Қазақтың ақ пейілінің арқасында аман қалдық
Мұхтар Бокаевтың ұлты – шешен. Тағдырдың жазуымен қазақ жерінен пана тапқан Мұхтар ақсақал ұзақ жылдар Бөрлі аудандық мұрағатын басқарды. Қазақша сөйлеп қана қоймай, қазақша ойлайды, тіпті қазақша қалам тербеп, әңгіме жазатыны бар.
– Шешендердің Қазақстанға келуінің өзі бір қиямет-қайым болды. 1944 жылы ақпанның 23-іне қараған түні шешен халқын зорлықпен жер аудару басталды. Біз ол кезде Шарой ауданының Шихарой ауылында тұратынбыз. Мен бес жасар баламын. Әкем Янарсай әлі 30-ға да толмаған, нағыз қайратына мінген шақта, 1941 жылы майданға кеткен. 25 жастағы шешемді үш баласымен жер аударды. 24 сағаттың ішінде тауар тиейтін 183 вагонға тұтас бір ұлтты тиеп, атамекендерінен қуды. Бір отбасы бөлініп кеткен жағдайлар да кездесті. Әкемнің інісі Юнустың жанұясы үшке бөлініп кетті. Кейін олар бір-бірін әзер іздеп тапты. Аш-жалаңашпыз, күн суық. Жолда көрген азабымызды тірі жанға бермесін. Жер аударылған халықтың жартысы жолда көз жұмды. Сонымен бізді Оңтүстік Қазақстан өңіріне, Леңгірге жеткізді. Әрі қарай өгіз арбамен Қасқасуға әкелді. «Кісі жегіштер, ұры-қарылар келе жатыр» деген жалған үгітке сенген жергілікті халық бастапқыда бізді тосырқай қарсы алды. Кейін біздің тірлігімізді көрген соң, арадағы тоң жібіп жүре берді. Біз қазақтың ақ пейілі мен дарқандығының арқасында ғана аман қалған халықпыз. Шешендер қазақтарға шаш етектен қарыздар, – дейді Мұхтар ақсақал өткен күндерге ой жүгірткенде.
«Шешендерге көмектеспеңдер, олай істесеңдер, өздеріңді құртамыз» деген бұйрыққа қарамастан, қазақтар басын бәйгеге тігіп, шешендерге көмектесті. Өмірден озған шешен азаматтарын қара жер қойнына бергенде мұсылмандықпен жәрдемдесті. Мұхтар ақсақал сол бір қиын-қыстау жылдарда жан жылуын аямаған Абылай, Жамал, Сарай, Базар, Жолдыбай секілді қазақ азаматтарын ризашылықпен еске алып, жұма сайын олардың рухына Құран бағыштайды екен.
1963 жылға дейін шешендерге деген сенімсіздік сеңі сетінемеді. Сол жылдан бастап оларға Қазақстанның бір облысынан екіншісіне көшуге рұқсат етіледі. Шымкент пединститутын тамамдаған Мұхтар Бокаев Қазақстанда қалады да, соғыстан аман оралған әкесі Янарсай отбасын алып, Шешенстанға қайтады. Әкем маған: «Балам, сен осында қалып, қазақ халқына қызмет ет. Біз қазақтар алдындағы қарызымызды өтеуіміз керек», – деп өсиет айтты дейді Мұхтар ақсақал. Қазақстан Мұхтарға құт мекен болды. Осында жар сүйді, балалы, немерелі болды. Ел-жұртқа сыйлы ақсақал қазір Бөрлі ауданының Құрметті азаматы, Ақсай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
– Шешенстандағы соғыс халықты қатты тұралатып кетіп еді. Қазір, Құдайға шүкір, жағдай түзеліп келеді. Ол жақта да біздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді ұйым құрылған. Шешенстанда 650 қазақ тұрады. «Отан» деген ұйымдары да бар. Біз жақсылықты ұмытпаймыз. Шешенстанның бас шаһарында Абай мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше бар. Елбасының мүсіні орнатылған. Өзім де үлес қосайын деп шешен халқының 67 ертегісін қазақ тіліне тәржімалап шықтым. Енді шешен халқының ауыр тағдыры туралы бір шығарма жазсам деп жүрмін, – дейді Мұхтар Бокаев.