Алаш рухы Ақмолада оянған 1979 жылғы Целиноград оқиғасының тарихи маңызы толық ашылуы қажет
Кешегі Кеңестер Одағы қазақтың иен даласын тулақтай тарам‑тарам етудің нешеме амалдарын жүзеге асырып бақты. Әйтсе де басын бәйгеге тіге отырып, байтақ байлығымызды Тәуелсіздікке тұтастай жеткізгендердің ерлігі ұрпақ жадынан еш өшпеуі керек.
Дінмұхамед Қонаев Мәскеудің өктемдігіне қарсы тұрып, Н.Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға өтіп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайтарды. 60-жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Жұмабек Тәшенов қайсарлығының арқасында теріскейдегі бес облыс Ресейге еніп кетуден аман қалды. Түрiкменстаннан Маңғыстауды, Өзбекстаннан елдің оңтүстiгін арашалап қалған кездер болды. Осы үшін ұлт қайраткерлері алдында мәңгілік қарыздармыз. Әйтсе де Тәуелсiз Қазақстан тарихында әлі де лайықты бағасын алмаған, жер тұтастығын сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосқан оқиғалардың бірі – 1979 жылдың маусымындағы Целиноград оқиғасы. Ақмола-Қараөткел топырағында туған осы ереуілге лайықты баға берілсе керек-ті. Ереуілдің түп төркіні қалай басталып еді? Патшалық Ресей тұсында Еділ бойында қалыптасқан неміс автономиясы Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында таратылған болатын. Сталиннің саясатымен немістер автономиясынан айырылып, басым бөлігі Қазақстанға жер ауды. Ал соғыстан кейінгі жылдары немістердің бұған дейінгі автономиясына қайта қоныстануына еш рұқсат болмады. Әйтсе де сыртқы һәм ішкі күштердің араласуынан бұрынғы автономияны қайтарып беруді талап еткен кеңестік немістер ол болмаған жағдайда әлемдік картадағы екі неміс мемлекетінің біріне үдере көшу мәселесін күн тәртібіне қоя бастады. Мұның өзі сол кездері «халықтар достығын» бетке ұстап жүрген КСРО-ның халықаралық имиджіне үлкен нұқсан жасап, мемлекеттер арасындағы күрделі мәселеге айналуы мүмкін еді. Сөйтіп, 60-жылдардан бастап Кеңестер Одағының аумағындағы неміс жұртшылығы өздерінің бұрынғы автономиясын қайтаруды орталықтан тікелей талап ете бастады. Мәселенің астарын күшейтуді көздейтін бірнеше жасырын ұйымдар да құрылды. Жасырын түрде шетелмен байланыста жұмыс істеген ондай ұйымның қызметі Кеңестер Одағы үшін аса қауіпті еді. Әйтсе де коммунистік партия ондай ұйымның көтерген мәселесін халықаралық деңгейде ушықтырғысы келмеді, керісінше, өз ішінде өшіруге тырысты. Оның бір ғана жолы – немістің қалауынан шығып, оларға автономия беру. Осы мәселе 1978 жылдың тамызында қаралып, ЦК-ның Ю.Андропов бастаған бір топ мүшелері Ақмола, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар облыстарының бес ауданы есебінен Қазақстанның дәл орталығынан неміс автономиясын құру туралы партияның Орталық комитетіне хат жолдайды. Сөйтіп, сол баяғы көнбіс Қазақстанда неміс автономиясын ашу туралы Саяси бюро шешім қабылдап, ұйымдастыру комитеті де құрылған болатын.
