2012: галактикалық үндесу мен эволюциялық ілгерілеу табалдырығы
Әділ Ахметов, сенатор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Майя күнтізбелерін жете зерттеген әйгілі ғалым Хосе Аргуэлльес 2012 жылды бүкіләлемдік эволюциялық ілгерілеу мен галактикалық синхрондық үндесу кезеңі деп бекер атамаған. Себебі аталмыш жыл 5000 жылдық тарихы бар тас ескерткіштерге таңбаланған байырғы майя күнтізбесіндегі сәуегейлік дәуірдің соңы болмақ. Дәлірек айтқанда, 2012-дегі 21 желтоқсан – 13 бөліктен тұратын майялардың 5126 жылдық Ұлы циклінің аяқталып, бір жүйеге кіретін Күн, Меркурий, Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун және Плутон сынды он ғаламшардың галактикалық мүшелден шығатын мезгілі. Түн ортасында Күн мен Түн теңеліп, кезінде Исаак Ньютон ашқан тартылыс заңының ғаламат күшінің әсерінен Күн де, Жер де, Күн жүйесіндегі өзге ғаламшарлар да аспан әлеміндегі Құс жолының экваторынан өтетін галактикамыздың дәл ортасындағы «қара тесікке» бағытталған ось бойына сап түзейтін болады. Бұл ғажап құбылыстың нақты болар мезгілін математика тұрғысынан әлемде алдына жан салмаған майя абыздары біздің заманымыздан 3114 жыл бұрын болжап, тіпті келесі галактикалық шерудің 26000 жыл өткен соң ғана қайталанатынын кесіп-пішіп кеткен сыңайлы.
Ұлы цикл тамамдалатын 2012 жыл – бұл күнде бүкіл әлем назарында. Оның үстіне аталмыш галактикалық құбылыстың тым жақындап қалғанын қазіргі заман астрономдары да теріске шығарып отырған жоқ. Сондықтан небір айтулы ғалымдардың дәйекті пайымдарымен қатар, сан қилы сәуегейлік болжамдар да, қорқынышты алыпқашпа мақалалар да, фантастикалық кино-баяндар мен кітаптар да кесе-көлденеңдеп, сайысқа түсуде. Пікір білдірушілердің ішінде әйгілі визионерлер де, футурологтер де, социологтер де, экофилософтар да баршылық. Олардың бір бөлігі 2012 жылы орын алатын әлгі құбылысты тек қана жамандыққа жорыса, екінші бөлігі оны бүкіл әлемнің қайта түлейтін, адамзат санасының самғап көтеріліп, күрт ілгерілейтін әрі тазаратын мезгілі деп, жақсылыққа жориды. Сондықтан жамандық өзімен кетсін деген ниетпен жамандықты жастанған ой-пікірлерден ат-тонды аулақ ұстап, тек жақсылыққа бағытталған әрі ғылыми дәлелдермен дәйектелген түйінді пайымдарды ортаға салғанды жөн көрдік.
Ендеше, байырғы заманда қазіргідей озық технологиясыз-ақ ғылым мен білімнің, әсіресе математика мен архитектураның, шыңына жетіп, аспан денелерінің сан қилы циклдерін қолмен қойғандай дәл анықтап, уақыт пен кеңістіктің сырын терең ұққан, болашақты да дәл болжай білген және соның нәтижесінде әлемде теңдесі жоқ озық өркениет орнатқан майялардың психикалық болмыс-бітімін олардың шамандық наным-сенімдерімен ұштастыра зерттеген, «2012 жыл: Кецалькоатлдың қайта оралуы» және де басқа кітаптар мен Американың ең айтулы журналдарында жарық көрген ондаған ғылыми мақалалардың авторы Дэниел Пинчбек түйіндеген соны пайымдарға бір сәт назар аударайық.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Ғалым өз еңбектерінде 2012 жылы орын алуы мүмкін қауіп-қатерді жоққа шығармайды, бірақ әлгілердің салдарын азайтатын тиімді жолдардың да бар екенін ескерте келіп, олардың үлкен қарқынмен өзгеріп келе жатқан адам санасымен байланысты екенін алға тартады. Дэниел Пинчбек қазіргі кезде адам санасын өзгертуге итермелеп отырған басты себептерді үш топқа бөледі. Бірінші топқа – экологиялық дағдарыс пен күрт өзгеріп келе жатқан климатты және соның салдарынан тұқымы құрып бара