Серке тартқан серілер қолдау күтеді
Көкпар ойынының бертінгі жылдары ғана қайта түлегенін ел-жұрт жақсы біледі. Қазір көкпар ойыны теледидар арқылы да насихатталуда. Өкінішке қарай, ұлттық ойынның осы түріне құзырлы орындар тарапынан жеткілікті мән беріліп жүрген жоқ.
Мәселен, қазіргі уақытта Екібастұз өңірінде көкпар үш өңірде ғана тартылады. Атап айтқанда, Ақкөл, Екібастұз және Өлеңті ауылдық округтерінде көкпаршылар командалары құрылған. Әрине, спорттың қай түрін болсын алға бастыратын – оның нағыз жанашырлары. Осы орайда тіл ұшына ең алдымен Ақкөл ауылының азаматы Дәурен Жандарбековтің есімі оралады. Көкпар десе, өзге дүниені ұмытатын жас жігіт өзінің ерен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында маңайына ұлттық ойынды өзі сияқты жан-тәнімен сүйетін жігіттерді топтастырып, ат жаратып, жаттықтырып, дода алаңын жасап, ойындар өткізіп, тіптен шалғай аймақтардағы жарыстарға алып шығып жүр. Ал көкпаршылардың жарысқа шығуы айтуға жеңіл шығар, әйтпесе іс жүзінде оңай шаруа емес. Ойыншыларды жеткізуді былай қойғанда, аттарды жеткізуге көлік табу машақаты тағы бар.
Екібастұз ауылдық аймағы көкпаршыларының құрама командасы қазір Павлодар облысындағы таңдаулы командалар сапына енді. Ал жекелеген көкпаршылар байтақ елімізге танымал болды. Атап айтқанда, Аманжол Мақажанов, Мейірман Өмірбаев, Еркебұлан Егінбаев, Айбын Уахитов, Нұрбол Жүсіпов әр жылдары еліміздің жастар құрама командасы сапында додаға түсті және түсіп жүр. Қай жағынан алсақ та, көкпардың шыққан биігі спорттың басқа түрлерімен салыстырғанда бір мысқал да кем емес, қайта артық болмаса... Тек бір өкініштісі, ұлттық ойынды өрге сүйреген осы жігіттердің еңбегі жергілікті билік тарапынан лайықты бағаланбай келеді. Рас, Екібастұз қаласы әкімдігінің спорт бөлімінің бастығы Зейнеп Нұркенова көкпаршыларға қолынан келгенше көмегін беріп, облыстық спартакиадаға қатысуларына жағдай жасап-ақ жүр. Алайда қазіргі таңда бұл аздық етеді.
Біріншіден, көкпар барлық өңірде кеңінен насихатталып, командалар құрудың қолға алынғаны жөн. Бұл көкпардың жаңа белеске көтерілуіне серпін берер еді. Содан соң көкпаршылар командасы бапкеріне жалақы төлеу мүмкіндігі қарастырылуы тиіс, ал спорт мектебі жанынан ауылдардың бірінде ұлттық ат спорты филиалы ашылса, нұр үстіне – нұр. Екіншіден, көкпаршылар шеберлігі жарыстарда жетіледі. Олардың өз күшімен жарыстарға шығып жүргенін айттық, әйтсе де ендігі уақытта көкпардан жарыс өткізу спорт бөлімдерінің жылдық жоспарына енгізілсе және оны ипподромдарда қала тұрғындарының да назарына ұсыну жағы шешілсе... Сонымен қатар көкпаршыларға біркелкі киім тіктіру, шет жерлерде өтетін додаларға (жылына екі-үш мәрте) шығуы үшін қаражат бөлу мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс. Үшіншіден, ұлттық ойында айтарлықтай нәтиже көрсеткен жекелеген көкпаршылар құрметтелуі керек. Қорыта айтқанда, көнеден жеткен көкпар ойынына қазір қызығушылық басым. Әсіресе ауыл жастарының атқа мініп, серке тартуға деген ынтасы зор. Жас буынның жүрегінде тұтанған осы отты өшіріп алмау – бұқараның да, биліктің де парызы.
Саягүл ТӨЛЕУБАЕВА, «Екібастұз қаласы әкімдігі спорт және денешынықтыру бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы:
– Көкпар ойынына Екібастұз өңірінен санаулы ауылдың ғана атсалысуының себебі – екінің бірінің атқа қолы жетпейтіндігінде. Бұл мәселе барлық ауылға ортақ қой деп ойлаймын. Мұндайда жергілікті әкімдер өздері бас болып қолдамаса, болмайтын сияқты. Сосын көкпаршылардың іссапарлық шығындары да төленуі қажет. Біз көкпар ойындарын жариялағанда ережені барлық ауылға жібереміз. Оған елдің бәрі селт ете бермейді. Көкпар командаларына бюджеттік норма бойынша 15 мың теңгеден жүлде беріледі, яғни командадағы он адамға 1 мың теңгеден келеді. Көкпардың қауіпті ойын екендігін және күш-жігерді қажет ететінін ескерсек, бұл жүлде мөлшері, әрине, күлкілі. Сондықтан көкпарға демеушілер керек.