Татами сұлуларын жеңіске жетелеген Жексенбай Саламатов
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен ХVІІ жазғы Азия ойындарында дзюдошы қыздарымыз да жүлдеге ілігіп, бірнешеуі жүлдеге сынық сүйем ғана жетпей сүрініп, жанкештілік таныта білді, деп жазады "Алаш айнасы".
Бір байқағанымыз, қыздарымыз жетіле түсіпті. Ең бастысы, тез шаршап-шалдығып қалмайды. Рас, қайсыбіреулеріне әлі де техникалық шеберлік жетіспейтіндей. Әйтсе де, намысты қолдан бермеуге тырысатын табандылықтары мен қайсарлықтарына қызықтық. Әрі өздері – шеттерінен әдемі...
Инчхон татамиіндегі белдесулер толықтай аяқталған соң, дзюдодан әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыздың бас бапкері Жексенбай Саламатовпен тілдескен едік.
Жексенбай Саламатов ©fdk.kz
– Жексенбай Нұрлыбайұлы, қыздарымыздың Корея татамиіндегі өнерлері мен жалпы көрсеткіштеріңізге тоқталып өтсеңіз. Екі қола алдыңыздар. Бұл көп пе, аз ба?– Негізі, "екі жүлде аламыз" деп жоспарлағанбыз. Сол жоспарымызға жетіп, екі қола алдық. Екі жүлде алуды жоспарласақ та, іштей "біреу алсақ та, жаман болмас еді" деп қобалжып жүрген де едік. Өйткені дәл қазір қыздар арасында Азиядан жүлде алу – өте қиын. Азияның дзюдошы қыздары – әлем дзюдосының көшбасшылары. Жапония, Оңтүстік Корея, Солтүстік Корея, Қытай, Моңғолия және Тайпэй қыздары – тым қарымды. Осы осы алты елдің тәжірибелі қыздарымен тайталасып жүріп, екі аруымыз қола медаль олжалады. Олар – 52 келі салмақ дәрежесіндегі Ленария Мингазова мен 63 келі салмақ дәрежесіндегі Мәриям Ордабаева.
Ең соңғы командалық сында сәті түспей, жолымыз болмай, бесінші орынды қанағат тұттық. Негізі, жүлде алуға болушы еді. Бірақ жартылай финалда Жапония құрамасына, ал үшінші орын үшін өткен шешуші кездесуде Солтүстік Корея қыздарына есе жіберіп алдық. "Жолымыз болмай" дейтін себебім, жеңіл салмақта күресетін қызымыз, яғни Мингазова ауырып қалып, былайша айтқанда, төрт салмақта ғана күрестік.
Жалпы, былтырғымен салыстырар болсақ, қыздарымыз сәл де болса, тартыла һәм жетіле түсті. Әйтсе де, техника жағынан, тактика жағынан әлі де көп жұмыс жасауымыз, шүмектетіп тер төгуіміз керек. Жасырмаймын, қателіктеріміз әлі де бар. Бірінші кезекте, соларды түзеуіміз керек. Өйткені алда – Рио Олимпиадасы. Енді Олимпиада ойындарының лизенцияларына қол жеткізуіміз керек.
– Аға, сыртан біздің байқағанымыз, қыздарымыз физикалық тұрғыда күшейе түскендей. Содан соң, бәрі бір отбасының баласындай болыпты. Бұрынғымен салыстырғанда, тату-тәтті болып кеткендей.
– Рахмет. Бірақ мұның бәрі жалғыз менің еңбегім емес. Бұл – барлық бапкерлер құрамының жетістігі. Біз барлық қыздарымыздың жеке бапкерлерімен емен-жарқын сөйлестік. Бытырап жүруге болмайды. Бәріміз тізе қоса, бірлесіп жұмыс жасауымыз керек екендігін әрқайсысына жеткізе білдік. "Бірлік бар жерде тірлік бар" дегендей. Бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Біз енді ғана бір отбасы (бір команда) болып қалыптасудамыз. Әлі талай жұмысты бірлесе атқаруымыз керек. Негізі, мен қыздарымыздың бәрін бір қалаға жинағым келеді. Мысалы, Алматыға бәрін жинап, пәтер тауып беріп, жағдай жасасақ деймін. Әйтпесе, қыздарымыздың кейбіреулері – шалғайдағы ауыл-аймақтардан. Жағдайлары жоқ, тіпті спарринг серіктері жоқ. Осы мақсатта игілікті істі қолға алғанды жөн көріп отырмыз. Бапкерлер құрамымен ақылдастым. Енді жеке бапкерлері рұқсат берсе, әлеуеті мол, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген қыздарымызды бір қалаға жинасам деймін.
