Спорт пен саясаттың арасы неше елі?...
Қазақ жерінде спорттың алғашқы белгілері VII- ғасырда пайда болды деген болжамды Араб халифатының Орта Азия елдеріне ислам дiнiн уағыздауы тұсында болғаны да айтылады.
Құрметті спорт десе ішкен асын жерге қоятын спортсүйер қауым!
Спорт денсаулық кепілі ғана емес, оның сан алуан елдердің арасындағы достықты нығайтуда алар орны, атқаратын қызметі орасан зор екені бәрімізге де аян. Сонау ықылым заманда Грецияда әр төрт жыл сайын Пелопенессе атты ауылда Олимпия деп аталған Олимпиада ойындары өтіп тұрған. Спорттық сайыстардың өзінде де жауласқан елдер өзінің бір- біріне деген жаулық әрекеттерін тоқтатып бейбітшілік орнаған, міне спорттың кереметтігі де осында болса керек. Қазақ жерінде спорттың алғашқы белгілері 7 ғасырда пайда болды деген болжам мен Араб халифатының Орта Азия елдеріне ислам дінін уағыздауы тұсында болған деген жорамалдар да бар. Қазақ халқының да ұлттық спорты болғаны: қазақша күрес, көкпар тарту, теңге алу, дойбы, тоғызқұмалақ т.б ойындары соның айқын жарқын көрінісі. Тіпті балалар ойнайтын асық ойынының өзінің де бала денсаулығын арттыруға өте зор пайдасы бар екендігі де еш дау тудырмаса керек. Бұл кешегі «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген солақай пікірдің, қазақ ұл- қыздарын тек қой соңына салып қойғысы келген теріс пікірді жоққа шығарғандай. Сонау патшалық кезеңнің өзінде- ақ әлемде «ҚАЗАҚ» деген ел бар екенін бүкіл дүниеге паш еткен балуан атамыз күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының даңқы келер ұрпаққа орасан зор үлгі, ешқашанда өз мәнін жоғалтпақ емес.
Кешегі Кеңес үкіметі кезеңінде де спортқа айрықша көңіл бөлінгені, спорттың өзіндік бір даму кезеңінен өткені белгілі. Сол дәуірдегі қазақ елінің даңқын бүкіл әлемге паш еткен қазақтың ұл- қыздары: Ж. Үшкемпіров, Ш. Серіков, С. Қонақбаев, Нелли Ким т.б бағындырған шыңдарын айта берсек орасан жетістіктеріміз бар екеніне көз жеткіземіз. Ғұсман Қосановтың 1964 жылы Токиодағы Олимпиадада жеңіл атлетикадан Қазақстанға ең алғашқы күміс медальді әкелгенін де білеміз. Сонау 1980 жылғы өткен Москва Олимпиадасында С. Қонақбаевтай саңлағымызға қиянат жасалып күміс жүлдегер атанған кезде он бестегі бала болсақ та көзімізге жас келген , өйткені Серік біз үшін зор мақтаныш еді, Серік жеңілді дегенге сенбей өз жүрекжарды балалық көңіліміздегі алтынымызды силаған едік. 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасында он екінші орынға табан тіреу ол біздің Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін зор мәртебе екені, қазақ елінің тарихына алтын әріппен жазылып қалатын спорт саласындағы орасан зор жетістігі.
Мен де спорт десе ішкен асын жерге қоятын азаматтардың бірімін деп айта аламын, тіпті ердің жасы елуге тақап қалсам да, әлі күнге ұлдарыммен бірге жағаласып сайысқа түсіп жататыным да бар. Балаларым да спортқа жақын жүр, жетістіктері де жоқ емес, үлкен ұлым кикбоксингпен айналысса, кенже ұлым дзюдодан спорт шеберіне үміткер. Әр пенденің бойында бір өзін толғандыратын ойлары болады, мен де сол өзіме маза бермей жүрген ойымды сіздермен бөліссем деген оймен тағы да қолыма қалам алдым. Сіздерге ұғынықты болуы үшін ептеп артқа шегініс жасай кетейін кешегі кеңес үкіметі заманында спортпен айналысатын балаларға жетістіктеріне қарай: кеуделеріне тағатын төсбелгілер «1- Разряд», «2- Разряд», «3- Разряд» және «кандидат в мастера спорта», «мастер спорта» төсбелгілері болушы еді.
