Оңтүстікте егістік жерді тамшылатып суғару қолға алынуда
Оңтүстікте тамшылатып суару жүйесіне қажетті құрылғылары шығаратын зауыт салынады. Су шығынын 2-3 есеге дейін азайтатын осынау жобаны «Golden Camel Group LTD» компаниясы жүзеге асырмақ. Өндірістік қуаты жоғары болып табылатын технологиялармен жылына 1500 га егістік жерді суғаруға болады. Кәсіпорын іске қосылғанда мұнда 120 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Айта кетейік, биылғы 28-29 сәуірде облысымызда өткен «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында «Golden Camel Group LTD» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Түркістан қаласында салынатын инвестициялық жоба өнімдерін негізгі пайдаланушылар жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушылар мен ТМД елдерінің өндірушілері болмақ.
Жалпы, жыл басынан бері облыста тамшылатып суару әдісі қосымша 6 мыңға жуық гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 49,7 мың гектарға жетті. Бұл біздегі аталған жұмыстардың республикадағы үлесі 73% пайыз екенін көрсетеді.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 123 млрд. теңгені құрап, 2 пайызға артты. Егіс көлемі өткен жылдан 13 мың гектарға артып, 788 мың гектарды құрады. Суармалы 466 мың гектар жердің 93% игерілуде (434 мың гектар). Ағымдағы жылы дәндік жүгеріден 108,4мың тонна, көкөністен 811мың тонна, бақшадан 1 252мың тонна, картоптан 195мың тонна, масақты дақылдардан 470 мың тонна өнім жиналды.
-Облыста алғаш рет бидайдың орташа өнімділігі 22 центнерді құрап рекордтық өнім алынды. Былтыр бұл көрсеткіш гектарына 17,8 центнерден аспаған болатын,-деді.
"Алаш айнасы"