Сырттағы айқастардың сырттаны

Сырттағы айқастардың сырттаны

 

Еркебұлан Шынәлиев
Туған жері: Шымкент қаласы
Туған жылы: 07.10.1987 ж.
Ұлты: қазақ
Салмағы: 81 келі
Бойы: 178 см

Еркебұлан Бейжің Олимпиадасының жартылай финалында Қытай боксшысы Чжан Сяопинмен ұпай саны бойынша тең түскенімен, төрешілер жеңісті дода қожайынына беріп қойды. Сөйтіп, Ұлы Жібек еліне бас жүлде үшін аттанған саңлағымыз қола медальді місе тұтқан болатын. Содан бері шаршы алаңға шықпай кеткен шымкенттік боксшы араға бір жыл үзіліс салып, жаттығуын қайта бастады. Бүгінде дарынды боксшы ұлттық құрама сапында оқу-жаттығу жиынында жүр. Осы жерде өзінің туған күнін де атап өтті.

– Үйреніп қалған әдетіміз ғой. Туған күнімді қарапайым түрде атап өттім. Оның үстіне, асыр салып тойлайтындай жас бала емеспіз. Бірақ күні бойы ұялы телефонда тыным болған жоқ, – деп бастады сөзін Еркебұлан.

– Алайда «туған күн» деген мерекенің күнде келе бермейтінін ескеріп, бапкерлер жеңілдік жасаған шығар. Ұлттық құрамадағы басқа боксшылар қандай сыйлық жасады?

– Ешқандай жеңілдіктер жасалған жоқ. Өзім де жаттығудан сұранбадым. Ал басқа жігіттер дәстүр бойынша жиналып, ақшалай сыйлық жасады. Сондай-ақ өзімнің жеке бапкерім Мырза-аға да жыл сайын сыйлық жасап тұрады. Оған алғысым шексіз!

– Осы уақытқа дейін әлем чемпионатында, сондай-ақ Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атандыңыз. Жалпы, 22 жасыңызда «басқа боксшылар бағындыра алмаған белестерді мен бағындырдым» деген мақтаныш бар ма? 

– Ешқашан олай кеуде қаққан емеспін. Олай ойлауға құқым да жоқ. Мәселен, өзіммен жасты украиналық Василий Ломаченко Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы атанып қана қоймай, Вэл Баркер кубогын да иеленді. Ал биыл Миланда өткен әлем чемпионатында тағы да теңдессіз атанды. Өзімізден марқұм Бекзат Саттарханов 20 жасында Олимпиада асуын бағындырды. Сондықтан менің жетістігім олардікімен салыстырғанда, ештеңе емес.

– Еркебұлан, Бейжің Олимпиадасынан кейін бір жылдан аса шаршы алаңнан көрінбей кеттіңіз ғой. Соның себебін айтып берсеңіз...

– Басында демаламын деп ойлаған жоқ едім. Олимпиададан қола жүлдемен оралған соң, «ана жақ шақырды, мына жақ шақырды» дегендей, үш-төрт ай қонақта жүрдім. Бармасаң, ренжиді. Сөйтіп, былғары қолғабымды қайта кие алмай қойдым. Одан кейін 2009 жылдың басында, яғни жаңа жылдан кейін бір-екі апта жаттығу жасап көруге тырысқанмын. Бірақ зауқым соқпады. Оның үстіне, басқа да шаруалар күтіп тұрды. Сосын «демала тұрғаным дұрыс болар» деп шешкен едім.

– Осы бір жыл демалысыңызда үйленіп те үлгердіңіз...

– Иә, шешемнің қолын «жылы суға салмақ» ниетпен шаңырақ көтердім. Себебі менен үлкен ағам әлдеқашан үйленіп, жеке отау құрып, басқа қалаға көшіп кеткен. Әпкем де күйеуге шығып кетті. Ендігі кезек маған келген болатын. Оның үстіне, менен кейінгі інім тым кішкентай. Әзірге келіншегімнің құрсағы білінбейді. Алайда алдағы уақытта қазақтың санын көбейтуге бар күшімізді саламыз. Жалпы, біз бір ананың құрсағынан бес бала дүниеге келгенбіз. Яғни екі қыз, үш ұл. Мен – үйдің ортаншысымын, ең кішкентайы 13-те. Қазір шешеммен бірге тұрамыз. Әкем марқұм дүниеден ерте өткен. Сондықтан қазір үйдің бар тірлігі өз мойнымда. Аллаға шүкір, биыл үй салдырдық. Енді жеке жұмыстардың барлығы бітті деп ойлаймын. Не де болса, шаруаларымды жиыстырып, жаттығуға қайта кірістім ғой.

