Таэквондо тарланы – Мұстафа Өзтүрік

Таэквондо тарланы – Мұстафа Өзтүрік

Шығыс жекпе-жегі туралы сөз болса, ең алдымен, есімізге Мұстафа Өстүрік атанып кеткен, таэквондодан қара белбеудің және 6-дан иегері, халықаралық дәреже­дегі төреші Мұстафа Қабенұлы Әбдірахман еске түседі. Қарашаның 23-і күні әйгілі спорт саңлағының дүниеге келгеніне 59 жыл толады. Біз осыған оның шәкірттерінің бірі болған, қара белдіктің және 3-ші дан иегері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік универ­си­тетінің аға оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты Қабибек Мұхитовты шығыс жекпе-жек өнері туралы әңгімеге тартқан едік.

– Шығыс жекпе-жегінің әйгілі шебері болған, марқұм Мұстафа Өзтү­ріктің шәкірттерінің бірі болыпсыз, ол кісі қандай адам еді?
– Мұстафа Өзтүрік әлемнің көптеген елінде болған еуропалық менталитетті жетік меңгеріп, бірақ өзінің қазақи келбетін жоймаған адам болатын. Ұлтын қатты мадақтаған адам еді. Жүрген жерін­де өзінің «Қазақтығын!» мақтанышпен  айтып жүрген екен. Өз басым оның қазақ­ша сөйлеп отырып, оған басқа тілдегі сөздерді араластырып айтқанын ешқашан көрген емеспін. Бірде кездесу кезінде бір қазақ азаматы оған сұрақты ағылшынша қойған болатын. Сонда қойылған сұрақты қазақ тіліне аударып, оған қазақша жауап берді. Мұстафаның бергенінен беретіні көп еді әлі. Бір өзі бірнеше тілді меңгерген, батыстық стандартқа сай жоғары білімді адам болды ғой.
Мұстафа бауырымыздың өнегелі істері тәрбие ісінде үлгі тұтуға таптырмайтын образ емес пе?! Бірақ оның осы қасиеттері жеткіліксіз пайдаланылған сияқты. Біз оны әлі күнге дейін тек спортшы деп қана танып келеміз. Егер Мұстафа Өзтүрікті ұлықтауды қолға алатын болсақ, ол үлгі тұтар тұлға ретінде жастарды тәрбиелеуге оң ықпалын тигізері күмәнсіз. Мұсекең жастық шағын­да өлең де жазған адам болыпты. Маман­дығы да журналистика еді ғой. Киноға да түскен. Актер ретінде алты кинода ойнаған. Бұл қырлары да ашылмай жатыр. Мұстафа Өзтүрік туралы көркем фильм шықса да болар еді. Өкінішке қарай, бұл істер қолға алынбай отыр. Келесі жылы оның туғанына 60 жыл толады екен. «Ештен кеш жақсы» дегендей, енді осы игілікті іске қозғау салуға бұқаралық ақпарат құралдары  мұрындық болса, қанекей.
– Айтқаныңыз орынды. Енді,  жалпы, шығыс жекпе-жегi түрлеріне қысқаша түсініктеме бере кетсеңіз.
– Шығыс жекпе-жегі дегеніміз – бұл шы­ғыс халықтарының ұлттық өнерлері. Каратэ жапон халқының ұлттық өнері болса, у-шу – қытайдікі, ал таэквондо кәріс­тердікі дегендей. Бұл аталған халықтар өздерінің осы ұлттық өнерлерін ғасырлар бойы үздіксіз жетілдіріп, дамытып келе жатыр. Бір-біріне сыртқы көріністері ұқсағанымен, олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Ол әр халықтың өзіндік менталитетіне қарай, тарихи дамуы мен ұлттық психоло­гиясына байланысты ерекшеленіп тұрады. Мысалы, қытайлардың ұлттық өнері у-шудың бірнеше түрі бар. Қазіргі тілмен айтқанда, бірнеше стильдерден тұрады. Көп жылдар билік басында болған солтүс­тік Қытайда орналасқан Цин империясы­ның у-шу стилі екпінді қимылға толы және қылыш, семсер сияқты қару-жарақтарды қолдану әдістерінен тұрса, ал оңтүстік­қытайлықтардың стилі созылмалы болып жай қимылға ұқсаған бірнеше қозғалыс­тардан тұрады. Сонымен қоса, шығыс жекпе-жегі түрлі жан-жануарлардың қи­мыл­дарын салған әдістерді қолданады. Себебі шығыс халықтары табиғатқа тере­ңірек мән берген, табиғатпен етене жақын. Көптеген ғасыр бойы шығыс жек­пе-жегінің құ­пия әдістері еш жерде жария­лан­бай, әкеден балаға ғана берілетін жа­сы­рын өнер болып дамыды.