Осы төсбелгілерді тағып жүрген құрбыларымызды көріп қатты қызығатынымызды неге ұмытайық, ал қазіргі уақытта мен мектеп қабырғасындағы балалардан ондай спорттағы жетістіктерін көрсететін төсбелгілерді көре алмай жүрмін. Әрине спорттағы жетістігін көрсететін куәліктер беріледі, бірақ ешкім де куәлігін көрсетіп өзінің жетістігін айтып айқайлап жар салмайды ғой. Егер спортшы балалар өзінің спортта жеткен жетістігін көрсететін төсбелгісін тағып жүрсе ол дегеніміз жанындағы құрбыларының, артында өсіп келе жатқан іні- қарындастарының қызығушылығын оятып спортқа жетелер еді ғой, орыс ағайындарша айтсақ «стимул» болар еді ғой. Маған спортқа деген, салауатты өмір салтына деген насихаттың, тәрбиенің, өскелең ұрпақтың дені сау шыныққан азамат болып өсуінің бір шеті осында жатқандай болып көрінеді. Әйтпесе, әр салада еңбегім сіңді деп, қаламсап пен қасықтан ауырды көтеріп көрмеген, өз жетістіктерін тағып алып тойға барса да, жаназаға барса да тағып жүретіндер де жоқ емес. Артық айтсам кешірім өтінем, тек біз кейде өзімізді ғана ойлайтын сияқтымыз (үлкендеріміз) неге жастарға да өз жетістіктерін көрсетуіне жағдай жасамасқа, балалардың да төккен тері бағалануы керек, өйткені спорт жетістіктері компьютердің алдында емес төгілген тердің, үлкен еңбектің, қажымас қайсарлықтың, таудай талаптың арқасында ғана келетінін айтпаса да түсінікті.
Мен осыны ойлай келе қаламыздағы спорт мамандарымен кеңесіп едім олардан жарытымды ауыз толтырып айтарлық жауап ала алмадым, тек ғаламтор арқылы «СШ» мен" ХДСШ" деген төсбелгіні ғана таптым. Ол белгінің өзі де, сол атақты алған спорт майталмандарындарының кеудесінен өз орнын таба алмай жүрген сыңайлы, әйтеуір мен кездестірген спорт шеберлерінде «Қазақстан спорт шебері» төсбелгілері жоқ. Аталмыш белгінің өзі де маған әлі де біздің өз ұлтымызға тән емес, сол кеңес дәуіріндегі: Суворов, Кутузов ордендеріне тән, және де пионер значогін тағып алғандай әсер қалдыратындай. Сондай биік дәрежеге қол жеткізген спорт майталманы қазіргі қолданыста жүрген баланың значогіне ұқсас белгіні таға қоюы екіталай... Біз ата- бабаларымыздың арманы болған еркіндікке қол жеткізген тәуелсіз Қазақстан мемлекетіміз, демек біздің белгілеріміз де ешкімге тәуелді болмауы еліктемеуі тиіс, өзімізге лайық болуы керек.
Көрші Ресей мемлекетінде 1,2,3 дәрежелі, МКМС МС КМС төсбелгілер(суретте көрсетілген) оларда бұл төсбелгілер сонау тоқсаныншы жылдардан- ақ қабылданып қолданысқа еніп жүр, демек олар бұл мәселеге үлкен мән беріп отыр ал біз болсақ, ылғи соңында жүретініміз қынжылтады.
Ұлы жазушы М. О. Әуезов ағамыздың сөзі бар : « Ел боламын десең, бесігіңді түзе деген» , бұл арада мені дұрыс түсінулеріңізді сұраймын, менің ойымша төсбелгі бір қарағаннан ақ өзінің қай елден екенін көрсетіп тұруы керек деп ойлаймын, әрине менікі өз пікірім ғана. Өйткені қай дүбірлі жарыс болмасын жеңімпазды мадақтаған кезде сол елдің байрағы көтеріледі, ал төсбелгі сол елдің байрағының әр спортшының кеудесіндегі кішкене бір бөлшегі ғой. Ол әрі қарапайым және ұлттық нақышта көмкеріліп, Қазақстан деген атауды өзінің жасалу ерекшелігімен- ақ білдіріп тұрса, өйткені спорт дегеніміз бар халыққа тән ортақ дүние ғой. Осының бәрін ойлай келе мен өзім жасаған жобаларымды спорт министрлігіне ұсынып едім әзірге жауап жоқ, баяғы жартас бір жартас...
Бұл жасалған жобаларды көрген адам бірден- ақ бұл белгілердің Қазақстанды айғақтап тұрғанын жоққа шығара алмайды, ал әрбір спортшының арманы Олимпиада ойынында биіктен көрініп, жетістікке қол жеткізу елінің байрағын жеңіс тұғырында желбіретіп, даңқын арттыру.
Cпорттың да елдің дамуына өзінің қомақты үлесін қосатынына ешкім де дау айта алмасы анық, өйткені дені сау, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтары көп елдің болашағы да зор. «Мәңгілік ел» боламыз деп жатырмыз , отыз дамыған елдің қатарына кіруге ұмтылып отырмыз, демек саналы, шыныққан ұрпақ қана сол деңгейден көріне алады, сонда ғана біз мәңгілік ел бола аламыз, біле білсек спорттың өзі де үлкен саясат. Осы айтқаныммен келісесіздер ме?
Сіздермен ой бөліскен: Ерлан Шаяхметұлы, Семей қаласы 2013 жыл.
Facebook-тегі парақшасынан