Сабыр Рахымовтың қазақ екенін дәлелдеп, елге оралтуды азаматтық парызым деп санадым

Сабыр Рахымовтың қазақ екенін дәлелдеп, елге оралтуды азаматтық парызым деп санадым

– Байқаймын, Әкім аға, соңғы кездері шығармашылық тұтқынында жүрген сияқтысыз? Қазір немен айналысып жүрсіз?

– «Әдемілік – адам, адамдағы әдемілік – өмір» деген сөз бар. Ілияс Омаров ағамыз «Сұлулық – адам баласының жан дүниесіндегі ұдайы қайталанып отыратын жақсы қасиет» деп атаған екен. Меніңше, ертеңін ойлаған әрбір жан шығармашылық болмыста, толғаныста болатыны анық. Ал қолына қалам ұстаған жан әрбір сәтте мазасыз күй кешетіні жасырын емес. Жаныңа, жадыңа жақсылықты, ізгілікті жинай бергің келеді. Зымырап бара жатқан уақыт тоқтамайды. Өткеніңе үңіліп, бір қорытынды жасайтын кезің жеткен секілді. «Жеткенің қайсы, жете алмағаның қайсы?» Өзіңе өзіңнің қояр сұрағың осындай.

Бүгінгі күнге дейін жазғандарымды, көңілге түйгендерімді жинақтаудамын. Кітап етіп шығарсам деп жүрмін. Газетке басылған дүниеңді жылдар өткен соң, ешкім іздеп жүрмейді. Ал кітаптың аты – кітап. Өзіндік ізің, қолтаңбаң болуы тиіс. Екі кітабым жастар арасында кеңінен тарап кетті. Біреуі «Жүректегі жазулар» болса, екіншісі «Адам іздеп жүрмін» деп аталады.

– Иә, осы екі күнделік-эсселеріңіз кезінде оқырман қауымның жоғары бағасына ие болғанын білеміз. Тіпті бұл кітаптардың үзінділері түрікмен, қырғыз, моңғол оқырмандарының да назарын аударғанынан хабардармыз. Сұранысқа ие осы кітаптарыңызды қайта шығару ойыңызда жоқ па? Жалпы, өнерді қалай түсінесіз?

– Жоспарланған дүниенің ішінде ол да бар. Адам болған соң, арманың таусылмайды. Мұрат-мақсат бітпейді. Сондай-ақ «лирикалық және сықақ өлеңдерімді жинап, жеке топтама етіп шығарсам» деген ой тағы бар. Біреулер өнер жолы өте ауыр, машақаты көп деп «көсіліп» жатады. Мен онымен мүлде келіспеймін. Өнер деген – ішкі жұмбақ сезімнің, асыл армандардың, толғаныстың шындыққа, ақиқатқа айналуы емес пе? Ендеше, ол қалай машақат болмақ? Ол бір ерекше жаныңа қымбат, ыстық дүние ғой.

Жалпы айтқанда, шығармашылық жұмысымның өзіне, міне, табаны күректей отыз жыл толып отыр. Шығармашылық – жыл өткен сайын адамды байытып, рухани дем беріп, өмірге деген құштарлығыңды арттырады.

– Атам қазақ «елу – ердің жасы» деп жатады. Сіз осы жасқа дейін өз халқыңызға жазушы, ақын, журналист-публицист, сазгер, заңгер, тіптен саяси қайраткер секілді әртүрлі қырыңыздан танылып үлгердіңіз. Сіз үшін осылардың қайсысы маңызды?

– Мен, ең бастысы, өзімді өмірге ғашық қарапайым адаммын деп қабылдаймын. Себебі адам – құпиясы көп, сыры мол ғажайып жаратылыс. Ол өзін-өзі жетілдіріп, дем беріп, биіктерге ұмтылатын мұғжизаға ие. Ал өзіне немқұрайды қараса, бұл қасиетін жоғалта бастайды. Онда құр пенделіктің тасасына түсіп қалады.

Кез келген жан өзін бөлек жаратылыс санап, өзіне-өзі сеніммен қарағанда ғана адамдық кейіпке ие болады. Сенім, намыс пайда болады. Менің «Адам іздеп жүрмін» деген кітабым да осындай ойлардан туған болса керек. Онда былай деп жазғаным бар еді: «Адам өзінің қашанда адам екендігін және қанағат пен ынсапты, төзім мен сенімді естен шығармағаны жөн». Өмірдегі ең ауыр күрес – өзіңді жеңу. Өз бойыңдағы жағымсыз әрекеттен, жалқаулықтан арылу, өзімшілдікке берілмеу... келеңсіз әдеттерден құтылу – ең қиын шаруа. Мұндайда жапондар «өзіңді өзің шымшып көр, өзгенің жайын сонда білерсің» дейді екен. Шындығында, өзгемен күресуден гөрі өзіңмен күресу қиын.

