Татамиде жас таланттар
Семейде дзюдодан жасөспірімдер арасында республикалық турнир аяқталды.
Бүгінгі таңда Семейде дзюдо спорты қанатын кең жайып, мәртебесі өсіп келеді. Ержан Қосаев, Александр Косачев секілді Семей дзюдо мектебінің шәкірттері ұлттық құрама сапында белдесіп жүр. Осылардың ізбасарлары Семейде көптен өсіп келе жатқандығын аталмыш турнирден аңғардық. Турнирге Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Павлодар, Петропавл, Жамбыл, Қарағанды облыстарымен қатар Алматы мен Астана қаласының жас дзюдошылары қатысты. Аталмыш турнирде бірнеше салмақта Алматы және Атырау облыстарының, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларының өрендері бас жүлдеге ие болса, жеті салмақ дәрежесінде татами иелері бірінші орынға ие болды. Жергілікті балуандар Дәулет Аманұлы, Сұлтанбейбарыс Сүлейменовтер мамандар назарына ілікті.
Дзюдодан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Ержан Байжұманов:
– Семейде көптен бері жөні түзу спорт кешені жоқ еді. Енді міне, «Ертіс» кешені ашылып, дүбірлі жарыс өткізуге өте қолайлы болды. Емін-еркін үш татами төседік. Қатысушылар саны да көп болды. Енді шілде айында Ақтауда жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өтеді. Сол сыннан кейін топжарғандардан ұлттық құрама жасақтаймыз, – деді.