жатқан жан-жануарлардың кейбір түрлері мен табиғи байлықтардың сарқылуын, екінші топқа – тез ілгерілеп келе жатқан ақпарат технологияларын, әсіресе өте жылдам дамып келе жатқан интернет ғаламторы мен ұялы байланыс құралдарын, сол сияқты келешекте салдары жойқын апатқа соқтыруы мүмкін нанотехнологияларды, ал үшінші топқа қолмен ұстап, көзбен көруге әсте болмайтын телепатиялық, экстрасенсорлық немесе психофизикалық құбылыстарды жатқызады. Жоғарыда аталғандардың бәрі де адам санасы мен психикасының өзгеруіне үлкен ықпал жасайтын факторлар екенін айта келіп, ғалым ең соңғы топтағы адамның телепатиялық, экстрасенсорлық және психофизикалық қабілеттеріне айрықша мән беру керектігіне назар аударады. Себебі Дэниел Пинчбек өзі сияқты адамның әлгіндей ерекше қабілеттерінің сырын ұғуды зерттеу жұмысының негізгі өзегіне айналдырған ағылшын ғалымы Руперт Шелдрейк енгізген «адам психикасының морфогенетикалық өрісі» деген терминді басшылыққа ала отырып, телепатиялық қасиет пен қабілет көпшілік назарына іліккен сайын және оларға көңіл неғұрлым көбірек бөлінген сайын күшейе түсетінін алға тартады. Ғалымның бұл пайымы негізсіз емес. Өйткені мұндай тұжырымға ол майя шамандарымен (бақсыларымен) етене араласа жүріп, олардың морфогенетикалық өрісін зерттеу барысында көз жеткізген. Морфогенетикалық өрістің иттерге де тән құбылыс екенін Руперт Шелдрейк нақты дәлелдепті. Ғалым әртүрлі иттермен арнайы бейне жүргізіп, олардың бөлмелеріне арнайы орналастырылған бейнекамералар арқылы 200 шақты иттің телепатиялық қабілетін анықтаған. Ғалым иттердің алыста жүрген иелерінің үйге бет алған әрбір сәтін айнытпай сезіп, мазасыздана бастайтынына көз жеткізген.
Ғылым мен адамзаттың рухани құндылықтарының байланысын өз зерттеулерінің басты нысанасына айналдырған әрі адам санасы мен сенімінің ғаламды өзгерте алатын қуатты күш екеніне өзінің де, өзгенің де көзін жеткізген әйгілі америкалық ғалым Грегг Брейденнің құнды пікірі де айтуға тұрарлық. Ол – байырғы майялар ашқан астрономиялық заңдылықтар мен олардың сәуегейлік ой-пікірлерін қазіргі физика ғылымының нәтижелерімен сабақтастыра зерделеп, кванттық теориямен шебер ұштастыра білген ғұлама. Кезінде «Мартин Мариэтта Аэроспейс» компаниясының әуе-ғарыштық компьютерлер жүйесін жасақтап, «Сиско Системс» корпорациясының техникалық жетекшісі болған Грегг Брейденнің ғылыми туындылары бүгінде 14 тілге аударылып, 23 елде жарық көрген. Ол – «Сана коды», «Құдіретті матрица» секілді бірнеше құнды еңбектің авторы. Ойшыл ғалым 2012 жылдың соңына таман орын алатын жоғарыда аталған галактикалық құбылыстың салдары Жер магнит өрісінің өзгеруіне немесе магнит полюстерінің күрт ауысып кетуіне (инверсияға) әкеліп соқтыруы да мүмкін деген болжам жасайды. Брейден өз пайымдауларының негізсіз емес екендігінің дәлелдері ретінде Күн бетіндегі дақтар мен алпауыт магнит дауылдарының араға 10-11 жыл салып қайталанып, бұрынғыдан бетер үдеп отыратынын, сол сияқты, 2000 жылы шегіне жеткен Жердің магниттік белсенділігінің қазіргі кезде 38 пайызға төмендегенін тілге тиек етіп, әлемде 1800 жылдан бермен қарай жүргізіліп келе жатқан ғылыми тәжірибенің нәтижесі көрсетіп отырғандай, соңғы 100 жылда Жер магнетизмінің 7 пайызға кеміп кеткенін көлденең тартады. Ғалым сілтеме жасаған және бір геологиялық дереккөзге қарағанда, кейінгі 76 миллион жыл ішінде магниттік инверсия Жерде – 171 рет, оның ішінде соңғы 4,5 миллион жыл ішінде 14 мәрте қайталанған сыңайлы.
