Ашаршылықтан соң өнеркәсіп қалай дамыды?
Ашаршылықтан кейінгі екінші бесжылдық жоспарда Қазақстанды индустрияландыруға, әсіресе түсті металлургияны, көмір мен мұнай өнеркәсібін, теміржол тасымалын тездетіп дамытуға үлкен көңіл бөлінді. Жаңа бесжылдықтың талаптарына сәйкес, Л.И. Мирзоян Қазақстанның партия ұйымдарының алдына мынадай міндеттер қойды: Қазақстанның экономикалық және мәдени артта қалушылығын аяғына дейін жою, оны КСРО-да алдыңғы қатарлы ұлттық республикалардың қатарына шығару, халық шаруашылығының барлық саласында техникалық қалпына келтіруді аяқтау, республиканың ауыл шаруашылығын ұжымдастыруды аяқтау.
Екінші бесжылдық жоспары бойынша Қазақстан одақ бойынша қорғасын өндіруден бірінші орынға, мыс өндіруден – екінші, мұнай мен көмірден үшінші орынға шығуға тиіс болатын. Қарағандының алдына Орал мен Еділ бойы металлургиялық зауыттарын кокстелген және байытылған көмірмен қамтамасыз ету, Қарсақпай мен Балқаш мыс комбинаттарын, республиканың теміржолдарын, аудандық электростансыларды, жергілікті өнеркәсіп пен тұрғындардың отынға деген сұраныстарын толық қанағаттандыру міндеті қойылды. Екінші бесжылдықта Қарағандыны дамытуға 252,5 миллион сом қаржы бөлінді, шахта құрылысына бөлінгені – 163 миллион сом, тұрғын үй мен мәдени-тұрмыстық құрылыстың еншілегені – 83 миллион сом. («Народное хозяйство Казахстана», 1934, №4, с-12).
Екінші бесжылдықта пайдаланылатын теміржолдар жүйесінің ұзындығы 47,7% көбеюге тиіс болатын. Жоспар бойынша республиканың негізгі өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы аудандарын Одақтың жалпы теміржол жүйесімен қосу және олардың өнімдерінің тұтынушыға шығарылуы қарастырылған болатын. Мысалы, болашақта қуатты өнеркәсіп тарабын одақтың жолдар жүйесімен қосатын Қарағанды – Балқаш; Қарағанды көмірін Магнитогорға, Бакал мен Ор-Халилов комбинаттарына тасып жеткізу үшін Ақмола – Қарталы; Алтайдың Рудныйын отынмен қамтамасыз етіп, оның өнімін алып шығу үшін Риддер – Рубцовка теміржол желістерінің құрылыстары нысанаға алынды. Екінші бесжылдық тұсында Қарағандының көмірін тұтынатын аудандарының аумағы ұлғайды. Қарағандының көмірімен қамтылуға тиісті жаңа зауыттар, теміржолдар, электростансылар пайда болды.
Халық комиссары
Г.К.Орджоникидзеге
...Мен осы хатта Қарағандының жұмысы мен дамуы үшін ерекше маңызы бар төрт мәселе қойғым келеді.
1. Үлкен электростансы салу туралы. Сіздің бұйрығыңызға қарамастан, бұл стансыны салу үшін осы уақытқа дейін түк те істелінген жоқ. Осы жылы бұл стансының құрылысын мүлде тоқтатып тастады.
2. КарГРЭС-тің кешігіп қалуы мүмкіндігіне байланысты, Қарағанды электр қуатынсыз қалмауы үшін бірқатар шаралар қабылдау қажет.
3. Трансформаторлар мен электроқұрылғылар туралы. Бұл жұмыстар жылжитын емес, ең басты себебі – ұсақ моторлар жоқ, трансформатор, электроқұрылғылар жоқ.
4. Ағаш пен құмтас туралы мәселе Қарағандының құрылысы үшін ең өткір мәселе болып қалумен келе жатыр.
Треске тым болмағанда Челябінің 20-30 тракторын бөлуді сұраймын. Одақтағы өзге құрылыстардан Қарағанды қарапайым ғана коммуналдық кәсіпорындарының жоқтығымен де тиімсіз ерекшеленеді. Мысал үшін айтатын болсақ, мұнда жібі түзу көше мен жолды кездестіре алмайсыз; не ескі, не жаңа шахталарға кіреберіс жол да жоқ; жұмысшы поселкелерінде көріктендірілген бірде-бір жолды таба алмайсың. Қазылып, ойылып кеткен шұрық-тесік жолдар жауынды-шашынды күндері шалшық суға толып, кішігірім көлшіктерге айналады. Олар мәшинелердің, басқа да көліктердің көптеп сынып, қирауына себеп болып, қанша жұмыстарға қолбайлау болуда. Мемлекетке бұдан үлкен көлемде шығын келуде.