– Сіз жігіттерді де жаттықтырдыңыз, қыздарды жаттықтырып жүрсіз. Айырмашылық бар ма екен? Қайсысына айғайлау керек?
– Әрине, айырмашылық бар. Жасыратын жоқ, кейде өз үйімізде жалғыз әйелімізді түсіне алмай, "шамамыз" жетпей жатады ғой (күліп). Ал ұлттық құрама сапында қыз-келіншектер қаншама?! Олардың бәрімен тіл табысу оңай емес. Иә, жігіттермен де жұмыс жасадым. Бірақ қыздарға мейілінше жұқалап сөйлеу керек. Өйткені қыздардың мінездері өзгеше. Бірдеңені түсіндіргенде де "нәзіктікті" қажет етіледі. Рас, "ұрсатын" жерде, "ұрсамыз". Мақтайтын жерде мақтаймыз. Әйтеуір тілдерін табуға тырысамыз.
Бірақ мен ризамын. Қыздар соның бәрі өз мақсаттарына жету үшін қажет екенін жақсы түсінеді. Содан соң бапкерлер құрамындағы әріптестеріме дән ризамын. Олардың еңбектері – телегей-теңіз. Шолпан Қалиева, Жана Нұртазина, Михаил Шепетюк, Ерлан Тәжіков, Мәншүк Дәулеткерей сынды бапкерлермен бірге жұмыс жасаймын. Олардың да еңбектерін айрықша атап өткім келеді. Өйткені сіз айтып отырған жетістік пен жұмыс бір адамның қолынан келмейді. Бәріміздің жұмыла жұмыс істей білуімідің арқасында қыздармен де тіл табысып, жүлдеге ілігіп жатырмыз. Бағдарламамыз да – бір. Біз барлық жұмысты ақылдасып істейміз.
– Құрама сапындағы қыздардың қайсысына ерекше үміт артасыз?
– Ешқайсысын да бөле-жара атағым келмейді. Бәрінің де өз мүмкіндіктеріне деген сенімділіктері артып, көзқарастары өзгеріп келеді. Бәрі де "енді ерінбей еңбек етіп, шүмектетіп тер төгеміз" деп, жатттығу жұмыстарына ерекше мән бере бастады.
Әйтсе де, Гүлжан Исанованы атап өткенім жөн болар. Ол жақында босанып, ана болды. Енді жаттығу жұмыстарын қайта бастады. Жігерлі қыз. Ең ауыр салмақта белдеседі.
Мәриям Ордабаева биыл жақсы өнер көрсетті. ХVІІ жазғы Азия ойындарында ғана емес, оның алдында Моңғолияда өткен, Олимпиада ойындарының лицензиялық ұпайлары сарапқа салынған "Гран-При" турнирінде де қола медаль жеңіп алды.
52 келідегі Ленария Мингазова да, 48 келідегі Айгүл Байкүлева да – сенімді ақтаулары тиіс, қайсар қыздар. Тағы да бірнеше қыздарымыз бар. Мен осы қыздарымыз Олимпиада ойындарының лицензияларына қол жеткізеді деп үмітенемін. Ойлаймын, кемі екі-үш лицензия алуымыз керек. Ал ең басты мақсатымыз – Рио Олимпиадасынан жүлде алу. Қазіргі ең басты арман-тілегіміз де – осы.
– Айтқаныңыз келсін. Аузыңызға май. Арық айтып, семіз шығыңыз. Біз де тілектеспіз. Еңбектеріңіз жансын.
– Рахмет.
Читайте также
Футбольный клуб 'Кайрат' столкнется с сильными соперниками на турнире в Катаре
Фанаты "Барыса" получили негативные известия
GTA VI впервые покажут уже в декабре
Дану Уайта угостили куртом в Нью-Йорке
"Золото в серебре" : 16-летняя казахстанская спортсменка дважды победила на чемпионате мира по джиу-джитсу
Димаш Кудайберген обратился к сборной Казахстана по футболу