Грегг Брейденнің адам санасына қатысты басқа пайымдаулары да ешкімді бейжай қалдырмайды. 1993 жылы ғалым Жердің магнит өрісі ауытқуының адам миына қаншалықты әсер ететінін анықтау үшін халықаралық деңгейде нысаналы зерттеу жүргізген бір топ ғалым ашқан керемет жаңалықтың куәсі болғанын айта келе, зерттеу нәтижесінде әлгі ғалымдар, біріншіден, адам миында миллиондаған магнит бөлшектерінің бар екенін дәлелдесе, екіншіден, әлгілердің Жер магниті өрісімен тікелей үн қатысып отыратынына көз жеткізген. Бұл ғажап ғылыми жаңалық Брейденге өзін көптен ойландырып жүрген және бір жұмбақ құбылыстың сырын ұғуға жол ашады. Адам миындағы магнит бөлшектерінің сырттан келетін электромагниттік тербелістерді қабылдайтын қасиеті мен қабілетін Грегг Брейден музыканттар мен суретшілердің Ай толған сәтті асыға күтетінінің ең басты себебі деп пайымдайды.
«Ойды ой қозғайды» демекші, жоғарыда аталған заңдылыққа сүйенсек, Айдың электромагниттік өрісі теңіз суларының ауық-ауық жағадан аулақтап, тартылуы мен кейін серпілуіне қалай әсер етсе, адамзатқа да, фауна мен флораға да дәл солай әсер ететін болғаны ғой. Демек, Брейденнің Айдың электромагниттік қуатын адам миындағы магнит бөлшектерге тікелей әсер ететін, шабытын шалқытатын фактор ретінде қарастыруы – санаға қонатын пайым. Өйткені ғылым дәлелдеген және бір дерек бойынша, Жердегі судың көлемі мен адам ағзасындағы судың құрамы 70 пайызды құраса, адам миындағы бұл көрсеткіш 85 пайызға теңеледі екен. Демек, теңіз суларын қозғайтын Айдың қуаты адам миындағы суға да дәл солай әсер ететінін түсіну қиын болмаса керек.
Өз тұжырымының дұрыстығын тереңірек дәлелдей түсу үшін Грегг Брейден және бір-екі мысал келтіреді: 1909 жылы британдық физик Джефри Инграм Тейлор ғылыми тәжірибе жасап, әлгі тәжірибені сырттай бақылаған адамның электромагниттік өрісінің немесе тербелісінің тәжірибе жасалған бөлмедегі кванттық бөлшектердің «тәртібіне» тікелей әсер еткеніне көз жеткізеді. 1998 жылы Тейлордың әлгі тәжірибесін Израильдің Вейцман институтының ғалымдары да қайталап, тура сондай нәтижеге қол жеткізеді. Олар Тейлор ашқан жаңалықтың дұрыстығына көз жеткізіп қана қоймай, әлгіндей тәжірибеге неғұрлым көп адамның назары ауса, тәжірибе де соғұрлым нәтижелі болатынын дәлелдеген. Грегг Брейден аталған тәжірибелердің нәтижесін негізге ала отырып, адамзаттың санасы бір фокусқа бағытталса, өте пәрменді қуат көзіне айналатынына титтей де күмән келтірмейді. Демек, көпшілік қауым біле бермейтін бұл құбылысты бүкіл адамзат білетіндей етіп дәріптеу қажеттігі сұранып-ақ тұр. Оның үстіне адам санасының пәрменді күш екенін басқа ғалымдар да құптайды. Мысалы, Жапония ғалымы Масару Эмотоның сана қуатына қатысты көзқарасы Руперт Шелдрейк пен Грегг Брейденнің пайымдарын одан бетер тереңдете түседі. Судың қасиеті мен қыр-сырын жан-жақты зерттеп, әлемдік мәні бар жаңалықтар ашқан Масару Эмото – төл тіліміздегі «Судың да сұрауы бар» деген аксиоманың негізсіз емес екенін ғылыми тұрғыдан шыңына жеткізе дәлелдеген данышпанның дәл өзі. Мысалы, ғалымның еңбектеріне www.spiritofmaat.com (интернет-журнал) берген оң пікірдің орысша мәтіні былайша сөйлейді: «Масару Эмото расшифровывает информацию, заложенную в кристаллах замороженной воды, – и получает потрясающие результаты! Если вы до сих пор сомневаетесь в том, что ваши мысли воздействуют на мир вокруг вас, познакомтесь с трудами Эмото». Әлемдік ғаламтор жүйесінің бірі – Крайон сайты (www.kryon.com) жариялаған төменгі жолдар алдыңғы пікірдің мәнін тереңдете түседі: «Эксперименты японского ученого Масару Эмото убедительно демонстрируют влияние, оказываемое человеческим сознанием на материю – в данном случае на воду» (бұл пікірлер ғалым еңбектерінің 2006 ж. орыс тілінде жарық көрген нұсқаларынан алынғандықтан, сол қалпында беріліп отыр).