Мен бюджеттен 1935 жылға арналып, көшелерді тәртіпке келтіруге, шахталар мен негізгі кәсіпорындар арасына сапалы жолдар салуға және коммуналдық көріктендіруге (көгалдандыру, жолдарды, үйлерді жөндеу, каналдандыру т.б) арнайы қаржы көлемінің қарастырылуын сұраймын.
Ең ізгі ниетпен сәлемімді жолдаймын Л.Мирзоян.
(ҚР Президентінің мұрағаты, 141-қор, 1-тізбе, 5756-іс, 219 б).
1935 жылдың наурызында Л.И. Мирзоян Қарағанды партия белсенділерінің жиналысында сөз сөйледі. «Қарағандының маңызы, – деді Мирзоян, – алып көмір қабаттарымен ғана анықталмайды, сондай-ақ оның негізгі тұтынушы металлургиялық өнеркәсіп ошақтарына жақындығы да Қарағандыны таяу жылдардың ішінде елдің үшінші қуатты көмір базасына айналдыруға міндеттейді.
Мирзоян құрылысшылардың назарын ең алдымен, күрделі құрылыстың жоспарын орындауға аудару керектігін атап көрсетті.
Үкіметтің алып құрылыстарды жариялаған тізіміне енген сегіз шахтаны жедел іске қосу, екінші орталық энергия агрегатын тезірек пайдалануға беру, суқұбырын мезгілінен бұрын салып бітіру – бассейннің бар өміріндегі ең өзекті мәселе болатын. Міне, осылар шешілгенде ғана бүкіл Қарағанды жылдам қарқынмен алға қарай дамиды. Құрылысшылар өздерінің сана-сезімдерімен бір сәт шын мәнінде жауынгерлік күзетте тұрмын деп есептесін.
Көмір өндіру жауапты міндет саналады. Өкінішке орай, өндіру жөніндегі бағдарлама тұрақты түрде орындалмай жүргені байқалуда.
Жіберілген ақаулықтың себептеріне талдау жасаған Мирзоян ОК пен Совнаркомның Донбасс туралы қаулысы Қарағанды үшін де жұмыстың жауынгерлік бағдарламасы болып табылатынын атап көрсетті.
Көмір өндірудегі, оны сыртқа, жер бетіне шығарудағы келеңсіздіктерді әшкерелей келіп, Мирзоян қазірдің өзінде механикаландыру әдісін кең қолдану мен атпен сүйрету арқылы жұмыс үдерісін біршама жылдамдатуға нұсқау берді. Қол жұмысынан да әзірше бас тартуға болмайтынын ескертті.
Жас өнеркәсіптік ауданда тұрғын үй мен коммуналдық құрылыс ерекше маңызға ие. Өкінішке орай, өткен жылғы 16 миллион сом қаржының 6 миллионы ғана игерілді. Үстіміздегі жылы 200 үйдің құрылысы басталды. Бұл қамтамасыз ету керектің ең кемі ғана. Фабрика-асхананың, нан зауытының, дүкендердің, асханалардың құрылысын бітіру – мамандардың тұрақтамауын тежеу деген сөз.
Сөзінің қорытынды бөлімінде Мирзоян жеке азық-түлік базасын құру қажеттілігіне жан-жақты тоқталды. Қарағандыда бұл үшін барлық негіз бар екенін айтты: мал өсіруге жемшөп те, жайылым да жеткілікті. Сөзін қорытындылап, Мирзоян партия ұйымдарының алдына барлық күш пен қосымша қорларды жабайы кәсіпшілікті, надандықты, құрылыстың алып ауқымын игеріп кету үшін жұмыстың жоғары қарқынынан қорқуды жою күресіне жұмылдыру міндетін өткір қойды. (РГАСПИ, 160-қор, 1-тізбе, 1916-іс, 49-50 бб).
Мирзоянның Мәскеуге арнайы сапарынан кейін 1935 жылы сәуірде Қазақстанның өнеркәсібіне техникалық көмек беру штабы құрылды.