Адамдық жолы алғаш басқан қадамыңнан басталмайды, ішкі жан дүниеңдегі әлемнен бастау алады. Тек ондайда өзімді толғандырып жүрген ішкі сезімдерімді ептеп әуенмен, сырмен сыртқа шығаратын кездерім бар. Осындай дүниелерімнің бірі – «Көңіл қымбат» әні. Соңғы кездері жиі орындалып жүр. Сондай сыр ақтарудан туған «Соңғы вальс» деген әнім өткен жылдың үздік әні болып табылды. Сен айтып отырған шығармашылық қырларым сол ішкі әлемімнің көріністері болса керек.

– Алғашқы қадам демекші, сіз өмір жолыңызды өз ауылыңызда мұғалімдіктен бастаған адамсыз ғой. Өнер жолына, саяси күрес жолына қалай тап болып жүрсіз?

 – Менің атам да, әкем де – екеуі де ұстаз болған адамдар. Мен де солардың жолын қудым. Мектепте физикадан сабақ бердім. Дегенмен комсомол ісінде белсенді болып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрдім. Қашанда ойымды ашық айтатынмын. Содан ба, қарапайым жас мұғалімді Қазақстан комсомолы  Орталық Комитетінің бюро мүшесі етіп сайлады. Өлеңдерім де, түрлі тақырыпта жазған дүниелерім де еліміздегі басты басылымдарда жиі жарияланатын. Аудандық партия комитеті идеология бөлімінің нұсқаушысы етіп бекітті. Бұл жерде үш айдай жұмыс істеген соң, мені республикалық газетке жұмысқа шақырды. Қарсы болдым. Ол кезде партия, комсомол сенен сұрамайтын  «барасың ба» деп. Бюро бекітеді, болды. Газеттің бас редакторы қазіргі Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан болатын, өз қолымен құжат жазып беріп тұрып: «Мә, үш облысыңа ие бол», – деді. Осылайша, мен «Лениншіл жас» газетінің Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстары бойынша меншікті тілшісі болып шыға келдім. Бұрын журналист болып көрмегенмін, тым болмаса аудандық газеттерде де жұмыс істемеген, мамандығы физик жанға қиын болғаны рас. Кез келген журналистің арманы болған абыройлы да айбарлы, қасиетті қарашаңырақ – «Лениншіл жас» газетінде еңбек еткенімді мақтан тұтамын, бақытым деп білемін. Мен үшін ол нағыз өмір мектебіне айналды.

Бұдан кейін мен Халық депутаттарының облыстық кеңесінің баспасөз хатшысы, содан соң төрт жылдай өзім туып-өскен Ордабасы ауданында білім бөлімінің меңгерушісі болдым. Осы жылдары мен ұлт жолында біраз дүние жасадым. Коммунизм, Социализм, Ленин, Горький, Чкалов, Ломоносов деген кілең орысша атаудан тұратын мектептердің бәрін қазақшаға ауыстырдым. Батырларымыз бен өз тұлғаларымыздың есімдерін үлгі еттім. Аудан мектептерінің жұмысын түбегейлі өзгерттім. Сол кезде Ахмет Байтұрсыновтың жолымен «класс» сөзін бірінші рет «сынып» деп пайдаландық. Мәселен, бірінші сыныпты – Төле, екінші сыныпты – Қаз дауысты Қазыбек, үшіншісін Әйтеке би секілді дарқан қазақтың кемел ұлдары мен батырларының атымен атап, олардың өсиет-өнеге сөздерін жаттатқыздым. Сондай-ақ қасиетті жұманы имандылық күні деп белгілеп, бұрынғы «Пионер» бөлмесі дегендерді ұлттық нақыштағы «Атамекен» бөлмесі деп қайта жабдықтадық.

Бұдан басқа маңызды тағы бір шараға қол жеткіздік. Жұма күні қандай мектеп болсын тек қазақ тілінде сөйлейтін болдық. Оқушыларымыз ант қабылдады. Онда өзге ұлт өкілдері де: «Мен өз Отанымды сүйіп, қастерлеймін. Егемен елімді, қасиетті туған жерімді, қазақ тілін қорғаймын», – деп ант беретін.

Сондай-ақ Облыстық білім департаменті бастығы Сайлаукүл Барахова апайдың қолдауымен өз жұмысыма қосымша облысаралық «Темірлан» атты ұлттық-педагогикалық газет ашып, жалақысыз бас редактор болдым. Бұл газетіміз көрші облыстар мен Өзбекстандағы қазақ мектептеріне таратылып тұрды.

