Саяси қуғын-сүргін зобалаңын зерттейтін арнайы ғылыми орталық құру керек пе?
Жалпы, біздің елімізде саяси репрессия және ашаршылық құрбандарына қатысты мәселелер БАҚ құралдарында, тарихшы ғалымдардың ғылыми еңбектерінде аз жазылып жүрген жоқ. Дегенмен бұл күрделі тақырып бізде түбегейлі зерттелді деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Тіпті мұны терең зерттеу ісі әлі қолға алынбаған десек те болады. Ал көрші Ресей мен Украинаға қарап отырсаңыз, олар мемлекеттік тапсырыс арқылы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты терең зерттеу жүргізіп, тіпті бұл зобалаңды зерттейтін арнайы мемлекеттік деңгейде ғылыми орталықтар құрған. Бізге де саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын егжей-тегжейлі зерттеу үшін ғылыми орталық құру қажет пе? Бұл жөнінде мамандар пікірі төмендегідей болды.
Болат САЙЛАН, тарих ғылымының докторы:
– Меніңше, ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін, аштық және басқа жалпыұлттық трагедияны айғақтайтын тақырыптар арнайы мемлекеттік тапсырыс негізінде іргелі зерттеу объектісіне айналуға тиіс. Мемлекеттік-қоғамдық бағдарлама негізінде жұмыс істейтін арнайы орталық немесе ғылыми топ құрылып, ол топ Парламент алдында есеп берсе, біраз шаруа атқарылған болар еді. Бұл төңіректе саяси репрессияны зерттеп, ол туралы көптеген еңбек жазған, тұжырым жасаған, кеңестік күйдіргі саясаттың қаншама қазақты қалай қырғынға ұшыратқанын әшкерелеген ірі тарихшы ғалымдар ақылдасуы керек деп есептеймін. Мұны солардың пікірін ескере отырып шешуіміз қажет. Неге десеңіз, біздің тарихымыз әлі толық зерттеліп, жазылып біткен жоқ. Мен мұны қолдаймын.
Зира ТӨЛЕНОВА, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты:
–Бізге мұндай ғылыми орталық өте қажет. Кезінде белгілі тарихшы академик Манаш Қозыбаевтың бастамасымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, жұмыс жүргізген болатын. Академиктің қоғам қайраткері ретінде атқарған сан-қыруар жұмыстарының бірі де осы қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға арналды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңес қаулысымен «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» комиссиясы құрылып, төрағалығына М.Қозыбаев, орынбасары болып Қ.Алдажұманов тағайындалды. Алматыда саяси репрессия құрбандарына арналған тарихи мұражай ашылған болатын. Алайда 2005 жылы кейбір кісілердің араласуымен ол музей орналасқан ғимарат жекеменшікке сатылып кетті. Қазір Алматы қаласында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ғылыми орталық қана емес, оларға лайықты мұражай да жоқ. Бұл елдігімізге сын емес пе? Сондықтан мұндай ғылыми орталық міндетті түрде ашылуы қажет.
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Негізі, саяси репрессия мен ашаршылық төңірегіндегі мәселелер әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Бірақ бүгінгі таңда бізде бір емес, екі тарих институты бар. Сондай-ақ әрбір университеттің ішінде тарих факультеттері, кафедралары жұмыс істейді. Сондықтан бұл жерде тағы бір арнаулы ғылыми институт құрудың қажеттілігі жоқ деп есептеймін. Одан да университеттердің қарамағында арнайы осыған қатысты ғылыми орталық құрсақ дұрыс болатын секілді. Ал жаңа институт ашатын болсақ, оған қаншама қаражат кетеді, уақыт кетеді, оған кадр жинау керек, оның тірлігі көп. Ал онсыз да бар институттарымызда немесе университет қарамағындағы тарих факультеттерінде мұны ашсақ, ол әлдеқайда тиімді болады. Ол жерде онсыз да білікті кадрлар бар, жұмыстары жүйеленген, соншалықты шығын да шықпайды. Сондықтан осы жағына мән бергеніміз жөн секілді. Одан да мемлекеттік маңызы бар тапсырмаларды құрылып қойылған институттарға орындатуымыз қажет.