Жетісуда «жекпе-жек» деп атой салып...
Жаугершілік заманда «жекпе-жек» деп атой салған батыр бабаларымыздың өр рухы қайта жаңғыртылуда. Қараша айының басында Талдықорғанда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұлттық жекпе-жек өнерінен «Жетісу арланы» атты халықаралық турнир өтті.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Республикалық жекпе-жек федерациясы ұйымдастырған білекті де жүректі жігіттердің дүбірлі додасына жерлестерімізбен қатар көрші Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мемлекеттерінен келген спортшылар қатысып, тоғыз салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Турнир қорытындысы бойынша ең үздік деп танылған спортшыға «Жетісу арланы» атағы берілуі тиіс болатын. Сондықтан көрермендерге лық толы «Жастар» спорт сарайында өткен жекпе-жектерде жеңіс үшін аянып қалған спортшы жоқ. Жан алысып, жан беріскен қоян-қолтық айқастар барысында жерлестерімізге қонақтар да, әсіресе, айыр қалпақты ағайындар мейлінше қарсылық көрсетіп бақты. Ерекше атап өтерлігі, қырғыз бауырларымыздың арасынан 52 келі салмақ дәрежесіндегі 18 жастағы жас батыр Азатбек Анарбайұлы тамаша өнер көрсетті. Азатбек жастығына қарамастан, барлық қарсыластарын айқын басымдықпен тізе бүктірді. Ал жерлестеріміздің ішінен 90 келіден жоғары салмақта бас жүлдені жеңіп алған Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Исатай Мақарамовты бөле-жара атап өтуге болады. 20-дан жаңа асқан Исатай жартылай финалда астаналық Жан Жақсыбаевты оң аяғымен жағынан теуіп, есінен тандырды. Сөйтіп, делебесі қозған жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Ал алма-кезек шабуылмен өрбіген тартысты ақтық айқаста талдықорғандық Олжас Ахметхановты қол ауырту әдісімен «қармағына» түсіріп, жеңілгенін мойындауға мәжбүр етіп, бесаспап шебер екенін көрсетті.
Исатай Мақарамов, турнир жеңімпазы:
– Мен мұндай халықаралық деңгейдегі жекпе-жек додасына тұңғыш рет қатысып тұрмын. Сондықтан турнир алдында біршама қобалжыдым да. Бірақ жас кезімнен күреспен, кикбокспен ыждағатты түрде айналысуым жеңіске жетуіме септігін тигізді. Бұл турнирде біршама тәжірибе жинақтадым. Енді алдағы желтоқсан айында Алматыда өтетін үлкен халықаралық додаға барымды салып дайындаламын.
Сабыржан Махметов, ҚР жекпе-жек федерациясының президенті:
– Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды деуге толық негіз бар. Бұл – республикалық жекпе-жек федерациясы құрылғалы бергі өткізіп отырған үшінші дүбірлі додамыз. Жүлде қоры да қомақты болды. Көрші елдерден келген спортшылар мен олардың бапкерлері ризашылықтарын білдіріп, қазақ жекпе-жегін халықаралық деңгейде дамыта түсуге белсенді атсалысатындықтарын білдірді. Ал біздің қазіргі басты мақсатымыз – осындай дүбірлі додалар арқылы еліміздегі білекті де, жүректі жекпе-жек майталмандарын іріктеп, толыққанды ұлттық құрама жасақтау. Өкінішке қарай, бұл турнирде «Жетісу арланы» атануға лайық жігітті көре алмадық. Десек те, болашақта әлемнің атақты жекпе-жек шеберлеріне (ережесіз төбелес майталмандарына) азу батыра алатын арландарымыз да, көкжалдарымыз да шығатынына сенімдімін. Сол үшін аянбай тер төгеміз. Бұйыртса, сол күнге де жетерміз.
Шынымен де, «Жетісу арланы» халықаралық турнирінің жүлде қоры қомақты болды. Жеңімпаз атанған жігіттерге 1000 АҚШ доллары сомасында сыйақы табыс етілсе, олардың бапкерлеріне 500 доллардан берілді. Ал күміс жүлдегерлер 500 доллар, қола жүлдегерлер 300 доллар сомасындағы сыйақыға қол жеткізді.
«Жетісу Арланы» халықаралық турнирінің жеңімпаздары:
52 келі: Азатбек Анарбайұлы (Қырғызстан)
57 келі: Рүстем Сайдуллаев (Алматы қаласы)
62 келі: Камил Ибишев (Алматы облысы)
67 келі: Алмасбек Қолшараев (Алматы облысы)
72 келі: Ақтілек Жұмабекұлы (Қырғызстан)
78 келі: Алексей Бодюков (Алматы қаласы)
84 келі: Игорь Свирид (Алматы қаласы)
90 келі: Георгий Емельянов (СҚО)
+90 келі: Исатай Мақарамов (СҚО)
Бейресми жалпыкомандалық есеп: