«Жетісу кубогы» жеңімпаздарын анықтады
Талдықорғанның «Жастар» спорт сарайында бокстан жастар арасындағы «Жетісу кубогы» халықаралық турнирі өтті. 11 салмақ дәрежесі бойынша 300-ден астам боксшының басын қосқан бұл турнирге Қазақстанның барлық аймақтарынан бөлек, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзірбайжан құрамалары да қатысқанымен, қонақтардан тек екі боксшы ғана жүлдеге іліге алды. Ал дүбірлі доданың қорытындысы бойынша Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Ғалым Кенжебаев келесі жылғы Азия чемпионатына қатысатын жастарды іріктеді.
Биыл он бірінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Жетісу кубогының» тарихы қызық. Әу баста ауыларалық турнир болып, шалғай ауылдарда өткен. Одан кейін ауданаралық сипат алған. Кейін турнирдің маңызы артып, облыстық дәрежеге ие болыпты. Артынша еліміздің басқа аймақтары да қатысуға ниет білдіріп, республикалық додаға айналған. Содан аудандарда емес, облыс орталығы Талдықорғанда өтетіндей дәрежеге жеткен. Көршілес елдер де өз боксшыларын жіберіп, турнирді халықаралықтандырып жіберді.
Сонымен не керек, жартылай финалға қонақтардан екі-ақ боксшы шықты. Ресей мен Әзірбайжанның жастары іріктеуден де аса алмай пұшайман болды. Қырғызстаннан 56 келіде Мұнарбек Сейтбекуулу қалған еді, шымкенттік Сұлтан Зауырбектен жеңіліп қалды. Ал аса ауыр салмақ дәрежесіндегі тәжік боксшысы Далер Сүлеймановтың жолын жартылай финалда қарағандылық Дмитрий Зиско кесті.
Сөйтіп, аптаға созылған «Жетісу кубогы» мәресіне жетіп, жалпыкомандалық бейресми есепте бірінші орынды Тараз қаласының тарландары жеңіп алды. Финалға бес боксшысы шыққан. Екеуі бір-бірімен кездесті. Нәтижесінде, 4 алтын, 1 күміс, 1 қола медальды қоржындарына салды. Екінші орын – 3 алтын, 3 күміс, 3 қола медальды еншілеген Алматы облысында. Сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы да бір-бір алтынға ие болды.
Ғалым Кенжебаев, Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері:
– «Жетісу кубогын» екінші ел чемпионаты деп те айтып жүрміз. Өйткені соңғы кездері мұнда өте мықты жастар жиналуда. Маңызы зор. Биыл бір жағынан бұл турнир келесі жылы өтетін Азия біріншілігіне іріктеу додасы ретінде де ұйымдастырылды. Әлбетте, Шымкентте өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысқан өрендеріміз бұл турнирге келген жоқ. Оларға демалыс берілген болатын. Сондықтан «Жетісу кубогының» қорытындысына қарап, жастар құрамасын жасақтаймыз деуге болмайды. Дегенмен жүлдегерлердің барлығын оқу-жаттығу жиынына шақырамыз. Ал жеңімпаздар үшін құрамаға ілігетін керемет мүмкіндіктер туып тұр.
– Арасында ерекше өнерімен сүйсінткендері бар ма?
– Маған 49 келіде финалға шыққан екі боксшы да қатты ұнады. Содан кейін тараздық Бекжан Бәкіров, Хасен Азизбеков дейтін дарынды боксшылар бар. Бұларды бұрыннан бақылап жүрмін. Алматылық Аян Қалибековтің де болашағынан мол үміт күтемін. Дегенмен жастар ешқашан тұрақты болған емес. Бүгін керемет өнер көрсетсе, ертең мүлдем жұдырықтаса алмай қалуы мүмкін. Сондықтан жеке бапкерлері шәкірттеріне өте мұқият болулары қажет.
– Енді оқу-жаттығу жиынын қашан өткізесіздер?
– Алғашқы оқу-жаттығу жиынын 20 қарашада Ақмола облысындағы Шортанды қаласында өткіземіз. Одан кейін желтоқсан айында Шымкенттегі «Бәйшешек» санаторийінде жинаймыз. Одан кейін соңғы жиынды келесі жылдың қаңтар айында өткіземіз де, Алла бұйыртса, Азия чемпионатына аттанамыз.
– Соңғы сұрақ, сіз кезінде Геннадий Головкиннің жеке жаттықтырушысы болғансыз. Соңғы айқасы жайлы не айтасыз?
– Генамен хат алысып тұрамыз. Маған жиі хабарласады. Стивенспен болатын жекпе-жегіне шақырған, «Жетісу кубогына» байланысты бара алмадым. Шыны керек, бесінші раундқа жеткізбей құлататын шығар деп ойлағанмын. Бірақ Кертистің қорғанысы берік екен. Әйтсе де әкесін танытып тұрып соқты ғой, біздің Гена.
«Жетісу кубогының» жүлдегерлері:
46 келі:
1. Әлімжан Бескемпір (Тараз)
2. Рүстем Шауменов (Қарағанды)
3. Абылайхан Жүсіп (ОҚО)
3. Мирас Ертанов (Алматы обл.)
49 келі:
1. Бағлан Болатбай (Алматы обл.)
2. Ертуған Зейнулинов (Алматы обл.)
3. Рауан Наметов (Тараз)
3. Заманбек Данабеков (Ақтөбе)
52 келі:
1. Хасен Азизбеков (Тараз)
2. Иван Ковалев (ШҚО)
3. Тілек Кәдірханов (ШҚО)
3. Самат Нысанов (Алматы қ.)
56 келі:
1. Сұлтан Зауырбек (ОҚО)
2. Қайсар Тұрсынбай (ОҚО)
3. Мұнарбек Сейтбек уулу (Қырғызстан)
3. Мирас-әли Сәрсенов (Алматы қ.)
60 келі:
1. Әбілхан Аманқұл (Тараз)
2. Ернұр Өлмесбек (Қызылорда)
3. Райымбек Төкенов (Ақтөбе)
3. Саят Мұратбеков (ШҚО)
64 келі:
1. Аян Қалибеков (Алматы қ.)
2. Джахар Париев (Алматы обл.)
3. Сұлтанбек Есенов (Алматы қ.)
3. Әділет Дәмеш (Ақтөбе)
69 келі:
1. Еламан Серікбай (Алматы обл.)
2. Владислав Столбовский (Қарағанды)
3. Аслан Әлдиярбек (Алматы қ.)
3. Илья Очкин (Кереку)
75 келі:
1. Бекжан Бәкіров (Тараз)
2. Рамазан Тәуекел (Тараз)
3. Ислам Қойшыман (ОҚО)
3. Арсен Ахметов (Алматы обл)
81 келі:
1. Вадим Казаков (Ақмола)
2. Тимур Ержанов (ШҚО)
3. Салауат Төлеубаев (Алматы обл.)
3. Нұрсұлтан Жалғасов (Қызылорда)
91 келі:
1. Темірлан Қабиев (Қостанай)
2. Қуаныш Мырзаханов (Алматы обл.)
3. Нұрболат Сермаханов (Астана)
3. Абылай Бақторазов (Маңғыстау)
91+ келі:
1. Елдос Қадырбаев (Алматы обл.)
2. Дмитрий Зиско (Қарағанды)
3. Құрмантай Нұров (ОҚО)
3. Далер Сүлейманов (Тәжікстан)