Софиядан – 22 жүлде
Софияда самбодан жастар мен жасөспірімдер арасындағы кезекті әлем чемпионаты аяқталды. Онда қазақтың бозбалалары мен бойжеткендері, өскелең қыздары мен ұлдары жалпы саны 4 алтын, 7 күміс және 11 қола медаль олжалады.
Алайда бұл жетістік өткен жылғымен салыстырғанда төмен. Былтыр жерлестеріміз 5 алтын жеңіп алған. Енді Болгария астанасындағы жүлделерімізге тоқталсақ.
Жасөспірімдер арасындағы 87 келі салмақ дәрежесінде белдескен Никита Азаров жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 70 келі салмақта грузин балуанынан ұтылған Жамалбек Асылбек екінші орынға ие болды. Ал Бағлан Әбдіразақ (48 келі), Азат Дойдиев (56 келі) және Мақсат Исақабылов (81 келі) сынды жеткіншектеріміз үшінші орынды иеленді.
Қыздар арасындағы белдесулерде Шаттыгүл Дүйсенғалиева (40 келі), Айжан Жылқыбаева (48 келі), Зере Бектасқызы (70 келі) үшеуі қола медаль еншіледі.
Жастар арасындағы 48 келіде Дінмұхаммед Серіков әлем чемпионы атанды. Ол финалда моңғол жігітін жеңді. 65 келіде бақ сынған Болатбек Райымқұлов күміспен күптелді. Ол финалда Ресей самбошысынан ұтылып қалды. Осыдан екі жыл бұрын жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған ағадырлық Айдын Дартаев 74 келі салмақтың финалдық белдесуінде өзбек балуанына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ 90 келідегі ақтық белдесуде Тәжікстан талантынан ұтылған Айбол Айтбек те, 100 келі салмақтағы Ресей балуанынан жеңілген Сұңғат Махамбет те екінші орынмен «шектелді». 62 келіде күрескен Нұрбол Серіков пен 68 келіде белдескен Жансай Смағұлов үшінші орынды иеленісті.
Бойжеткендер арасындағы 44 келіде Динара Ысқақова алтынмен апталып, финалда ресейлік Сабина Гилязованы қапы қалдырды. 52 келі салмақтағы өте шиеленісті өткен финалдық белдесуде кілем иесінен басым түскен Гаухар Тұрмаханова да әлем чемпионы атанды. Ал 48 келіде бақ сынаған Жансая Жасұзақова күміспен күптелсе, Алина Щербакова (65 келі), Мөлдір Нұрланбек (75 келі) және Әсел Қазиева (80 келі) сынды аруларымыз қола жүлдегер атанып қайтты.