Қарағанды көмір бассейніне Мәскеу көмір-техникалық институтының «көмір байытушылар» тресінен арнайы бригадалар Қарағанды көмірінің сапасын анықтауға жіберілді. Мәскеу көмір-техникалық институтының күшімен 1935 жылы Қарағандыда химиялық зертхана ұйымдастырылды. Кейіннен ол еліміздің үшінші отын ошағының ірі ғылыми-зерттеу орталығына айналды.
Шептік көмек келісімшартында техникалық жәрдем көрсету ғана жазылғанмен, бірақ ол өз мақсатының ауқымынан көп шығып кеткен болатын. Қазақстанға озық тәжірибелер мен техникалық білім берумен қатар, өнеркәсіп жабдықтары да, сондай-ақ жоғары кәсіби мамандар да жіберіліп жатты. Өнеркәсіп саласы бойынша түрлі ақыл-кеңестер мен нұсқамалар, өнеркәсіп саласы үшін нысандардың сәулеттік-инженерлік жобаларын да дайындап берді. Мәскеудің жоғары оқу орындарында Қазақстан өнеркәсібі үшін мамандар дайындалды. Қазақстанның өнеркәсіптік тапсырыстары орындалды. Мәскеу сәулетшілері Қарағандының ірі ғимараттарының құрылыстарын жобалады. Олар 1935-1936 жылдары Алматы медициналық институтының, мал шаруашылығы, кеңестік құрылыс институттарының, Мәдениет үйінің, Қазақ мемлекеттік университетінің жобаларын жасады.
1935 жылдың тамыз айында Мәскеу облаткомы Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы денсаулық сақтауды шептік көмекке алу туралы қаулы қабылдады. Бұл жөнінде Л.И. Мирзоянға жазған хабарламасында былай делінген:
«Мәскеу жұмысшыларының Қазақстан жұмысшыларымен туысқандық ынтымақтастығының белгісі ретінде Мәскеу облаткомы Мәскеу облыстық денсаулық сақтау ұйымы мен Мечников атындағы институтқа Қазақстанның өнеркәсіптік орталықтарындағы денсаулық сақтау ісінде жұқпалы аурулар таралуының алдын алу мен бірыңғай диспансерлік ұйымын құруды шептік қамқорлыққа алуды тапсырады. (РГАСПИ, 160-қор, 1-тізбе, 1916-іс, 105-б).
1936 жылдың қаңтарында өткен Алматы партия белсенділерінің жиналысында сөз сөйлеген Л.И. Мирзоян былай деді:
«Мұндай көмек кеңестік республикалардың барлық еңбеккерлерінің интернационалдық байланысын білдіреді: орыс және украин халықтарының қазақ халқына деген туысқандық бақай есепсіз, шынайы көмегі Қазақстанның қайта түлеген тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Осынау бүкілхалықтық қайтарымсыз көмек Қарағандының еліміздің үшінші көмір базасына айналуын тездетті, сонымен бірге қазақ халқының еңсесін ұзақ жылдар бойы езумен келген экономикалық және мәдени артта қалушылықты жоюға да, қазақтардың орыстармен, украиндармен және Кеңес Одағының басқа халықтарымен де достығын бекіте түсуге жәрдемдесті». (РГАСПИ, 160-қор, 1-тізбе, 1916-іс. 109 б).
1936 жыл Қарағанды көмір өндірісшілерінің екінші бесжылдықтағы барлық жоспарларының орындалуының шырқау биігіне айналған жыл болды.
1936 жылдың желтоқсанында С.Орджоникидзе мен Л.Мирзоян есеп берді:
БК(б) П ОК – Сталин жолдасқа
КСРО Совнаркомы – Молотов жолдасқа
1936 жылы Қазанның жылдығына межеленген Қарағанды көмір тресі жылдық жоспарын мезгілінен бұрын орындады. Қарағанды ОК-нің тарихи шешімінен кейін осыдан бес жыл бұрын өзінің дамуын бастап, айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.
1931 жылы бүкіл бассейн 280 мың тонна көмір өндірген. 1936 жылы бассейн 3 млн 500 мың тоннадан астам көмір өндіреді. Бұл көмір өндіру бойынша жылдық жоспардан артық.