– Айтпақшы, сіз сол жылдары өзбек халқына телініп келген қазақтың тұңғыш генералы Сабыр Рахымовтың қазақ екенін Алаш жұртшылығына паш еткеніңізді білеміз. Сол оқиға туралы қысқаша айта кетіңізші?

– Бұл «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүрген кезімде болған еді. Кішкентай кезімізде ташкенттік телеарналарды көреміз. Үнемі айтып жататын: «Өзбек халқынан шыққан генерал Сабыр Рахымов» деп. Сонда аталарымыз айтатын: «Ол – өзбек емес, қазақ қой» деп. Журналистік зерттеу жұмысын жүргіздім. Осы мәселе ойымнан шықпай жүретін. Бірде жолым түсіп, Ташкентке бардым. Барсам, онда Сабыр Рахымов атындағы аудан, үлкен көше, мектеп, тіптен метро стансысының өзі осы генерал атында екен. Кейіннен анықтағанымдай, бұл кісі – қазақ, Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар деген жердің тумасы екен. Өзбекстанда нағашысының қолында өсіпті. Журналистік зерттеу материалдарымды «Генерал Сабыр Рахымов» деп «Лениншіл жастың» бірнеше нөміріне бердім. Еліміздің түкпір-түкпірінен хаттар ағылды. Қолдаған хаттар газет бетінде жарияланып жатты.

Осылайша, қазақтан шыққан тұңғыш генерал есімінің ардақталуына атсалыстым. Соның арқасында Қазығұрттағы Энгельс атындағы мектеп, осындағы шаруашылық, бірнеше мектептегі сыныптар Сабыр ағамыздың есімін иеленді. Шымкент қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернат та оның ұлтжанды бастығы, полковник Лұқпан Башеновтің арқасында генерал атына қол жеткізді және онда мүсін-ескерткіші орнатылды. Қазақтың өзіне бұйырмай өзгеге телініп кеткен абзал азаматының қазақ екенін дәлелдеп, Алаш жұртына оралуына атсалысуымды азаматтық парызым деп білдім.

– Алайда алып бір жүйенің қыспағында отырып, «үй ішінен отау тікеніңіз» кейіннен өз басыңызға соққы болып тимеді ме?

– Әрине, тиді. Талай соққы болды. Әсіресе Сабыр Рахымовты қазақ деп жариялағанда, біраз дүрбелең болды. Кейбіреулерге бұл ұнамағаны рас. Өзбекстаннан да телефон соғылды. Кейбір шенеуніктер де «ақыл» айтты. Мен айтқанымнан қайтпадым. Өйткені тарихи деректер, дәлелдер жеткілікті болатын. Мойымадым. «Бұл жерде екі ел арасына от салып жатқан жоқпын. Өзбек халқына, Сабыр Рахымовтың нағашыларына мың алғыс! Ұланымызды осындай дәрежеде ардақтап ұстадыңыздар», – деп өз ойымды жеткіздім. Жалындаған жастық қой, ештеңеден жасқанбадым. Оның барлығын айтудың қажеті жоқ шығар. Ең бастысы, мен өзіме тағдырым жүктеген міндетімді орындадым деп білемін.

Мұндай жағдайлар кейін ел билігіне араласып Парламент Мәжілісіне депутат болып келгенде де болып тұрды. «Көші-қон туралы» заңды дайындап жүргенде, бір шенеунік «сен – ұлтшылсың, заңың ешкімге керегі жоқ, тек қазақтардың мүддесін қорғайтын заң» деп тиіскені бар. Себебі мен оның дайындаған заң жобасына қарсы болдым. Ол заңда өз ұлтымыздың мәселесіне тиісті көңіл бөлінбеген еді. Содан да оған баламалы заң жобасын ұсындым. Кейбір өзге ұлт өкілдерінен көші-қон саласын бизнеске айналдырғандары да кезікті.

– Сол өзбек елінде аңызға айналған Рахымовтай тұлғамызды қазақ деп аттандағанымызбен, өз деңгейінде ардақтай алдық па?

– Өзбекстанның саясаты сұмдық болған ғой. Ол кісі өмірінің соңына дейін қазақ болуды армандап өтті. Алайда сол кездегі саясат оған мүмкіндік бермеген. Тіптен әйелін де өзбек деп жаздырып жіберген. Өзбекше фамилия берген. Біз Сабыр Рахымовты әлі де өз деңгейінде көтере алдық деп айта алмаймын. Тек кеш болса да  қазақ екенін мойындадық. Ал республика көлемінде есімі лайықты дәрежеде ардақталып келе жатқан жоқ. Болмаса Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Алматыда, Астанада көшелерге есімі беріліп, ескерткішін тұрғызуға әбден лайықты тұлға емес пе? Мектеп оқулығына да кіргізуге болады ғой. Болатын нәрсе көп. Бірақ жасамаймыз. Мәселе өзімізге келгенде жасағымыз келмей қалатын кейбір әдетті түсінбеймін.

