 49 жыл еңбек еткен Сайын Тұрсынов ағамызды да ілтипатпен атап өту ләзім. Қыдырбек Рысбек ағамыз да тыңнан түлен тартқан талантты тілші болды. Одан кейін Бақтияр Тайжан ағамыз намысты жанитын мақалаларымен жанкүйер көңілін жаулай бастады. Өкінішке қарай, Сайын аға – зейнетте, ал Нес-ағамыз, Қыдыр-ағамыз, Бақтияр ағамыз, негізінен, спорт қайраткерлері болып, әртүрлі қызметтерге ауысып кетті. Алдыңғы буын ағаларымыздың жеңіл оқылатын, өзіңді бірден баурап әкететін мақалаларын сағынып жүргенімізді де жоққа шығармаймыз.
Қазақтілді спорт журналистерінің әу баста жағдайлары қиын болды. Жалақы аз, баспана жоқ. Әр спорт түріндегі федерация басшыларының көбісі қазақтілді басылымдарды оқымайтындай. Жазғандарының барлығы дерлік ескерусіз қалады. Тек тұрақты оқырмандар үшін аянбай еңбек етіп, ел спортын насихаттауда адал қызмет етілді. Мысалы, мен 2000 жылдың алғашқы күндері республикалық «Спорт» газетінің шақыртуымен Алматыға келіп, жұмысқа тұрдым. Айына 11 мың теңге жалақы аламын. Оның бес мыңына пәтер емес, бөлме жалдап тұруға тура келді. Қалған алты мыңын қалай там-тұмдасаң да жетпейді. Осылай бірер жыл еңбек еттік. Сол кездегі әріптестерімнің де жағдайлары осыған ұқсас болды. Жалақы жетпесе де, тек Қазақстан спортын насихаттаумен болдық. Жаяу-жалпы шапқылап жүріп, Алматыдағы барлық спорттық жарыстар мен додаларға баруға тырыстық. Барып, өз көзіңмен көрмеген додалар туралы мақала жазуға басшылар рұқсат бермейді. Қазіргідей ұялы телефон мен интернеттің дәуірлеген заманы емес болатын. Осы орайда, осыдан алты жыл бұрын, 37 жасында көз жұмған әріптесім Дидар Төлеуішті қиыншылыққа қарамай, адал еңбек еткен журналистердің бірі ретінде атап өткім келеді. Тілі майда, қаламы ұшқыр, мақалаларды тартымды етіп жаза білетін, 2003 жылы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты атанған, ақкөңіл жігіт еді...
«Көш жүре түзелер» дегендей, қазіргі жағдай – бұрынғымыздан тәуір. Жалақы да өскен, журналистерге де жағдай жасала бастады. Баратын жеріңе редакция автокөлікпен жеткізеді. Шүкір, тек ел спортындағы мемлекеттік тіл мәселесін, ұлт мүддесін көтерсең, орыс тілді әріптестеріңнің «ұлтшылсың» деп, жапа-тармағай бас салатындары болмаса...