Валентин Иглинский: Мен өмірімдегі ең үлкен қателікті жасадым
"Астана" велокомандасының шабандозы Валентин Иглинский допинг қолданғанын мойындады, - деп жазады "Алаш айнасы" газеті.
Иглинскийдің қанынан спортта рұқсат етілмеген эритропоэтин дәрісі табылған. Спортшы допинг бақылаудан 11 тамыз күні, "Энеко Тур" жарысының алдында өткен. Ереже бойынша, Иглинский енді "Б" сынамасын аштыртуына құқығы бар. Ол әзірше жарыстардан уақытша шеттетілген.
Спортшының айтуына қарағанда, рұқсат етілмеген дәрі-дәрмекті ол "Астана" командасының қызметкерлерімен ақылдаспай ішкен екен. Сондықтан да команда жетекшілері бұл спортшымен бірден келісімшартты бұзған. Сондай-ақ "Астана" Президенттік клубы келісімшартта көрсетілген этикалық ережелерді өрескел бұзған спортшыны қорғаудан бас тартты.
Бұл мәселеге қатысты спортшы бүгін өзінің бұл әрекеті үшін Facebook әлеуметтік парақшасында жанкүйерлері мен клуб мүшелерінен кешірім сұрады.
– Бүкіл команда мүшелерінен, массажшылардан, механиктерден және жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Мен өмірімдегі ең үлкен қателікті жасады. Мұның барлығына мен өзім кінәлімін. Сондықтан да жұбайымнан, балаларымнан, достарымнан, менің сүйікті ағам Максимнен кешірім сұраймын, бұл - мен үшін ұятты нәрсе. Әсіресе маған сеніп, клуб қатарына қосан Александр Винокуровтан кешім сұраймын. Мен сіздердің үміттеріңізді ақтай алмадым, достар, – деп жазба қалдырған спортшы.
Валентин Иглинский 2010 жылдан бастап "Астана" сапында өнер көрсетіп келеді. 2011 жылы ол көпкүндік "Хайнань Туры" жарысын жеңіп алды. Орайы түскенде айта кетейік, бұл спортшының басы бірінші мәрте дауға қалып отырған жоқ. Осыдан бірнеше ай бұрын жылдамдықты асырып, көлікті мас күйінде айдағаны үшін Иглинскийді Ницца полициясы тұтқындаған. Ол кезде спортшы сағатына 203 шақырым жылдамдықпен жүрген екен. Сонымен қатар оның қан құрамындағы алкогольдің мөлшері 0,64 промилле болған. Тіпті Иглинскийді наша қолданды деп күдіктенген, бірақ бұл ақпарат расталған жоқ.
Айтпақшы, осы маусымда бұл "Астана" велоклубының да бірінші даулы мәселесі емес. Бұған дейін команданың бас менеджері – Александр Винокуровтың басы дауға ұшыраған болатын. Лондонда өткен Олимпиада ойындарының чемпионына Бельгия прокуратурасы қарсыласына пара берді деп айыптады.
Тергеу мәліметі бойынша, 2010 жылы Винокуров бір күндік "Льеж - Бастонь - Льеж" бәйгесінің мәресінде Александр Колобневтің жеңіліп қалуы үшін оған 150 мың еуро берген. Skysports.com порталы Льеждегі прокуратура екі шабандозға да жемқорлық фактісі бойынша айып тағылғанын, сот отырысы 2015 жылдың басында өтетінін мәлімдеді. Сондай-ақ портал егер Винокуровтың кінәсі дәлелденсе, ол алты айдан 36 айға дейін бас бостандығынан айырылып, 600 еуродан 300 мың еуроға дейін айыппұл төлеуі мүмкін екенін айтты.
Бірақ спортшы өзіне тағылған айыпты тек қоғамда шу шығару әрекеті деп теріске шығарды. "Бұл – бұрыннан келе жатқан тақырып. Мүмкін біреуге бұл жағдайды әдейі пайдаланып, резонанс тудырып, бұл тақырыпта өз атын шығару тиімді шығар. Менің алып-қосарым жоқ. Мен ешкімді, ешқашан сатып алған жоқпын. Иә, тергеу жүріп жатыр. Жаңалық жоқ кезде кейбіреулер бұл тақырыпты түртпектеп, шу шығаруға тырысады", – деді ол.
Содан кейін Велошабандоздардың халықаралық одағы Александр Винокуров пен Александр Колобневтің 2012 жылы пара алуы мүмкін деген айыптарына қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Тергеудің басталуына Corriere della Sera басылымының жарыс аяқталған соң Винокуров пен Колобневтің электронды почта арқылы хат алмасқандарын жариялап жіберген материалы себеп болған. Қазіргі таңда бұл іс тергеуде жатыр.
Негізі бұл екі мәселені екі түрлі қарастыруға да болады. Бірінші жағдайда Иглинский өзіне тағылған айыптарды толық мойындаса, екіншісінде Винокуров мұның бәрін қоғамда шу шығару үшін жасалған дүние дейді. Мүмкін, ол да дұрыс шығар. Екінші жағдайға байланысты біздің қолымызда нақты ақпарат жоқ. Мүмкін, Александрды да арандатқысы келетін адамдар бар шығар. Бірақ қазақта «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген жақсы сөз бар. Оның барлығын тергеу аяқталған соң білеміз. Әзірше әліптің артын бағайық.