Ұлттық қысқы ойындарымыз бар ма?
Ертең қазақ топырағында VІІ қысқы Азия ойындарының алауы тұтанады. Өкінішке қарай, осынау дүбірлі доданы өз жерімізде өткізіп отырып, оның бағдарламасына бірде-бір ұлттық ойынымызды, спорттық өнерімізді қоса алмадық. Неге?..
Оның басты себебі – «Қазақта ұлттық қысқы спорт түрі жоқ-мыс. Қазақтың ұлттық ойындарының бәрі жазғы спорт түрлері екен». Бұл – қазіргі мамандардың айтып жүрген уәждері. Шынымен-ақ, Халықаралық Олимпиада комитетінің қағидасы бойынша, қысқы ойындар бағдарламасына тек қар немесе мұз үстіндегі додалар (ойындар, жарыстар) енгізілуі керек. Осыдан бірер жыл бұрын шетелдік шағын футбол мамандары футзалды (залда ойнайтын шағын футболды) қысқы Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізуге талпынып көргенде, ХОК шенеуніктері олардың аптықтарын осы қағидаларымен су сепкендей басқан. Дұрыс-ақ. Ал біздің қар немесе мұз үстінде ойналатын ұлттық ойындарымыз немесе төл өнерлеріміз жоқ па? Шынымен-ақ солай ма? Адам сенбейді. Негізі, мүлде жоқ емес қой, бар. Бірақ бізге жетпеген, ұмытылып қалған. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын ертеде еліміздің қысы ұзақ шығыс өңірлерінде керлингке ұқсас бір ойын ойналғаны белгілі болды. «Зайсан көлінің үстінде ойналған бұл ойын неге екені белгісіз, «дукпа дукан» деп аталыпты», – дейді ҚР керлинг қауымдастығы президенті Виктор Ким. Айтып отырған – қазақ емес, басқа ұлттың өкілі. Ал қазекем «бізде қысқы спорт түрі болмаған» деп бейқам жүр. Қалай жоқ?! Сонда ұлан-байтақ жерді мекендеген ата-бабаларымыздың солтүстікті мекендеген тұрғындары ештеңені алданыш қылмай, қол қусырып бос жүрген бе?! Алты ай қалың қар басып жататын солтүстік өңірдегі қазақтардың балалары да қыс бойы ойын ойнамай, үйде бүрсиіп отыра берген бе? Мүмкін емес қой. Зерттеп, қазбаласақ, тарихтың қатпарларында қалып қойған осындай қысқы ойындарымыз аз емес шығар. Жақында «конькиді ойлап тапқан – қазақтар» деген дақпырт шығып, басылды. Рас болса, соны неге дәлелдемейміз? Атына шана жекпеген, шанамен шөп немесе басқадай жүк тасымаған қазақ болды ма екен, ерте заманда? Жоқ, әрине. Сонда сол кезде мектепке бармайтын, күні бойы алданатын ермектері (компьютерлері, телевизорлары) жоқ балалардың шана теуіп ойнаулары да мүмкін ғой.
Қазақтар ертеден қан сонарда аңға шығып, бүркіт салған. Бұл спорт, өнер емес пе не? Спорт түрі болмаса, саяткерлік өнер неге ұлттық ойындар федерациясының құрамына енгізілген. Сондықтан саяткерлікті спорт емес деу – әбестік. Спорттың негізгі критерийінің бірі – баптау. Қай спорттың түрін алсаңыз да, команданы баптап, спортшыларды дайындайды, үйретеді, жаттықтырады. Олимпиада ойындары бағдарламасында ат спорты бар. Онда арғымақпен кедергілерден секіріп те, сәйгүлікпен жорғалап жүріп те сайысады. Яғни атты да баптайды, үйретеді, дайындайды, жаттықтырады. Сол сияқты саят өнерінде қыран құсты да баптайды, үйретеді, дайындайды, жаттықтырады. Сондықтан саяткерлікті «ол спорт емес» деу, мүлде дұрыс емес сияқты.
Кейбір мамандар «қыран құсты аңға тек қыста емес, жазда да сала береді, сондықтан саяткерлік өнерді тек қысқы спорт түрі деу қиын» дейді. Ал қазір шаңғымен тұғырдан секірушілер мен биатлоншылар жаз бойы қол қусырып отырмайды. Шаңғымен тұғырдан секірушілер көк майса шөп үстімен жазда да секіре береді. Ал биатлоншылар аяқтарына шаңғыға ұқсас ролик киіп алып, жарысып жүр. Әлем кубогінің кезеңдік жарыстары өткізіліп келеді. Коньки орнына ролик киіп жарысып жүргендер қаншама?!
Сөз соңында айтарымыз, қазақта қысқы спорт түрлері болмаған емес, болған. Қар немесе мұз үстіндегі ойындарымызды атадан балаға мирас қылып сақтай алмаған өзіміз кінәліміз. Батысқа еліктейміз деп жүріп, ұлттық ойындарымызды мүлде ұмыта бастағанымыз өтірік емес. Енді заман үрдісіне сай, саяткерлік өнерімізді спорттық сайыстарға келтіріп, ықшамдап жасасақ қайтеді? Ережесін бекітіп, дамытуға болмай ма?
Елемес ӘЛІМХАНҰЛЫ, Қазақтың спорт және туризм академиясының вице-президенті:
– Қазақта қысқы спорт түрлері болмаған деп жүргендер кім ол?! Қалай болмаған? Қыс болатын жерде қысқы спорттық ойындар болмаушы ма еді? Осыдан 2 мың жыл бұрын қазақ жерінде шаңғы тепкендер болғандығы жөнінде деректер бар. Одан артық не керек! Қазақ баяғыда коньки де тепкен, шанамен де сырғанаған.