7 қарашаға қарай он шахтаның сегізі жылдық бағдарламаларын орындап шықты. Бассейнде стахановтық қозғалыс кең даму алды, көптеген стахановшылар өсіп шықты, әсіресе қазақтар арасында, кеңестік жас техниктер мен инженерлерден мамандар жасақталды.
ОК пен Совнаркомнан мына жолдастарды ордендермен марапаттау туралы мәселені қарап, шешуді сұраймыз.
(ҚР Президентінің мұрағаты, 141-қор, 1-тізбе, 484-іс, 132-б).
Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.И. Мирзоян Қарсақпай мыс комбинатын дамытуды бірінші кезектегі маңызы бар іс деп санады. Оның негізгі жабдықтары шетелде өндірілген. Оларды жөндеу, артық тетіктерін алмастыру бірқатар қиындықтар тудыратын. Сондықтан мәшинелерді, механизмдерді өз күштерімен жөндеуге, сынған техникалық жабдықтарды жергілікті кәсіпорындарда жасалған бұйымдармен алмастыруға бағытталған кез келген ұсыныстың зор маңызы болды.
Балқаш мыс қорыту зауытының кен қоры (Қоңырат) АҚШ-тың атақты «Салливан» кенішінен кем түспейтіндей деңгейде дамытылуға тиіс болатын. Дегенмен Қоңырат кенін қайта өңдеу технологиясын таңдау оңайға соқпады. Ең бастысы, бұл бағытта неғұрлым үнемді де тиімді тәсіл таңдау қажет болды. 1931 жылы Қоңыратта тәжірибе ретінде гидрометаллургиялық қондырғы іске қосылған болатын. Ол кенді ұсақтап, ұнтақтауға арналған. 1933 жылы бұл тәжірибе сәтті аяқталды.
Балқашқа еліміздің әр түкпірінен кәсіби жұмысшылар мен мамандар ағылып келіп жатты. 1934 жылдың шілдесінде мұнда даңқты Сталинград трактор зауытының арнайы жіберілген 200 маманы келді. Осы жылдың күзінде, 1935 жылдың 25 қыркүйегінде Балқаш құрылыс ұжымының жалпы жиналысында комбинат құрылысына дайындық кезеңі қорытындыланды. Жиналысқа Л.И. Мирзоян қатысты.
Жиналыста сөз сөйлеген Л.И. Мирзоян құрылыс жұмыстарының сапасына айрықша тоқталды. Ол құрылыс жұмыстарындағы жабайы кәсіпшілдік әдісті қатты сынға алды. Өндірісті ұйымдастырудың техникалық тәсілдерін жетілдіруге нұсқау берді. Л.И. Мирзоян әсіресе, мамандарға техникалық және инженерлік мамандарға жанашырлық пен қамқорлық көрсетуге көңіл бөлу керек екенін баса айтты.
Д.А.Қонаев және Балқаш өңірі
«...Мен 1936 жылдың шілдесінде Мәскеудің түсті металл алтын институтының тау-кен факультетін бітіріп, Қоңырат-Балқаш құрылысына жолдама алдым. Осы жерде менің нағыз еңбек жолым басталды...» – деп басталады «Менің дәуірім туралы» кітаптың бір тарауы. Оның авторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.
Биліктің басында ұзақ жылдар бойы отырған адам, Қазақстанның тарихи тағдырына үлкен ықпал еткен Д.А. Қонаев өзінің мемлекеттік істерімен үнемі жұмысбасты екеніне қарамастан Балқаштың жағдайын біліп отыруға әрдайым уақыт табатын еді. Балқаш тау-кен металлургиялық комбинатының құрылуына, Балқаш көлінің жағасындағы қаланың тамаша көркейіп, дамуына тікелей атсалысқан.
Алғашқы бесжылдықтарда пайдалы қазбалардың көптеген жаңа көздері ашылды. Алтайда, Қаратау мен Жоңғар Алатауларының етегінде полиметалл кендерінің үлкен қорлары анықталды.1936 жылы геологтар Оңтүстік Қазақстан мен Қаратау қыраттарында фосфориттің қор қабаттарының әлемде теңдесі жоқ үлкен қорын барлап тапты. Бұл фосфориттердің фосфорлы қышқылдары қосарлы супер фосфат өңдеуде пайдалануға жарамды болып шықты.
Сонымен бірге калий тұзының, сульфаттардың, магнилі кендердің, бром мен басқа да түрлі химиялық шикізаттардың мол көздері табылды.
