СПОРТ ҰЛЫЛАРҒА ДА ЖАТ ЕМЕС

СПОРТ ҰЛЫЛАРҒА ДА ЖАТ ЕМЕС

Спорт пен өнерді бір-бірінен бөле-жара қарайтындар бар. Әсіресе, мұндай екі саланың бір адамның бойында тамаша үйлесім таба алатындығына күмән келтіретіндер көп. Бірақ әлем әдебиетінің тарихына көз жүгірте келе классик жазушылардың арасында саламатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, спортпен кәсіби түрде шұғылданатындардың аз еместігіне куә болдық. Назарларыңызға ұсынып отырғанымыз спортшы-жазушылардың бір парасы ғана.

Қазақ футболының басында тұрды

Мұхтар ӘУЕЗОВ

Өмір сүрген жылдары:1897-1961

Шығармалары:«Абай жолы» роман-эпопеясы,«Қилы заман» романы, «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі,

Спорт түрі: футбол

Ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов те спорттан құралақан емес. Мұхаңның спорт болғанда да сол кезеңде қазақ жастарына таңсық спорт түрі – футболға әуестігі артыпты. Бұған былтыр ғана өзінің ғасырлық мерейтойын атап өткен футболымыздың тарихын зерттеп, зерделеу барысында көз жеткіздік. Н.Купряновтың бастамасымен Семей жерінде құрылған «Ярыш» футбол командасының сапына қабылданып, тіпті, клубтың киімін де тіктірген М.Әуезов еді. Команданың жартылай қорғаушысы ресми жарыстарда бірнеше голдың авторы да атанған. Жазушы аладопқа деген махаббатына егде тартқан шағында берікқалыпты. Замандастарының айтуынша, қолы қалт етсе, алаңға қарай жүгіретін көрінеді. Өзі ойнамаса да, аяқдоп шеберлерінің өнерін тамашалау үшін.

Тоғызқұмалақтан тізе бүгіп көрмепті

Абай ҚҰНАНБАЕВ

Өмір сүрген жылдары: 1845-1904

Шығармалары: өлеңдері, қара сөздері, қазақ жазба әдебиетінің атасы

Спорт түрі: дойбы, тоғызқұмалақ, ат жарысы, саятшылық

Абай тоғызқұмалақ ойынын жақсы көрген және шебер ойыншылардың бірі болған. Елдегі тоғызқұмалақшылардың басын қосып, сайыстар ұйымдастырғаны да жиі айтылады. Ұлы ақынның Жидебайдағы мұражайында дойбысының әлі күнге дейін сақтаулы тұрғаны ұлы ақынның ата жолын тәрк етпей, осы ойынды өзінің де ойнағанына нақты дәлел бола алады. Бұл туралы данышпан хәкімнің ұлы Тұрағұл Абайұлының естелігінде де жазылған: «Қазақ ойнайтын ойындар – дойбы сықылды ойындардың бәріне де ілгергі қазақтың ойыншылары ретті ойнаушы еді, сөйтсе де мен білген кезде салынып, қызықтап ойнайтын ойыны тоғызқұмалақ еді. Қай-қайдағы тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып, ойнап қайтушы еді. Сондай ойыншы шалдарының дәулеті нашарлары кейде соғымдық қой, тай, тайынша алып я атқа мініп қайтқаны да болды. …Таңертеңгі шайды ішкен соң, менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырына ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады. Күндіз келген ел арасының ретті адамдары да ойынға кірісіп кетеді, құмалақ кезек тимегендер я ойнай білмейтіні, балалар өз алдына дойбы, я қарттың дүкенін ашады. Құмалақта әкемді жеңген адам көргенім жоқ».

Зияткерлік ойын түрлерінен бөлек бабамыз тұлпардың да қыр-сырын жақсы меңгерген. «Аттың сыны» өлеңінде барлық сыны сырт сымбатынан көрінетін көліктің жайын кекілі, құлағынан бастап қолмен қойғандай етіп шебер баяндап шыққан, әсіресе бәйге атының мүсінін сынауда үлкен білімділік, байқампаздық танытады. Бұған Абайдың аса білгір саятшылығын қосыңыз.