Шындығында да, Масару Эмото – судың көре алатын, ести алатын, тіпті естіген-көргендерін жадына тоқи алатын және жақсы сөз бен жаман сөзді ажырата білетін, тіпті құлақ құрышын қандыратын сазды музыкадан судың «жадырап», дөрекі сөз бен ұнамсыз үннен «күйзелетін», бірақ химиялық құрамы үнемі тұрақты қалпында қалып, физикалық құрамы толассыз өзгеріп отыратын ғажайып қасиеттерін жан-жақты аша білген ғалым. Масару Эмотоның зерттеу жұмыстарының ең басты құндылығы судың адам санасы мен жан дүниесіндегі эмоциясын табан астында сезе қоятын қабілеті мен бүкіл жаһандағы сан қилы электромагниттік тербелістердің бірін қалдырмай біліп отыратын әрі сіңіріп алатын мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеп бергендігінде жатыр. Адамзат армандап жүрген ортақ тілді ғұлама ғалым судан, дәлірек айтқанда, судың мұз қалпындағы кристалдарын микроскоп арқылы зерттеген кезде табады. Адам санасының судың физикалық құрамын өзгерте алатын қуатын басшылыққа ала отырып, 1999 жылы Масару Эмото Жапонияның ең үлкен көлі – Биваны тазартуға бел байлайды. Себебі дәл сол кездерде «Бива таза болса, Жапонияның барлық суы таза болады» деген жапондықтардың ескі мақалы мәнінен айырылғандай болып, бүкіл халық пір тұтатын әлгі көл қалың балдырдан қатты ластанып, иістене бастапты. Масару Эмотоның ұйымдастыруымен белгілі бір келісілген уақытта Жапониядағы «Киелі құрсақ» немесе «Ана Көл» атанып кеткен Биваның жағасына 350 шақты адам жиналады. Олардың арасына 97 жастағы аузы дуалы әрі сөз рухын өте қадірлейтін Эмотоның ұстазы Нобуо Сиоя есімді абыз ақсақал да келіп қосылады. Келген адамдардың басты мақсаты – Жаратқанға жалбарынып, Биваның тазалығы мен әлемнің тыныштығын тілеп, ниет қылу болған. Ұстаз ақсақалдың басшылығымен 350 адам қосыла шырқаған дұғалы ән айналаны жаңғыртып, көл айдынын шарлап кетеді. Әлгі басқосудан кейін бір ай өтпей-ақ жергілікті газеттер киелі көлдің тазара бастағаны жайлы ақпарат таратады. Осыдан соң Масару Эмотоның адам санасы мен сол санадан өрбитін сөз рухының материяны өзгерте алатын қуатына деген сенімі бұрынғыдан да күшейе түседі. Ғалым енді бұл құбылыстың ғылыми негізін іздейді. Іздеген жоғын ол әйгілі Альберт Эйнштейннің қуат табиғатын бейнелейтін E=MC2 формуласынан табады. Себебі әлгі формуланың мәні қуат (E) масса (M) мен сәуле (C) жылдамдығы квадратының көбейтіндісіне тең деген заңдылықты білдіреді. Бірақ Масару Эмото Эйнштейн формуласындағы сәуле деген ұғымды сана деген ұғыммен алмастырып қолданады. Меніңше, жапон ғалымын осы бір батылдығы үшін жазғырудың реті жоқ сияқты. Өйткені сананың жылдамдығы сәуленің жылдамдығынан озбаса, қала қоймайды ғой. Ал енді осы тұрғыдан Эйнштейн формуласын қолданып, Жер бетіндегі алты миллиард халықтың қуатын соншама халықтың массасы мен соншама адамзаттың сана жылдамдығының квадратына көбейтсек, нәтижесі шексіз квинтиллиард сан боларын көзге елестету қиынға соқпаса керек. Демек, санадан шыққан электромагниттік импульс бүкіл галактиканы шарлап кететініне күмән келтіруге болмайды. Мұндайда арақашықтықтың қандай да бір алыстығы адам санасының жылдамдығына тосқауыл бола алмайды. Оның үстіне қазіргі ғылымдар сырын ұға бастаған телепатиялық құбылыс пен көріпкелдіктің де астарында кванттық физиканың қағидалары жатқанын кейінгі кезде ашылған ғылыми жаңалықтар мен заңдылықтар толық дәлелдеп отыр.
