Тәуелсіз Қазақ елінің алғашқы әлем чемпионы
Жексенбі күні велоспорттан Голландияда әлем чемпионаты аяқталды. Биылғы бүкіләлемдік біріншілікте Қазақстан велошабандозы алғаш рет әлем чемпионы атанып, алтынмен апталды.
Қазақстан велоспорты тарихында әлем чемпионаттарының аламан жарысында ешқашан алтын алмаған болатынбыз. Енді, міне, Алексей Луценко алғаш рет осындай ерен жетістікке қол жеткізіп отыр.
Луценко 1992 жылы 7 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысындағы Үлкен Малышка ауылында дүниеге келген. Велосипед ершігіне 2005 жылы отырған. Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы. Биыл Қазақстан чемпионатының аламан бәйгесінде екінші орын алған (Бірінші орынды Асан Базаев иеленген болатын).
Валькенбургтегі 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы аламан жарыста Алексей Луценко мәре сызығын бірінші болып қиып, Қазақстан велоспортының абыройын асқақтатты. Ол 177,1 шақырымды 4 сағат 20 минут 15 секунд уақыт ішінде жүйткіп өтті.
Негізі, көмбеге жас велошабандоздар легімен жетті. Бірақ бір-бірімен үзеңгі қағыстырған қалың нөпірдің арасында Луценконың «шайтанарбасының» алдыңғы дөңгелегі мәре сызығын өзгелерден сәл бұрынырақ қиды. Француз Брайан Кокар мен Бельгия велоспортшысы Том ван Асбрук одан сәл-пәл ғана қалып қойды.
Жалпы, Луценконың жеңіске жетуіне Қазақстан құрамасының сапындағы басқа велоспортшылар да сүбелі үлес қосты. Бұл ретте Алексейдің өзі:
– Бәйге оңай болған жоқ. Аяғына қарай алқынып қалдым. Екінші тынысым тез ашыла қоймай, қара терге түстім де. Бірақ көмбеге жақындағанда бәрі де ойдағыдай болды. Жанымдағы командалас достарыма айтар алғысым шексіз. Олар бірлесе отырып, тамаша жұмыс істеді. Әсіресе жарыс жолының соңғы кезеңінде, – деді.
Осы орайда тізіп өтейік, Арман Қамышев – 27-орынға, Даниил Фоминых – 64-орынға, Владислав Горбунов – 83-орынға, Никита Өмірбеков – 92-орынға, Мақсат Аязбаев 111-орынға ие болды.
Жалпы, Голландиядағы әлем чемпионатына велоспортшыларымызды бастап барған мамандарымыз Александр Шефер мен Дмитрий Седун жастар арасындағы құрамамыздың деңгейі өте жоғары екендігін баса айтуда. Біз де жастар арасындағы велоспортшыларымыздың әлеуеті зор екендігін осы әлем чемпионаты басталған кезде жазғанбыз.
Негізі, әлем чемпионатына қатысқан жастарымыздың бәрі «Астана-2» клубының сапында шыңдалған. Ал осы талантты жігіттердің арасындағы Алексей Луценко мен Арман Қамышев әлем чемпионаты басталмай жатып «Астана» кәсіби клубының сапына алынған болатын. Ендеше, келесі жылы олардың Батыстағы беделді көпкүндіктердің көрігін қыздырып жүргендеріне куә болсақ, нұр үстіне нұр болады.
Бұдан кейін жасөспірімдер арасындағы аламан жарыс өтіп (128,8 шақырым), онда Қазақстан бозбалалары аса жоғары көрсеткішке қол жеткізе алмады. Виталий Марухин – 28-орынды, Диас Шағаев – 58-орынды, Ерлан Пернебеков 91-орынды қанағат тұтса, Виктор Окишев пен Сергей Лучшенко жарысты аяқтай алмады.
Ал ересектер арасындағы 261 шақырымға созылған аламан жарыста біздің мамандар Асан Базаевқа зор сенім артқан болатын. «Асан қазір бабында, алғашқы ондыққа ілігуі керек» деген еді Голландияда жүрген Александр Шефер.
Алайда Асанның бағы жанбады. Бәлкім, командалас достары лайықты деңгейде көмек көрсете алмаған да болар. Десек те, төрткіл дүниенің ауыздарымен құс тістеген дүлдүлдері арасында Асан соңына дейін тайталасып, 18-орынға ие болды. Ал Дмитрий Муравьев пен Александр Дьяченко жарысты аяқтай алмады.