– Жаңа бір сөзіңізде «Көші-қон туралы» заңды айтып қалдыңыз. Еліміз өз Тәуелсіздігін алып, жеке ел болғалы тұңғыш рет мемлекеттік тілде дайындалған сол жалғыз заңның тағдыры қыл үстінде тұрған жоқ па қазір? Бұл туралы не айтасыз?

– Маған да ең бататыны осы мәселе болып тұр. Тура менің жүрегімдегі жараны қозғадың. Өзің білесің, бұл – қазақ парламентаризмі тарихындағы жалғыз қазақ тілінде жазылған заң. Қазақтың маңдайалды азаматтары атсалысқан, бүкіл халықтық талқылау арқылы қабылданған бұл құжаттың тағы бір тарихи маңызы бар. Алматыдан Ақмолаға көшіп келгеннен кейін алғашқы күндерде Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы Астанада алғаш рет қол қойған заң ғой – бұл. Сондықтан бұл заңның Астана үшін де, жалпы, қазақ халқы үшін де маңызы зор. Енді, міне, қазақ тілінде жазылған, он үш жылдан бері қолданыста келе жатқан сол жалғыз заң да тақиямызға тар келіп, оны жоюға «құштар» болып жатырмыз. Неге? Мен үшін түсініксіз. Кейде біздің өзіміздегі бар нәрсені құртуға келгенде белсенділігіміз артып кетеді ғой.

Әр азаматтың бойынан ұлттық мәртебеге деген ден қоюшылық болмаса, оның өзгелерден айырмашылығы шамалы болады. Әрбір тұлға өзінің ұлтының туын көтеруі керек. Бұл заң – жалғыз Әкім Ысқаққа ғана емес, иісі қазаққа жақын құжат. Біріншіден, заңдық тұрғыдан бірінші рет сырттағы қазақ бауырларымызды елең еткізіп, «Отаның бар сенің» деп айтып, шақыруға атсалысқан заң болатын. Осы заңның арқасында бір миллионнан астам адам Отанына оралды. Қазір осы қолданыстағы заңды негізгі бөлігі ретінде алып, тек орыс тілінде қайтадан заң жобасын дайындап, Парламентке ұсынуда. Бұл қазақ тілін жығып беру үшін бе? Сонда не үшін керек?

– Сізді не мазалайды?

– Мені қазіргі заманның беталысы, ұлттық рухтың келешегі, жастардың «өзгеше» қадамы мазалайды.

– Бүгінде «жастар бұзылып барады» деп кінәлауға дайын тұрамыз. Дұрысы, осы жастарды өзіміз бұзып алған жоқпыз ба?

– Жастардың өз заманында аға ұрпаққа қарағанда басқаша ойлайтыны – қалыптасқан үрдіс. Оны ешкім бұза алмайды. Қазіргі заман – ақпараттың уақыты. Адамның ақыл-парасатты болуы көбінесе өзіне байланысты, ал тура жол мен шынайы өмірді таңдауы аға буынға байланысты. Аға буын ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыра білсе, ұлтын құрметтей білсе, кейінгі ұрпақ кері кете алмайды.

Сонымен қатар үлкендердің ойланбай айтқан сөзі, ойланбай істеген ісі жастарға әсер етпей қоймайды. Содан барып жастар санасында «анау былай жүр ғой», «былай істеп жүр ғой» деген еліктеме үрдіс қылтия бастайды. Жастар «сен былай ет», «былай жаса» дегеннен үлгі алмайды. Оны іспен көрсету қажет. Сонда ғана тәлім-тәрбие алады.

Сондықтан әрбір аға буын ұрпақ мәселесіне келгенде, аса сақ болғаны жөн. Бала деген ақ парақ секілді. Параққа нені түсіресің, ол өмір бойы сонымен кетеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Түйіндеме 
Бізге, ең бастысы, қазақша сөйлейтін телеарналар керек. Ұлттық нақыш пен қазақы исі бар мультфильмдер қажет. Біз кезінде «Ну, погодиді» қарап өстік. Одан басқаны білмедік, өзгені танымадық. Ал мұнда ұлттық рух жоқ. Керісінше, кеудесін қайсар рух кернеген көк түркінің арғы тегі саналатын көк бөріні ақымақ, әумесер етіп қойдық. Ал осыдан не ұттық? Түп-тегімізден жерідік. Аға ұрпақ тегімізді келеке қылып өссек, қазіргі жас ұрпақ одан зорғыны көріп жетіліп келеді...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста