Massaget.kz "Экономика сабақтарын" бастайды
Экономика дегеніміз не? Ол қашан пайда болды? Экономика ғылымы қандай салалардан тұрады? Олардың берер пайдасы қандай? Экономикасыз іс бастауға бола ма?
Бұл сұрақтардың жауабын экономика ғылымы туралы анықтамалықтардан іздеп табуға әсте болады. Бірақ, тіл шатастырарлық жаңа атаулар мен терминдердің, олардың мағынасының өзі күрделі болса, экономика туралы сөз қозғаудың өзі қиынға соғады. Қарапайым тілмен түсіндіруге бола ма? Әрине, болады.
Құрметті оқырмандар! Massaget.kz порталы Samruk Kazyna Trust компаниясымен біріге отырып, қарашаның 21 күнінен бастап экономика ілімі туралы видео-дәрістер жүргізеді. Ұзын саны 25-ке тартатын дәрісте экономикалық ғылыми терминдердің мағынасы кеңінен ашылады. Жүргізуші мен экономист аталған ғылымды қарапайым тілде жеткізеді.
21-27 қараша аралығында алғашқы бес дәріс өтеді. Мұнда экономика туралы жалпы мағлұмат беріледі. Даралап тізсек...
1-дәріс (21 қараша). Алғашқы дәрісте экономика ғылымы туралы жалпы түсінік беріледі. Бұл терминді ойлап тапқан Аристотельден бастап, экономиканың қазіргі күйіне дейін сараланады. Күнделікті көзбен көріп, қолмен ұстап жүрген дүниелердің өзі экономикамен байланысы барын біле аласыздар.
2-дәріс (22 қараша). Екінші дәрісте ресурс, өндіріс, айырбас, қызмет туралы түсінік беріледі. Оған қоса экономика жүйесінің негізгі түрлері ашып көрсетіледі. Қай ел қандай экономиканының тізгінін ұстайтыны туралы да сөз қозғалады.
3-дәріс (23 қараша). Үшінші сабақ кәсіпорын, үкімет және үй шаруашылығы арасындағы байланыс туралы болмақ. Кәсіпорындар арасындағы бәсекелестік, олардың өсуіне кедергі болатын факторлар, экспорт және импорт, қызметкерлер түрлері, айналым қаражатын пайдалану секілді маңызды дүниелерге тоқталады.
4-дәріс (24 қараша). Төртінші дәрісте нарықтық экономика туралы кеңінен айтылады. Нарықтық экономиканың өзге экономикадан қандай артықшылығы барын, оның механизмі туралы толық ақпарат ала аласыздар.
5-дәріс (25 қараша). Бесінші сабақта баға туралы біле аласыздар. Экономика әлемінде бағаның 5 түрлі қызметі бар екен. Баға қай кезде артады, қай кезде құны жоғалады, тауардың бағасы неге тәуелді, әлемде болып жатқан оқиғалар бағаға қалай әсер етеді – осы туралы көп мәліметке көз ашасыздар.