– Осы жылдың көктемінде «Шынәлиев Шымкентті тастап, Ақтөбеге ауысып кетіпті» деген қауесет жұрт ішінде желдей есіп кеткен еді. Бірақ арада екі-үш ай өткенде «Еркебұлан Ақтөбеден Шымкентке қайта барыпты» деген сыбыстар шыға бастады. Жалпы, осы оқиғаның қаншалықты шындыққа жанасымы бар?

– Ақтөбе маған біраз ақша ұсынып, өздеріне шақырғанын жасырмаймын. Ол жаққа барып қайтқан да болатынмын. Түймедей нәрсені түйедей етіп айтатын халықпыз ғой, Ақтөбеге кете салысымен халық гулеп кетті. «Ойбай, Шыналиев Шымкентті тастап кетіпті» деген әңгімелер маған да жетіп жатты. Ақтөбеліктер мені түбегейлі келді деп ойлап қалса керек, бірден телеарнаның журналистерін шақырып, бәріне жария етіпті. Шымкентте де мені «қайта келмейдіге» балап, бұқаралық ақпарат құралдарына жариялап жіберіпті. Таң қалатыным, кезінде Ермахан Ыбрайымов ағамыздың өзі Тараздан Ақтөбеге ауысқанда, халық бұлай шуламап еді. Неге менің жағдайымда халық гулеп кетті?!

– Дегенмен Ақтөбеге барғаныңыз ақиқат қой. Сол қалада қалып қоюға не кедергі болды? Әлде Ақтөбе қаласы ұнамай қалды ма?

– Қала өте әдемі. Бірақ Шымкентке әбден үйреніп қалғаннан кейін бе, маған ол жақтың ауа райы жақпады. Оның үстіне, жаттығуларына да көңілім тола қойған жоқ. Сондықтан «үлде мен бүлдеге ораймыз» дегендеріне қарамастан, ұсыныстарынан бас тарттым.

– Еркебұлан, сіздің жеке бапкеріңіз Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Демек, 81 келіде бірінші ретте сізге сенім артады ғой. Солай ма?

– Оны өзінен сұрау керек шығар. Бірақ «жеке бапкерім ұлттық құрама тізгінін қолына алыпты» деп екі қолды қалтаға салып жүргенім дұрыс болмас. Керісінше, жаттығуларды бұрынғыдан бетер үдетуім керек.

– Десек те, сіздің салмағыңызда дарынды боксшылар көп болғанымен, дәл қазір барлығында тоқырау болып тұр ғой...

– Иә, хабардармын. Осы жылы Қытайда өткен Азия біріншілігінде қола жүлдегер атанған Дәурен Елеусінов салмағының жетіспеушілігіне байланысты 75 келіге ауысыпты. Менің білуімше, оның тұрақты салмағы 76-77 келі көрінеді. Ал алматылық Данияр Үстембаев Миланда өткен әлем чемпионатының бірінші кезеңінде-ақ омақасты. Жалпы, Дәуренмен шаршы алаңда кездесіп көрмеппін, ал Даниярмен Шымкентте өткен Әбдісалан Нұрмаханов атындағы халықаралық турнирдің финалында қолғап түйістіріп, жеңіске жеткенмін. Жігіттерден естуімше, Үстембаев Қазақстанда жақсы жұдырықтасқанымен, шетел ареналарында әлсіз көрінеді. Ал мен, керісінше, ел біріншіліктерінде жөнді өнер көрсете алмағаныммен, шетелдік боксшылармен тәуір төбелесемін.

– Соңғы сұрақ, бір жыл үзілісіңізде спорттық ғұмырыңызға нүкте қойғысы келген адамдар болды ма?

– Енді өзіңіз білесіз, Шымкентте көреалмаушылық деген жаман қасиет басқа қалаларға қарағанда басымдау. Көтеріліп бара жатсаң, демеп жіберудің орнына, аяғыңнан тартатындар көп. «Шынәлиев шаршы алаңға енді қайтіп орала алмайды» деген әңгіме бір жыл бойы соңымнан қалған жоқ. Бірақ қазір бәрі қалпына келді. Жұрттың барлығы «ұлттық құрамаға оралуыңмен» деп құттықтап жатыр. Мұндағы жігіттер де жақсы қарсы алды. Бірақ 81 келідегі бәсекелестерім менің оралғаныма қатты қуанды деп айта алмаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста