Допинг және ғылым
Бүгінгі таңда үлкен спортта жеңіске жету жылдан-жылға қиындап барады. Өйткені халықаралық дүбірлі додаларда топ жарып, жүлдеге ілігудің маңызы арта түскен. Спортта жеңіске жетудің саяси мәні мен қаржылай ынталандырылуы бәсекелестікті шектен тыс күшейтіп жіберді.
Сондықтан жеңіске жетудің барлық жолы қарастырылады. Жан-жақты зерттеліп, ұсақ-түйектің бәрі ескерілетін болған. Мәселен, спортшылардың жабдықтарының жоғары сапалы болуы оның көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Бұл тұрғыда биатлонды алайық. Мұнда спортшының шаңғысы жақсы болуы керек, ол қардың ылғалдылығы мен тығыздығы ескеріле отырып, дұрыс майлануы қажет. Сондай-ақ жамбы ататын қаруы да соңғы үлгідегі қымбат мылтық болса, мұндай спортшының жоғары нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі арта түседі. Ал бірқатар спорт түрінде спорттық киімнің сапасына да айрықша көңіл бөлінеді. Жүзу спортындағы жағдай тіптен бөлек. Онда адамның шашы тұрмақ, денесінде түк болмауына көңіл бөлінеді. Сондықтан жүзгіштер арнайы баскиім киіп, денелеріндегі және аяқтарындағы түктің бәрін қырып тастайды. Бұл олардың жылдамдықтарының жоғары болуына септігін тигізеді. Яғни әлемдік спортта қазір әрбір милисекунд үшін қызу бәсекелестік орнап, спорттық ғылым әрбір секунд үшін күресуде.
Мұның бәрі қазіргі заманда спорттың ғылыми тұрғыда қарыштап дамып бара жатқанын білдіреді. Спорттық медицина мен ғылымға сүйену арқылы өте жоғары жетістіктерге қол жеткізуге болатынына көз жеткізілді. Төрткүл дүние қазіргі заманғы спорттың фармакологиясыз нонсенс екенін жете түсініп, спорттық медицина мен ғылымға ерекше көңіл бөлуде.
Қазіргі кезде Америка, Қытай, Германия және тағы да басқа көптеген елдің спортшылары үлкен жетістіктер мен жоғарғы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Тіпті адам таңғалатын көрсеткіштерді іс жүзінде бағындырып жүрген спортшылар да бар. Бұл өркениетті мемлекеттерде спорттық ғылым мен медицинаның дәуірлеп бара жатқандығын білдіреді. Әсіресе ежелден халықтық медицинасы жақсы дамыған Қытай қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде үлкен спортта сүбелі жеңістерге жетіп, осы саланың көшбасшыларының біріне айналды. АҚШ спортшыларының тез қалпына келуі де – көпшілік үшін жұмбақ. Мысалы, суда жүзу спортындағы саңлақтар Олимпиада ойындарында бірнеше алтын алып, күнде рекорд жаңарта алады. Әр күн сайын өз көрсеткіштерінен асып түсіп отырады (Ал біздің жүзгіштер, керісінше таңертеңгі жарыстағы көрсеткішінен кешке қарай асып түсе алмай әлек...).
Ал спорттық ғылымы мен медицинасы жақсы дамыған елдер өз құпияларымен бөліспейді, әрине. Олар спорттық ғылымдарын одан әрі жетілдіре түсіп, ал басқалары ізденіс үстінде...
Қазіргі заманғы спортта ғылыммен қатар жоғары жетістікке жетудің басқа бір төте жолы бар. Ол – допинг. Бірақ оның өзі ғылымсыз абырой әпермейді. Бүгінде көптеген елдің спортшылары дәл осы допингінің қармағына ілігіп, бірқатар ірі халықаралық додалардан шеттетіліп жүр. Бұл әрі жиі-жиі болып тұратын жағдай. Біздің қазақстандық спортшылардың ішінде де допингінің құрбаны болғандары бар. Неге?..
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, бұрынғы социалистік елдер тобында болған мемлекеттер мен дамушы елдердің спортшылары неғұрлым арзан, ағзада дақ қалдыратын дәрі-дәрмектермен «ұсталып» қалып жүрген көрінеді. Мұндай дәрі-дәрмектердің ізі шамамен үш айға дейін сақталады екен. Ал спорттық медицинасы мен ғылымы қарыштап дамыған елдер допингтің «ізін» қалдырмаудың жолдарын білетіндей...
Бұл жерде кейбір елдер спортшыларға жалпылама қарап, бәріне бірдей жағдай жасап, бәрін бірдей дайындаса, қайсыбір елдер әр спортшының ағзасы әртүрлі болатындығына ден қояды. Әр спортшыны жекелей баптауға назар аударады. Бұл жердегі айырмашылық – спорттық ғылымы мен медицинасы дамыған елдер дәрумендер қолданудың жаңа әдіс-айлаларын тауып, «тазы болып шалып» жүруі де мүмкін.
Мысалы, велоспорттан «Тур де Франс» секілді әйгілі көпкүндікті алайық. Велошабандоздар 23 күнде екі-ақ тәулік демалып, орта есеппен күніне 160 шақырым қашықтыққа жарысып отырады екен. 23 күн бойы қарқындарын жоғалтпай, жоғары жылдамдықпен жүйткуі үшін күн сайын спорттық қалпына тезірек келтіру үшін не істеу керек? 23 күн бойы бірер сағат ой-шұңқырлы, тау-дөңесті жолдармен шайтанарба үстінде жоғары жылдамдықпен зырлап қана қоймай, жеңіске жету керек емес пе?
Спортшыларды осындай ұзын сонар бәсекеде тезірек қалпына келтіру үшін, күш-жігерін арттыру үшін дәрумендер немесе биологиялық белсенді қоспалар қолдану өмірде бар тәжірибе сияқты. Тек оның құрамында тыйым салынған дәрі-дәрмектер болмаса болды. Ал осындай қазы-қарта мен қымыздан да нәрлі дәрумендер немесе биологиялық белсенді қоспалар дайындау үшін озық технология мен ілімді ғылым керек.
Міне, бүгінгі жағдай – осы. Спорттық ғылымы дамыған елдер «қалауын тауып, қар жағып» жүр. Болашақта спорттың да ғылымсыз аттап басуы қиын болатын шығар. Ал біз әзірше (негізінен, дегеніміз де дұрыс болар) шетелдік мамандар мен бапкерлер шақыртып, спортшыларымызды соларға баптатып-дайындатып жүрміз. Түбі қазы-қарта, қымыз-шұбат деп жүре бермей, спорттық ғылымымыз бен медицинамызды түбегейлі дамытпасақ болмайтын шығар.