Шығыс жекпе-жегін сонымен қатар әскери өнері деп қарастырған жөн. Бұл халықтар көптеген жылдар бойы небір тарихи үрдістерді басынан кешті. Өздерінің азаттығы үшін жыл­дар бойы күресті. Сол себептен де жаудан қорғанып, басқыншы­ларға төтеп беру үшін қор­ғаныс өнері ретінде дамытқан. Марқұм Мұстафа Өзтү­рікті де кезінде Алмания елі келісімшартпен өз әскерлерін үйрету үшін қызметке ша­қыр­ған болатын. Ресей Федерациясының әуе десант әскерлерінің қолбасшысы, генерал-лейтенант Владимир Шаманов Ресей таэквондо федерация­сының президен­ті болып табылатынын айта кеткен жөн.
Ал ХХ ғасырдың соңына таман шығыс жекпе-жектерін әлемге таныту мақсатында түрлі халықаралық федерациялар құры­лып, жеке спорт түрі ретінде дамыта баста­ды. Олардың бірқатары, мысалы дзюдо мен таэквондо, Олимпиада ойындары бағдарламасына енді.
– Шығыс жекпе-жегінің филосо­фия­лық мән-мағынасын қаншалықты дұрыс түсініп жүрміз?
– Шығыс жекпе-жегінің философиясы дегеніміз – тамыры терең жатқан рухани, пәлсапалық таным өнері болып табылады. Сонымен қоса, бұл өнер тәрбиеге көп мән береді. Себебі бұл өнерді үйрету адамға қару ұстатқанмен бірдей ғой. Ал қолына қару ұстаған адам кейін оны қайда пайда­ланады? Өмір бойы елін қорғау сияқты қасиетті іске пайдаланса жақсы болар еді. Ал бейбітшілік кезде не істейді? Адам өмірінде түрлі сынақтар көп кездеседі ғой. Мұндай сәттің бәрінде шығыс жекпе-жегінің тәсілдерін қолдана берсе, онда не болады? Сол себепті алдымен адамгершілік пен байыптылықты үйрету шығыс жекпе-жегінің басты принципі болып табылады.
Енді бір көңіл аударарлығы, шығыс жекпе-жектері спорт түрі сияқты ғана да­мы­са, онда шығыс халықтары өнерлерінің пәлсапасы кенже қалар еді. Қазіргі бокс, күрес спорты сияқты тек қана қимыл ере­желерінің жиынтығы ретінде ғана дами алар еді. Сол себептен спорттық өнер ретінде және дәстүрлі түрде қатар дамыту керек. Яғни каратэдегі ката мен таэквон­додағы пумсені қатар үйрету қажет.
– Осы арада мынадай сұрақ туын­дай­ды. Біздің ұлттық спортымыз неге шығыс елдеріндегідей қарқынды дамып кете алмай отыр?
– Біздің ұлттық спортымызды өз биігіне көтеру үшін алдымен оларға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуі керек. Мысалы, Кубада боксты мектеп бағдарламасына енгізіпті. Ол денешынықтыру сабағының орнына жүреді екен. Тіпті дүниеге келген нәрестеге былғары қолғапты сувинер ретінде сыйлайды екен. Әрине, оқушының боксты емес, денешынықтыру сабағын таңдауына мүмкіндік бар. Ал Кореяда таэквондоны дәріптеуін естісеңіз, онда мемлекеттік қолдау дегенді толық түсіне­ріңіз анық. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұлттық спорт түрлерін насихаттап жатады. Міне, осындай шараларды жүзеге асырса, бұл мәселе де өз шешімін табады деп ойлаймын. Қазір қазақша күреске, иншалла, қатты назар аударып жатыр ғой. Осылай дами берсе, енді бір он шақты жылда әлемдік деңгейге шығары сөзсіз.
– Спорт саясат құралына айналып бара жатқан жоқ па?
– Спорттың саясат құралына айналатын себебі бар. Қай уақытта да спортты алдымен саясатшылар жанына жақын тартып отырған. Қанша дегенде де спорт­сүйер қауым үлкен электорат қой. Қазір Олимпиада ойындарының жеңімпаздары  билік партиясының мүшесі болып жатқан жоқ па? Сонымен қоса, спорт бір елдің мәдениетін басқа елге таныстыру құралы бо­лып табылады. Марқұм Мұсекең, Мұс­тафа Өзтүрік ағамыз айтқан, Чан Кайши әрбір халықаралық додалардың жеңім­паздарына айрықша құрмет көрсетіп отырған екен. Оларға Тайвань мемлекетінің атын шығарып келді деп қарапты. Мұсекеңнің өзін де бір үлкен турнирден жеңімпаз болып келген кезде қабылдап, оның құрметіне дастарқан жасапты. Таэквондоның рәміздерінің бірі – оның байрағы. Ал сол таэквондодағы байрақ – Кореяның мемлекеттік байрағы болып табылады. Біз қандай да бір турнир өткіз­ген кезде өз еліміздің байрағымен қоса, таэквондоның байрағын қатар ілеміз. Бұл мәселе сондықтан да үлкен зерттеулерді қажет етеді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста