Волейболдан әйелдер арасындағы чемпионымыз – "Жетісу" арулары
Волейболдан әйелдер арасындағы ХХІІІ Қазақстан чемпионаты көмбесіне жетіп, биыл да Талдықорған қаласының "Жетісу" клубы теңдессіз шықты, деп жазады "Алаш айнасы".
Әйелдер арасындағы "Ұлттық лиганың" соңғы, яғни алтыншы туры Павлодарда өткен болатын. Бес турда "Ертіс-Қазхром" (Павлодар) қыздарынан бір ұпай кем жинап, екінші орында тұрған "Жетісу" соңғы турда "қамшыны" басты.
Асқар Шалқыбековтің шәкірттері соңғы турдағы бес ойында да жеңіске жетіп, биыл да ел чемпионы атанды. Соңғы турдағы үш ойында жеңілістің кермек дәмін татқан "Ертіс-Қазхром" күміс жүлдені қанағат тұтты. Қола медаль "Алматы " аруларына бұйырды.
"Волейбол Академиясының" 15-19 жас аралығындағы қыздары соңғы орынға табан тіреп, келесі жылы "Жоғары лигада" өнер көрсететін болды. Ал олардың орындарын "Жоғары лигада" топ жарған "Шығыс Свинец-строй" клубы басатын болды.
Әйтсе де, биылғы маусым "Волейбол Академиясының" бойжеткендері үшін зая кеткен жоқ. Алматының студент қыздары еліміздің ең үздік клубтары арасында тәжірибе жинақтады. Ең бастысы, бапкерлердің көздеріне түсіп, 17 және 19 жасқа дейінгі ел құрамаларының сапына шақыртыла бастады.
1. "Жетісу" – 71 ұпай
2. "Ертіс-Қазхром" – 66
3. "Алматы" – 56
4. "Астана" – 49
5. "Қарағанды" – 28
6. "Волейбол Академиясы" – 0
Әйелдер арасындағы ХХІІІ Қазақстан чемпионаты аяқталған соң, маусым қорытындысы бойынша "Ұлттық лиганың" әр шептегі ең үздік ойыншылары анықталды.
Ең үздік екінші қырқынды шабуылшылар (тордың қос қапталынан ұратындар):
Сана Анарқұлова ("Алматы")
Ольга Дробышевская ("Ертіс-Қазхром")
Ең үздік орталық-тосқауыл қоюшылар:
Ольга Наседкина ("Жетісу")
Антонина Рубцова ("Ертіс-Қазхром")
Ең үздік либеро (доп қабылдаушы, арнайы "қорғаушы"):
Татьяна Фендрикова ("Алматы")
Ең үздік ойын үйлестіруші:
Анна Лащ ("Астана")
Ең үздік шабуылшы (соққысы қуатты):
Николь Пиштелакова «Астана»
Ең бағалы және пайдалы ойыншы:
Диана Кавторина ("Ертіс-Қазхром")