Дәл осы тұста дана халқымыздың «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген жұмбақ нақылы еріксіз еске түседі де, көңілдің жүйрік екенін бірден мойындайсың. Өйткені көңілдің көзі сана емес деп кім айта алады?! Оны былай қойғанда, сана қуаты мен санадан бастау алатын сөз магиясының қуатына сену – әлемдік әмбебап феномен. Мәселен, өз тіліміздегі «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Көп тілесе, көл болады», «Батамен ер көгереді» секілді мақал-мәтелдермен қоса, тұрмыс-салтымыздағы ежелден келе жатқан жақсылыққа бағыштап, жастарға бата беру, асқа бата беру немесе ертеректе құрғақшылық жылдары Жаратқаннан жаңбыр тілеп, тасаттық беру дәстүрі еріккеннің ермегі емес қой. Мұның барлығы да – адамзаттың сана қуатына, санадан өрбитін сөз құдіретіне сенудің өмірдегі шынайы көріністері. Сосын мұндай сенімнің бүкіл адамзатқа тән құбылыс екені де дау туғызбайды. Өйткені жоғарыдағы ғылыми тәжірибелердің нәтижелері осы пікірді жан-жақты дәлелдеп тұр.
Демек, бұдан шығатын қорытынды мынау болмақ: 2012 жылдан адамзат тек жақсылық күтсе ғана аман өтеді. Сосын, ғаламшарлар сапқа тұратын 2012 жылды адамзат санасын өзгертетін және оны галактикалық деңгейге көтеретін ұлы табалдырық деп қабылдау қажет. Дәл осы жерде басын ашып айта кететін және бір шындық мынау – мүшел жаспен байланысты орын алатын қауіп-қатерлерді жоққа шығаруға мүлде болмас, бірақ майя күнтізбесіндегі Ұлы циклдің соңын «ақырзаман» деп қабылдаудан аулақ болған дұрыс. Өйткені ондай циклдер бұрын да болған, кейін де бола береді. Мәселен, майялардың есебі бойынша, келесі циклдің реттік саны бесінші болмақ. Себебі майя космологиясында келесі Ұлы цикл Бесінші Күн деп аталады. Демек, тіршіліктің жалғаса беретініне майя астрономдары мен астрологтері де күмән келтірмеген. Ендеше, 2012 жылы болатын ғаламшарлар шеруін тек жақсылыққа бастайтын ұлы нышанға жорып, сана фокусын да тек жақсылыққа бағыттау – жарқын болашағын ойлайтын әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан 2012 жылды адамзат санасын галактикалық деңгейге көтеретін, жамандық біткеннің бәрін артта қалдырып, САНАНЫ тазартатын, бүкіл адамзатты жаңа да Ұлы дәуірге шығарып салатын киелі табалдырық деп қабылдайық, ағайын. Бұл Ұлы сенімді адам санасына ұялататын әмбебап тетік тек ақпарат құралдары екенін ескере отырып, осы мақсатқа тез жету үшін газеттер мен журналдар, радио мен телеарналар және интернет желілері жақсылық идеясын дәріптеуге жұмыла кіріссе, нұр үстіне нұр болар еді деген тілек білдіргім келеді.