Халық рухының қанаты
Туғанынан анасының әлдиімен жарық дүниені таныған қазақты өлгенінде ақтық жолына жоқтаумен шығарып салатын дәстүрі әлі тірі. Ал елсүйгіштікті қазақ өз ұрпағына ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама заманынан аманат болып келе жатқан «Елім-ай» әнімен санасына сіңіре білген. Біздің пікірімізше, Алаш жұртының сол терең тағылымының өміршеңдігінің XXI ғасырдағы бір айғағы «37 жыл» («Ерте солған гүлдер») әнінен табылғандай.
2011 жылғы мамырдың соңғы күндерінің бірінде АЛЖИР мемориалды мұражайы кешенінің Астана қаласындағы кеңсесіне ел ағасы жасындағы композитор Ерсайын Нарымбаев келді. Уағда бойынша мұражайдың директоры Болат Жүнісбекұлын дыбыс студиясында дайын болған әнінің фонограммасын тыңдауға ертіп апарғалы келген екен. Ән тыңдауға біз де ықылас таныттық.
Студияда ән тыңдау басталысымен, бірден фонограмманың кіріспесі дірілдеген шылдырмақты іліп әкетіп, жаңғырып шыққан қара қобыздың шерлі де үрейлі дыбысы тұла бойымызды тітіркентіп, ойымызды жинақтатқандай әсер етті. Қобыздың мұңды үні емес, қайғының өзі әнге жетелегендей. Қай әннің болсын әлқиссасы қысқа болғанымен, неғұрлым толықтыратын бөлек шығарма болатынына біз көбіне мән бере бермейміз. Сонымен, намысқа буған әннің кіріспесіндегі қобыздың өкініш өксігін үмітпен жалғар тұсында оны қоңыр дауысты, кең тынысты, ерлік пен елдікті суреттеуге лайықты Азамат Жылтыркөзовтің баритон дауысы іліп алып аспандатып әкетті.
Ертеңіне аталмыш әнді мұражайдың ұжымы арнайы жиналып, тағы да екі мәрте тыңдап, жылы пікір-лебіздерімізбен бөлістік. Ән әсіресе аға буын өкілдеріне қатты ұнаған екен. Олар бірауыздан әннің тәрбиелік мәнінің тереңдігін аңғарып, осындай туындылардың сиреп кеткендігіне өкініш білдіріп, жаңа әнге барынша қолдау танытты.
Біз қазір дүниені төңкеретін керемет іздейміз, бірақ барды елемейміз, ал жоқты тіпті құрдымға жібердік. Сондықтан осы әнді мектеп бағдарламасындағы музыка пәнінің тізіміне енгізсе, сол арқылы балалар еліміздің тоталитарлық кезеңінің зұлмат тарихынан да дәріс алар еді. Сонда жыл сайын жұтап бара жатқан қарапайым адамгершілікке баулып, олардың ойы нұрлана түсер еді.
Жанбота КӘРІПБАЕВ, АЛЖИР мемориалды мұражай кешенініңаға ғылыми қызметкері
Ерте солған гүлдер
(1937 жыл)Сөзі Жарасбай Нұрқандікі,
әні Ерсайын Нарымбаевтікі
Неткен заман еді, мұздай суық лебі,
Сол бір сұмдық әлі мазалайды мені.
Қос үрейлі күндер, қорқынышты түндер,
Жазығы жоқ жандар, алып кеткен кімдер?
Кінәсі жоқ жандар, кімдер кінә таққан,
Күнәсі жоқ жандар, кімдер жала жапқан?
Аққа күйе жаққан, айтыңдаршы, кімдер?
Күрсінеді таулар, тұнжырайды көлдер.Қайырмасы:
Отыз жетінші жыл,
Қасіретім бұл!
Тарқамайтын шер,
Айықпайтын мұң.
Гуілдейді жел,
Мүжілгендей тас.
Көңілімізде шер,
Көзімізде жас.Өңкей асыл боздақ, болды-ау күні қараң,
Олар көрген азап өлімнен де жаман.
Елін сүйген ердің жау атанған кезін,
Ей, қазағым менің, жан-тәніңмен сезін.
Қарауытып орман, қалың тоғай түнер,
Орнымыздан біздер тұрайықшы түгел,
Тағзым етіп тұрмын, қыбыр етпей, үнсіз,
Егілмейтін іштей, кім бар екен мұңсыз?Қайырмасы
Неткен заман еді, мұздай суық лебі,
Сол бір сұмдық әлі мазалайды мені.
Қос үрейлі күндер, қорқынышты түндер,
Жазығы жоқ жандар, алып кеткен кімдер?
Ерте солған гүлдер, аянышты бәрі,
Ең аяулы жандар, есте болсын мәңгі.
Аза күнгі зарым, азалы жыр, әнім
Аруақтарға дұға, қабыл етсін Тәңірім!