Бала асырап алған жағдайда Үкіметтен көмек беріле ме?
Мен кішкентай сәби асырап алғым келеді. Мұндай кезде бізге Үкіметтен көмек беріле ме?
Нұрай, «Алаш айнасының» сайтына түскен сұрақтан.
Бала асырап алған отбасыға мемлекет түрлі материалдық төлемдер төлейді. «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңның 4-бабына сәйкес туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алынған балалары бар отбасылар төмендегілерді алуға құқылы: 1.Туғандағы жәрдемақы (егер бала жаңа туған болса); 2.Күтімі бойынша жәрдемақы; 3.Азық-түлік себетінің құнынан төмен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы жағдайындағы жәрдемақылар; 4.Мүгедек баланы тәрбиелейтіндерге жәрдемақы. Жаңа туған баланы асырап алғанда сіз сондай-ақ барлық тиісті төлемдермен Декреттік демалысқа шыға аласыз.
Сондай-ақ 2015 жылы елімізде бала асырап алушыларға берілетін бір реттік төлемнің мөлшері 75 айлық есептік көрсеткішке (1АЕК-1852 теңге) дейін өспек. Ол 138 900 теңгені құрайды. Бұл төлем бала асырап алушыларға 2015 жылдан бастап берілмек. Мұнан бөлек асырап алынған әр балаға 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 18520 теңге алып отырады. Патронаттық тәрбиеге алған арнайы білімі бар азамат осы жәрдемақыдан бөлек 60-70 мың, білімі жоқтары 30-40 мың теңге көлемінде еңбекақы алады.