Мұнай өнеркәсібінің жаңа көздері ашылды. Кенге жатпайтын пайдалы қазбалар мен түрлі құрылыс материалдарының көздеріне геологиялық барлаулар жасалды. Су ресурстарын барлау, іздестіру жұмыстарына мол қаржы бөлінді.
Көптеген пайдалы қазбалардың қоры жөнінен республика КСРО-да алдыңғы орын алды. Ол кезде, әсіресе, мыстың, қорғасынның, цинктің және қалайы кендерінің қоры әлі молаятыны белгілі болған. Бұлардан бөлек, қалайының, вольфрамның, молибденнің, висмуттың мол қоры анықталды. Ал хромиттердің қоры бойынша Қазақстан бұрынғы Одақ кеңістігінде бірінші орын, марганец бойынша – үшінші, қалайы мен вольфрам бойынша төртінші орын алды.
1936 жылдың желтоқсанында Л.И. Мирзоян Сталиннің мына мазмұндағы кезекті нұсқамалық хатын алды.
Қазөлкеком – Л.Мирзоянға
Одақтың Совнаркомының 1936 жылдың 19 желтоқсанындағы шешімімен Наркомтяжпромға Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның мекенаумақтарында келесі жылы Қалба кенішін өнеркәсіптік мақсатқа пайдалануға беру міндеттемесімен қалайы бойынша кең геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу ұсынылған болатын. Одақ бойынша қалайы өнеркәсібін дамытудың айрықша маңызы барына, қалайы бойынша шикізат қорын жедел анықтауға байланысты белгіленген бағдарламаның орындалуын қамтамасыз етуге барлық шараларды қабылдаңыз.
Бұл істі тікелей өзіңіздің бақылауыңызға алыңыз. Барлық аудандық, облыстық және өлкелік ұйымдарды барлау партияларының барлық қажеттіліктерін, атап айтқанда, көлікпен, жұмысшы күшімен және барлық түрлермен қамтылуын бірінші кезекте қанағаттандыруға міндеттеңіз. Бірінші кезекте жұмыстың барысы туралы ай сайын Совнарком мен ОК-ке хабарлап отырыңыз.
БК(б)П ОК хатшысы И.Сталин.
1936 жыл. 28 желтоқсан.
(РГАСПИ, 558-қор, 1-тізбе, 755-іс, 130-бет).
Түсті металдардың, көмірдің, мұнайдың кендерін тауып, іске қосу Қазақстанның халық шаруашылығын көтеруге жарқын индустриалдық сипатты серпін берді. Бірінші бесжылдықтардың кезінде-ақ негізгі салалар болып саналған бұл салалар одан әрі кең даму қарқынын алды. Екінші бесжылдықта ауыр өнеркәсіпке бағытталған күрделі қаржының 60 пайыздан астамы тек осы салаға жұмсалды. Олар бүкілодақтық маңызға ие болды, тұтас елді индустрияландыруда белгілі рөл атқарды.
Әсіресе түсті металдардың маңызы зор болды. Олардың өніміне деген сұраныс үсті-үстіне артып отырды. Оларсыз электротехникалық, автокөлік, трактор өнеркәсібін, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібін дамыту мүмкін болмады.
1937 жылдың 16 қарашасында Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың Л.И.Мирзоянға жазған хатынан:
Аса құрметті Левон Исаевич!
Жезқазғанға баратын теміржол құрылысы аяқталды. Осыған байланысты Үлкен Жезқазған комбинатының құрылысын бастауға қолбайлау болып отырған басты себеп жойылды. Алдағы 1938 жыл Үлкен Жезқазған мүддесі үшін толық пайдаланылуға тиіс. Олай болмаған күнде Нілді–Жезқазған теміржолы бір жылға дейін өлі күйінде қалады. Құрылыстың штабы құрылыс басқармасын құру ісімен тығыз айналысатын уақыт жетті. Өйткені бұл – 1938 жылдан бастап, осы комбинаттың барлық ұйымдастырушылық, дайындық жұмыстарына басшылық жасауды жалғастыратын құрылым.
Бастүстіметалл (Главцетмет) барлық нышандарымен Жезқазғанға деген бұрынғы енжар бойкүйез күйінде қалып отыр. Л.И.Качановичтің алдында Үлкен Жезқазған мәселесі пісіп-жетілді деген бастамасын көтеруді енді біздерге тек Қазақстан басшылығының тарапынан ғана күтуге тура келеді.
