Ұлттық ойынымыз асықты неге ұмыта бастадық?!
Паң даланың төсінде патшалық құрған қазақ ұрпағына әлімсақтан өркениет жауһарларын мұра етті. Оның әрбір әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ұлттық ойыны ата-бабаның мәйекті мәдениетімен астасып тұр. Қай-қайсысында болмасын, зор мән, мағына бар. Басқасын былай қойғанда, бабаларымыз ұлттық ойын арқылы ұрпақтың ой-өрісін жетілдірді. Асыл мұраларын бойына сіңірді. Кешегі күндей күркіреген кеңес үкіметі санамыздан сызып тастауға тырысқан ұлттық ойындар ел Тәуелсіздігімен бірге төрге озды. Бірақ бәрі бірдей емес. Кейбір ұлттық ойындарымыз ұмытылуға айналды. Жаңа ғасырға қадам басқан жаңа қазақтың баласы, мәселен, бүгінде асық ойнауды біле ме екен? Қайдам? Күмәніміз көп. Өйткені асық ойыны бала түгіл, үлкеннің көз алдынан кетіп, көңілінен өшіп барады. Бүгінгінің баласы асық емес, компьютер ойнап отыр...
Киіміміз қара төбел жұпыны болса да, ойынға бай едік. Ойынның неше түрі бізден қалған. Әсіресе асық ойыны. Неше атасы бар. Әр өңірде әрқалай ойналады. Жалпы, сақа атыспақ, шеңбер сызу, иіріп ойнау секілді негізгі түрлері бір болғанымен, манай, қалау дейтін түрлерінің ережелері әр жерде әртүрлі. Асылы, асықтың өзі, асық ойындары тілдік қорымыздың да молаюына түрткі болғаны жасырын емес. Солай бола тұрса да, қазіргі таңда қолына сақасын ұстап, оны шиіріп жүрген бала көрсек, көзіміз шықсын. Сақа тұрмақ, асық ұстатсаңыз, оның не екенін білмейтін халде.
Ал біле-білгенге асық ойынының баланы дамытудағы алар орны ерен екен. Мысалы, сақаны қолға алып, бір аяққа тұрып, бір аяқты серпіп қалып асық атқанда, он екі мүше түгел созылады. Бұл – буын ауруларына қарсы жаттығудың түрі. Екіншіден, күллі жүйке, тамыр ауруларынан құтыласыз. Отырып-тұрып кенейді тіккенде, қан айналымы жақсарады. Сондай-ақ баланы бәсекелестікке жетелеп, талаптылыққа тәрбиелейді деседі.
Расында, асық ойыны, қазіргі педагогика тілімен айтқанда, таза денешынықтыру. Жүгіріп те аласыз, отырып-тұрасыз, көздейсіз, атасыз. Бір асық ойынының бойында спорттың барлық түрі сыйып тұр.
Ғалымдар ойынның мәнін баланың дербес іс-әрекеті, айналасындағы өзгерістерді танып-білуге, белсенді әрекет етуге жол ашуы ретінде түсіндіреді. Ұлттық ойынды зерттеушілер «шынайы өмірде баланың аты – бала. Өз бетінше әлі ештеңе тындырып жарытпайтын жан. Қам-қарекетсіз өмір ағысына ілесіп кете барады. Ол ойын үстінде бейнебір ересек адам тәрізді өз күшін сынап көреді» дейді. Мағжан Жұмабаев ұлттық ойындарды «халық мәдениетінің бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, денешынықтыру тәрбиесінің негізгі элементі» депті. Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Ұрпақтың ой-өрісін дамытты. Бүгінде ше? Асылымыз асығымызды білмейтін бала халық мәдениетінен мақұрым емес деп айта аласыз ба?
Асық ойындары – тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ ұлттық игілік. Асық ойындары ең алғаш ежелгi түркілердiң арасында пайда болған. Сондай-ақ асық ойындары байырғы Грек елінде – астралаг, ал Римде талус деген атпен кеңінен таралғанын көрсетеді мәліметтер. Ертеде ұшы-қиыры жоқ даланы мекендеген бабаларымыз жорыққа аттанар алдында соғыстың амал-әдісін ақ тақырдың үстіне асықтарды шашып жіберіп түсіндірген екен деген де аңыз әңгіме бар.
Дәтке қуат етерлік бір дүние – өткен жылы Асық қауымдастығының құрылғандығы. Бірақ аймақтарға сол қауымдастық тамыр жайса деген тілек те жоқ емес.
Кеңес үкіметі кезінде мектепте оқып жүргенімізде, көктем шыға, жер қарайысымен қойны-қонышын асыққа толтырып, асық ойнайтын баланы мұғалімдеріміз тәртіпке шақырып, желкелеп, жер тепкілеп жататын. Сөйтсек, ол кеңестік үкіметтің салқыны екен. Бірақ сөйте тұра, сонда да асықты тастаған бала болмайтын. Қызыға, құмарлана ойнай түсетін қайта. Бұл тіпті ауыл түгіл, қалада да қарқын алған кез болған.
Қарағанды қаласының тұрғыны, бүгінде жігіт ағасы Евгений Иванов есімді азамат сонау 70-жылдары қаланың қақ ортасында тұрса да, сүйсіне асық ойнайтынын айтады. «Асық алу үшін қаладағы ет комбинаттарын төңіректеп жүруші едік. Ал мықты сақасы бар баладан сақаны сатып алуға барымызды салатын едік. Қарапайым асықтың өзі шымыр етіп шынықтыратын бізді. Қазір ше? Асықты айтсаң, балалар таңғалады. Оның не екенін де білмейді. Ойнайтындары – компьютер. Содан әлжуаз, әлсіз, боркемік», – дейді.
Асық туралы бізге дейін де айтқан дуалы ауыздар аз емес. Тек сол жеріне жетпей жүрген секілді. Ұлттық ойын қатарындағы асықтың жұрт жадынан ұмытылып қалмауы үшін, оны қайта жандандыру үшін мектеп бағдарламасына, соның ішінде денешынықтыру сабағының жоспарына құзырлы орындар енгізсе деген ұсыныс бар. Сонымен қатар турнирлер тұрақты түрде өткізілсе, насихаттау күшейсе деген де тілек жоқ емес.