 

Шаңғы да, бокс та жат болмаған

Артур Конан ДОЙЛЬ

Өмір сүрген жылдары: 1859-1930

Шығармалары: Шерлок Холмс жайлы әңгімелер, «Адасқан әлем» романы
Спорт түрі: крикет, гольф, бокс, футбол

Сымбаттылыққа жаны құштарДойль (салмағы 100 келіге жуық, бойы – 190 см) дене сымбатын, физикалық қалпын сақтау үшін белсенді өмірді таңдапты. Сол себепті спорттың бірнеше түрін қатар алып жүруді әдетке айналдырса керек. Ұлыбританиялық жазушы үшін, әсіресе, крикеттің орны бөлек. Бұл сөзімізге Дойльдің танымалдылығы жер шарын шарлаған Мэрилебон крикет клубының (МСС) сапында 10 ойын өткізгені дәлел. Тіпті, 1900 жылы 41 жастағы жазушы дәл сол МСС-дің құрамында жүріп, крикет тарихында ат үркитіндей атағы бар ойыншы Уильям Гилберт Грейсгодтың өзін алдап соққаны әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. Аталмыш матч туралы оның «A Reminiscence of Cricket» атты поэмасы да бар.

Шытырман оқиғаларды жазудың ұстасы бокспен де әуестенген. Кәнігі былғары қолғап шеберлерімен қатарласып бірнеше жекпе-жекте де бағын сынап көріпті. Ер азаматқа білектің күші де артық етпес деп топшыласа керек. Расымен де, жуан жұдырығы жазушының кей мәселелерді «жігітше» шешуіне өз септігін тигізгенін естеліктерінен оқуға болады. Кемеде дәрігер болып қызметке орналасқан күні-ақ алып денелі жолсерікпен жаға жыртысқан ол әлгінің көкесін танытады. Өзі де осы өнерді егжей-текжейлі зерттеген. Дойльдің «Родни Стоун» атты боксшылар туралы жазылған романының шынайылығы кәсіпқойлар тарапынан жоғары бағасын алғандығын да айта кету керек.

Ұлыбританиялықтың қысқы спорт түрлерінен де қара жаяу еместігіне көз жеткіздік. Швейцариядағы тау шаңғысының қалыптасуында нақ осы Артур Конан Дойльдің үлесі мол. 1894 жылдың қақаған қысында жазушы туберкулез ауруына шалдыққан әйеліне таза ауаның көмегі тиер деген үмітпен Давос алабына аттанады. Нансен өткелі арқылы Гренландияға барар жолды жаңа қырынан таныған Дойль Норвегиядан арнайы шаңғы алдырып, тау бөктерін өз бетінше зерттеуді қолға алады. Ең алдымен биіктігі 2590 метрді құрайтын Якобсхорн тауынан құлдилаған ол өзгелерге Швейцария тауларын бағындырудың тәсілін көрсетті. «Шерлок Холмстың» авторы бірнеше спортпен қатар шұғылданып, табысқа кенелмесін жақсы білді. Солай бола тұра: «Өзімді спорттың бір түрін ғана серік еткендермен салыстырсам, мен алған ләззаттың орны бөлек» дейді.

 

Тоқсан төрт жасында сүрініп кеткен

Бернард ШОУ

Өмір сүрген жылдары: 1856-1950

Шығармалары: «Пигмалион» пьесасы, «Жүректер қарс айырылатын үй», «Қасиетті Иоанна»

Спорт түрі: cерфинг

Британдықтың бір ғасырға жуық өмір сүруінің құпиясын оның әбден қартайып, қалжырағанша саламатты өмір салтын ұстанғандығымен түсіндіретіндер бар. Мұны бекер дей алмайсың, әрине. 1932 жылы South African Travel News журналында британдық танымал драматургтің шомылуға арналған киіммен Кейптаун қалашығындағы Муйзенберг жағажайында түскен суреті жарық көреді. Жазушының қолында серфингке арналған тақташа бар. Тілші мақаласында Шоудың спорттың бұл түрін бірнеше минутта оңай меңгеріп алғандығын таңданыспен жазады. Муйзенбергті ерекше ұнатқан 75 жастағы жазушы Кейптаунда бір күннің орнына алты апта демаламын деп шешеді.

Спортқа әуестігі бар Шоу шылым тартуды жат қылық санаса, спирттік ішімдіктің не екендігін білмей өткен. Дәрумендерге бай тағамдарды ғана пайдаланып, жаяу жүргенді, бос уақытында теннис ойнағанды жақсы көріпті. Айтпақшы, Бернард мырзаның тағы бір ерекшелегі, ол 25 жасында ет тағамдарынан түбегейлі бас тартып, жануарлар құқығын қорғауға көшеді. Өмірге құштар Нобель сыйлығының лауреаты баспалдақтан құлағанда алған жарақаты салдарынан 94 жасына қараған шағында көз жұмады.

alaman.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста