Құнды құжаттар неге қолды болды?!
Кеңес қоғамындағы өзгерістер өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары қалыптасқан әкімшілік-әміршілдік жүйенің қыспағымен, халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы іске асырылды. Бүгінгі Тәуелсіздік заманында өткен тарихымызды зерделеп, зейіндеу – кезек күттірмейтін іс. Соның ішінде қазақ халқының басынан өткен небір зұлматты хатқа түсіріп, сақтаған мұрағаттың маңызы ерекше. Мұрағаттарда сақталатын ақпараттар мемлекеттің қоғамдық-саяси, экономикалық-мәдени дамуында ерекше орын алатын ұлттық стратегиялық байлық болып саналады. Бірақ, өкінішке қарай, сол кезеңдегі мұрағат қызметкерлері мұрағат қорларының сақталуына немқұрайды қарады, соның салдарынан қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты біраз құжат жоғалып кетті.
ҚҰПИЯ ҚҰЖАТТАРДА АШЫЛМАҒАН СЫР КӨП
Бұл жөнінде ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатының 544-қорында сан алуан мәлімет жинақталған. Мұрағат материалдары буда-будасымен отқа жағылған. Қазақ байларын тәркілеуге қатысты 32 іс ізім-қайым жоғалған, олардың Ішкі істер министрлігінің сұрауы бойынша алдырылып, содан қолды болып кетуі де әбден мүмкін. 1929 жылы астана Қызылордадан Алматыға көшірілген кезде он жәшік іс-құжаттар ұрланған. Орынбордан Қызылордаға апара жатқан кезде де жүздеген мұрағат құжаттары ғайып болды. Одан кейін де мұрағат қорларындағы материалдардың сақталуы қатаң бақылауға алына қоймады. Бұған мұрағаттық жол көрсеткіштерін парақтағанымызда, біраз құжаттың жанындағы «изъято» деген ескертулермен көп кездескеніміз дәлел.
Кейбір мұрағаттық істердің «жоғалып» кетуі олардың кезінде айыптау материалдары ретінде прокуратура, сот, ішкі істер органдарына, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне алдырылуына байланысты болса керек. Бұл «құдіретті» құрылымдардан материалдардың бәрі бірдей қайта алынбаған. 1937-38 жылдары елде жүргізілген қуғын-сүргін саясатын бірден-бір жүзеге асырушы органдар мұрағаттарының құжаттары осындай дәрежеде болғаны ойлантады. Әдейі қолдан ұйымдастырылған шара іспетті.
Мұның бәрі кездейсоқ та болмас, себебі орталық билік кешегі патша заманындағы отаршылдықтың озбырлықтарын халық жадында сақтауға мүдделі болмады. Ресейдің қазақ халқына «жақсылықтан» басқа саясат жүргізбегеніне жас буынды иландыру мақсатында мұрағаттарда жазалау экспедициялары, қазақ ауылдарын тонау, атып-асу, халықты қырғынға ұшырату жөніндегі құжаттардың түрлі себептермен қолға беріле бермегендігі аса құпия емес.
«Ұлтшылдарға» қатысты мұрағаттық құжаттардың түгел сақталуына бақылаудың әлсіздігі осы сала мекемелері басшыларының басым көпшілігінің қазақ тілі мен араб графикасын білмеуінен болды. Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері, кімдермен қарым-қатынаста болғандығы туралы материалдар бұрынғы Қауіпсіздік комитетіне түскен, кейін қайтарылмаған. Тіпті бұл органға қағаз бетіне түскен қазақ шежірелеріне дейін алдырылып, олардан кім сұлтан, кімнің би-батыр болғандығы жөнінде материалдар жинақталған. Ашаршылық, қуғын-сүргін тарихына қатысты көптеген құжат пен материал түрлі ведомстволардың қоймаларында қалдырылды. Ал олардың көпшілігі Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі мұрағаттарында сақталуда.
Кеңшарлар мен ұжымшарлардың және МТС-тардың материалдары сақталмай, түгелімен жойылған жағдайлар да болған. Мұрағат құжаттары сыз тартқан жертөлелерде, кеңсе шкафтарында сақталды. Бұл көптеген істің жойылуына, жоғалуына, тасып алынып кетуіне әкеліп соқтырды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының даму тарихына қатысты 5 мың құжат анықталды, соның ішінде 310 құжат жинаққа енгізілді. Жарық көрген құжаттық жинақтарға, өкінішке қарай, 1930-32 жылғы күштеп ұжымдастыру кезіндегі көптеген материал енгізілмей қалды.
Ашаршылық кезінде опат болғандардың жалпы санын анықтауда 1937 жылы 5 қаңтарда өткізілген Бүкілодақтық халық санағының мәліметтері де біраз жайдың басын ашары сөзсіз. Өйткені бұл санақтың мәліметтері жойылып кеткен деп саналатын еді. Санақтың мәліметтерінен 30-жылдары опат болған халықтың санымен қатар, қоғамның барлық әлеуметтік-демографиялық құлдырауы көрініс табатын еді. Сондықтан да кеңестік жүйе өзін-өзі әшкерелеуден қорқып, санақтың барлық құжатын пайдалануға тыйым салды. 1990 жылдары ғана мәліметтер Мәскеудегі Халық шаруашылығы Орталық мемлекеттік мұрағатынан табылды. Сол мәліметтер бойынша 1937 жылы қаңтарда КСРО-дағы қазақтар саны 2 млн 862 458 адам екен (Социологические исследования, 1990, №7, №69). 1930 жылдың ортасында қазақтардың саны 4 млн 120 мың адам болған. Бар-жоғы жеті жылда қаншама адам жоқ болған!
