Басқа елдерде зейнетке қанша жаста шығады?
Елімізде әйелдердің зейнеткерлік жасын сатылап көтеру туралы бастама біршама талас тартысқа түскені білгілі. Дегенмен зейнетақы жүйесіне бұл өзгеріс енгізілді. Осы орайда басқа елдерде зейнетке қанша жастан бастап шығатыны туралы білгім келеді.
Әрзия Алпамысова, Қарағанды қаласы
Рас, қазір көптеген елдер қаржы дағдарысына қатысты зейнеткерлердің жасы мен зейнетақы мөлшерін қайта қарау туралы мәселе көтеріп жатыр. Және бұл бастама шешімін тауып іске асырылып та жатыр. Осы орайда біз де бірқатар елдердің зейнеткерлік жасына шолу жасап көрген едік. Мәселен АҚШ-та Зейнетке шығу жасы 1937 жылға дейін туғандар үшін 65 жас; 1943-1955 жылдар аралығында туғандар үшін 66 жас; 1960 жылдан кейін туғандар үшін 67 жас. Ұлыбританияда зейнетке шығу жасы: Ер адам үшін 65 жас, әйел адамға 60 жас; 2020 жылға дейін ер және әйел адамдар үшін 66 жасқа ұзартылады деп күтілуде. Францияда ер және әйел адам үшін де 62,5 жас. Толық зейнетақы алу үшін 67 жас. Ал көрші Қытай елінде зейнетке шығу жасы ер адам үшін 60 жас; әйел адам үшін істеген жұмысының қиындығына байланысты 50 немесе 55 жас. Тағы бір көршіміз Ресейде зейнетке шығу жасы: ер адам үшін 60 жас, әйел адам үшін 55 жас. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, мемлекет қызметіндегі ер адам 65, әйел адам 63 жаста зейнеткерлікке шығады.
Алаш айнасы