Бүгінгі күні ең өзекті мәселе – Үлкен Жезқазған құрылысы басқармасын рәсімдеуді нақты шешу, бірінші кезекте – құрылыс басқармасының бастығын тағайындау болып саналады. Одақтық түсті металлургия саласының белгілі қызметкерлерінің арасында Үлкен Жезқазған комбинатының құрылысын басқарып кете алады дейтін адамды атап көрсету қиын мәселе болып тұр. Дегенмен Үлкен Жезқазған құрылысының бастығына Г.И. Пинхасик жолдас лайықты болып қалуы мүмкін. Біздің терең сеніміміз бойынша, бұл жолдас – осы жауапты қызметке деген талаптардың бәріне қанағаттанарлықтай сай келетін сияқты. Сондықтан да мен Сізден Қазақстанның атынан орталықтың алдында Үлкен Жезқазған комбинаты құрылысының бастығы ретінде Г.И. Пинхасик жолдастың үміткерлігін қолдауыңызды сұрар едім. Қазір Пинхасик жолдас атқарып отырған қызметтің мемлекеттік маңыздылығы өте зор.
Сонымен бірге Үлкен Жезқазғанның мыс қорытудан әлемде бірінші орын алатын комбинаттың құрылысы Қазақстан мен Одақтың халық шаруашылықтық және саяси маңызы айрықша маңызды екенін де ұмытпаған жөн.
Өзіңізді құрметтеуші инженер Қ.И.Сәтпаев.
(ҚР Президентінің мұрағаты, 708-қор, 1-тізбе, 81-іс, 72-73 бб).
Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасы БК(б) П өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Л.И. Мирзоянның басшылығымен екінші бесжылдық жылдарында елдің ғасырлық техникалық-экономикалық артта қалушылығын түпкілікті жоюға шешуші қадамдар жасады. Қазақстанның өнеркәсібі басқа да кеңестік ұлттық республикалар сияқты төңкеріске дейін мешеу қалып келген болса, енді еліміз бойынша орташа қарқыннан да жылдамырақ өсті.
Екінші бесжылдық жылдарында Қазақстандағы индустрияландыру демографиялық өзгерістерге де әсер етті. Қазақстанға арнайы шақыртумен 553 мың адам келді. Ал өз бетінше келгендер 1 млн 800 мың адам. Осындай себептермен қазақтар 1926 жылғы 57,6 %-дан 1939 жылы 38 %-ға кеміп кетті. Орыстар тиісінше 20,9 %-дан 40,2%-ға өсті. (РГАСПИ, 124-қор, 1-тізбе, 2712-іс, 181-182 бб).
Екінші бесжылдық жылдары құрылыстар мен жаңа кәсіпорындарды игеру кезеңіне айналды. 1935 жылдың қазанында Гурьев-Орск мұнай құбыры, Қарағанды, Балқаш, Алматы мен Семей ТЭЦ-тері мен Үлбі су электр стансысы іске қосылды. Ембі кәсіпшіліктерін, кенді Алтайдың кеніштері мен зауыттарын қалпына келтіру жалғасты.
Қазақстан индустриясының дамуы көлік пен байланыстың өсуімен қатар жүрді.
Қарағанда – Балқаш, Шымкент – Леңгір, Рубцовқа – Риддер, Орал – Елек теміржолдар жүйесі іске қосылды. Рубцовка – Риддер жолы Алтайдың негізгі кен орындарын бүкілодақтық теміржол жүйесімен байланыстырды, Қарағанды – Балқаш желісі Қарағандының көміріне Балқаш мыс қорыту зауытына тасылатын жол ашты.
Әуе қатынасы желісі де ұзара түсті. Әуе тасымалы 40 еседен де көбейді.
Алматыда, Семейде, Гурьевте, Қарағандыда, Оралда, Шымкентте, Ақмолада ірі радиотелеграфты телефон стансылары салынды. Ауылдық кеңестер, кеңшарлар, МТС-тер мен ұжымшарлардың бір бөлігі телефон байланысымен қамтылды.
Индустрияландырудың басты қорытындысы – өнеркәсіптегі мешеулік толық жойылды. Одақ Қазақстан сияқты тылдарының арқасында 30-жылдардың соңында әлемнің үш-төрт елінің қатарына ілікті.
Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор ҚР ГҒА-ның академигі