«МҰРАҒАТ ЕГЕУҚҰЙРЫҒЫ»
Кеңес өкіметі де ұлттық мұрағаттардағы құжаттарды сақтауға ыждағаттылық таныта қоймады. Оның мысалы да жетерлік. 1932 жылдың 23 наурызында Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы С.Голюдов Қазақстан Орталық мұрағатының меңгерушісі Н.Я.Болотниковті өзіне шақыртып алып, мұрағатты жедел түрде көпшілік кітапхананың жертөлесіне көшіруді міндеттейді. Болотников 28 наурыз күні Алматы қалалық кеңесінің Орталық мұрағат орналасқан ғимаратты бір күн ішінде босату туралы шешімін алады. Болотников сәуір айында осы жағдайды Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесіне және РКФСР Орталық мұрағат басқармасына жазған хатында баяндайды. Мұрағат орналасқан ғимаратқа Алматы қалалық кеңесі көпшілікке арналған асхана ұйымдастыруды көздейді. Оның төрағасы Скородумов пен Өлкелік партия комитетінің іс басқарушысы Буянов Орталық мұрағаттың екі күн ішінде көпшілік кітапхананың жертөлесіне көшуі туралы ескерту жасайды. Бұл талапқа Н.Болотников қорлардағы 20 мың пұт құжаттарда көрсетілген мерзімде көшіріп болу мүмкін еместігін, оған үш ай мерзім керек екенін алға тартады. С.Голюдов аталған мерзімге қарсы болып, «бұл мұрағат ісінің қарқыны болса, сен өмірден артта қалған мұрағаттың егеуқұйрығысың» деп меңгерушінің ар-намысына тиеді. Н.Болотников 28 сәуірде Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесіне Орталық мұрағаттың кітапхана жертөлесіне көшірілуіне қарсы наразылық білдіреді. Алайда Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекин 29 сәуірде партияның айтқанымен жүрмейтін қыңыр мұрағатшыны шақыртып алып, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысын орындамадың деп айыптады. Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы О.Исаев Н.Болотниковтің ұстанымын «топас бюрократизм» деп бағаласа, С.Голюдов өз тарапынан «мұрағатты көшіру – түкке тұрмайтын мәселе, егер де біз партия мүшесімен істес болсақ, онда мәселе басқаша шешілген болар еді, ал біз партия мүшесімен емес, мұрағат егеуқұйрығымен істес болып тұрмыз» деп астамшылық жасайды. (РФ Мемлекеттік мұрағаты, 9-т, 2674-іс, 13 п). 7 мамыр күні Н.Болотниковке секретариат арқылы жеке ісқағазына жазылған сөгіс жарияланып, меңгерушілік қызметінен босатылады. Тоталитарлық жүйенің мұрағатқа көзқарасы осылай көрініс табады.
ТАРИХ ТАҒЫЛЫМДАРЫ ҰМЫТ ҚАЛМАЙДЫ
Тоталитарлық жүйе тұсында мұрағат құжаттарының елеулі бөлігі негізсіз құпияландырылды. Тіпті мысал үшін айта кетейік, ҚР ОММ-нің құпия қорында Б.Майлиннің жарнаманы қазақ тілінде беру қажеттігі туралы жоғарыға жазған хаты да ұшырасады. Қазақ КСР Ішкі істер Халық Комиссариаты мемлекеттік мұрағаты бөлімінің сараптама-тексеру комиссиясының жүргізген жұмыстарының барысында кейбір мемлекеттік мұрағаттар мен мекемелер тарапынан құжаттарды макулатураға өткізудегі өрескел қателіктерді анықтады.
СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1956 жылғы 7 ақпандағы №246 қаулысында партия органдары, министрліктер мен ведомстволарда мұрағат материалдарын сақтау тәртібінің ретке келтірілмегені, оларды пайдаланудың «нашарлығы» атап көрсетілді. Осыған орай 1965 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №424 қаулысында Қазақ КСР ІІМ-нің мұрағат басқармасына және мұрағаттары бар барлық министрлік пен ведомстволарға революцияға дейінгі, сол сияқты кеңестік дәуірдің мұрағат құжаттары мен материалдарын ғылыми мақсатқа пайдалануға және жариялауға рұқсат беру міндеттелді. Алайда рұқсатқа сол кезеңге дейінгі құпия қорда сақтаулы және кеңес өкіметінің мүддесіне «зиян келтіруі мүмкін» құжаттар кірмейді, оларды пайдалану, жариялау мәселесі әрқайсысының мазмұнына, тарихи және саяси маңызына қарай жеке шешілуі керек деп көрсетілді. Мұның бәрі, сайып келгенде, тарихтың «ақтаңдақ беттерінің» қалыңдай түсуіне әкелді.
Тәуелсіздікке қолы жеткеннен кейінгі кезеңде Қазақстанның қоғамдық өмірін демократияландыру мұрағат саласын да қамтыды. 1998 жылы 22 желтоқсанда «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заң қабылданып, осы сала жұмысы тікелей өзіне тән міндеттерді орындауға жұмылдырылуына құқықтық негіз қаланды. Құпия қорларда халықтан жасырын сақталып келген біраз құжат ашық қорларға ауыстырылды. Алғашқы кезде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрагері – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің де есігі ашылды. Соның арқасында саяси қуғын-сүргін науқаны, қазақтарды тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, ашаршылық секілді кеңес өкіметінің озбырлықтарына байланысты мұрағаттық материалдар ғылыми айналымға қосылды. Мұның бәрі бізге ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек бойлауға, тарих тағылымдарын әділетті тұрғыдан безбендеуге жол ашады.