Орталықтың осындай озбыр әрекеті біртіндеп қазақ даласындағы жұртшылықтың құлағына да шалына бастайды. Тіпті Ақмоладағы басқа жұрт өкілдері мұны арагідік ашық әңгіме етіп, кейін сондай әңгімелер барысы бірді-екілі жастардың қақтығысына да ұласып тұрыпты. Әрине, басқа ұлт өкілдері үшін қазақтың жерін кім билесе де бәрібір, бірақ бұл ақмолалық қазақтарға қатты тиеді. Мұндай бұлғақ әңгіменің ақыры целиноградтықтарды маусымның 16-сы күні қаланың орталық алаңына бейбіт шеруге алып шыққан еді. Дәл осы ереуіл туралы Астананың байырғы тұрғыны, жазушы Алдан Смайылдан бір сұхбат барысында жан-жақты әңгімелеуді сұрағанбыз. «Ол кезде облыстық «Коммунизм нұры» газетінде қызметте едім. «Советтер үйі» аталып кеткен орталық алаңның алдындағы ғимаратта (қазіргі қалалық әкімдік – авт.) отыратынбыз. «Неміс автономиясына қарсылық білдірген жастар алаңға шықпақшы» деген қауесет желдей есіп тұрған. 16 маусым күні таңертеңгі сағат 10-да «Мәскеу» қонақүйі жағынан қалың колонна көрінді. Төрт-бес қатарды құраған ел басында үнсіз ғана саппен алаңға сырғып келді. Алдыңғы қатар орталық алаңға іліккен сәттен бастап «Неміс автономиясына жол жоқ!», «Қазақстан – біртұтас ел, ол еш бөлінбейді!» деген ұрандар аспанда жаңғырды. Не болса да көппен бірге көру керек. Жүгіріп төменге түстім. Есік жабық, алдында қарауыл. Барлық жаққа күзет қойылыпты. Сыртқа шығармайды. Жетінші қабаттағы жұмыс бөлмеге қайта жетіп, терезеге үңілдім. Жиналған жұрттың алдына шыққан обком басшыларының бірі еш саспастан: «Венадағы Брежнев пен Картердің кездесуіне арналған митингіні ашық деп жариялаймын!» деп қойып қалды. Бұған жиналған жұрт өре түрегелді: «Ондай митингіңді айтып адастырма! Қазақ жерінде неміс автономиясы бола ма, жоқ па, соны айтыңдар!» деген өктем дауыстар естіліп жатты. Обком тарапынан мәселені ішке кіріп талқылау туралы ұсыныс айтылып еді, алаңдағы жұрт бұған илікпеді. Билік жағы түлкібұлаңға салып бақты, бұған жауап ретінде белсенділер дыбыс зорайтқышпен: «Неміс автономиясының мәселесі туралы нақты шешімді екі күннің ішінде жариялайсыздар. Егер сондай жарлық шықса, Қазақстанның орталығынан саяси құрылым құрылса, басқа қадамға барамыз. Сол үшін мәселенің анық-қанығына екі күн мұрсат» деп колоннаның алдынан екі адам суырылып шығып, обком хатшысына өздерінің талабын тастады. Сосын ереуілшілер сап түзеген күйі келген жолымен кері қайтты», – дейді А.Смайыл.
Ереуілшілер айтқан сөзінде тұрады. Екі күннен соң халық қайта дәл алдындағы тәртіппен сап түзеп алаңға жиналады. Бұл жолғы ерекшелігі – араларында басқа ұлттың өкілдері, оның ішінде орыстар да араласыпты. «Екі күн бойы үреймен жүрдік. Ешкім ештеңе айтпайды. Ал 19-ы күні тағы жиылған жұрт алдына бірінші хатшы шығып, бір жағы Мәскеуден, екінші жағы Қонаевтан жауап күтіп отырғанын айтып, халықты сендіруге тырысты. Бірақ ереуіл тарқаған жоқ. Ақыры сол күні кешке дейін алаңнан тапжылмаған жұртшылық «Неміс автономиясы болмайтын болды» деген орталықтың жарлығын естіп, анығына көз жеткізген соң уралап барып бір-ақ тарқасты. Сөйтіп, КПСС Орталық комитеті Саяси бюросының Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Көкшетау облыстары түйісетін Ерейментау өңірінде неміс автономиясын құру жөніндегі шешімін Целиноград жастары бұзғызды. Бұл Кеңестер Одағы дәурен сүрген ұзақ жылдарда коммунистік партия көсемдерінің алған бетінен алғаш рет қайтуы еді. Осындай ұлы ерлікті жергілікті тұрғындарының үлесі 17 пайыздан аспайтын Целиноград қаласының қазақ жастары жасады», – дейді Алдан Смайыл.
Жазушы ағамыз КСРО-ның ыдырауына 1979 жылғы Целиноград оқиғасы үлкен серпін бергенін алға тартады. Расында, 1979 жылы қазақ жастары Кеңестер Одағының Қазақстандағы идеологиясының ең беделді ошағы болып табылатын Ақмолада Алаш рухын қайта оятқандай дүмпу жасады. Өйткені бұған дейін КПСС Орталық комитеті Саяси бюросының шешімін бұзу түгіл, оның әрбір әрпіне күмән келтірудің өзі үлкен қылмыспен парапар саналатын. Сондай қасаң шақта целиноградтық өрендер ерлік ереуілін жасады.
«Менің ойымша, Целиноград ереуілін ұйымдастырушылар болды әрі бұл Қонаевтың тарапынан жасалды деген сөз бар. Соған сенемін. Өйткені дәл мұндай мәдениетті түрде халықтың қалың тобын ұйымдастыру мүмкін емес еді. Алаңға кілең жастар ұйымдасып шықты дейін десек, оның өзінде де әртүрлі тәртіп бұзушылыққа ұласуы ғажап емес еді. Содан соң, жастарға екі күн бойы «оқ атылмауы», артынан ереуілге қатысушылардың қудалау көрмеуінің өзі мәселенің үлкен жақтың араласуымен болғандығын білдіретін секілді. Кімнің, қандай тәртіппен ұйымдастырғаны әлі де белгісіз. Бірақ, өз пайымым бойынша, мұны Дінмұхамед Қонаев ұйымдастыруы мүмкін деп тұспалдаймын», – дейді А.Смайыл. Расында да, мызғымас КСРО аумағында да Тәуелсіздік үшін күресуге, ұлттық мүдде үшін текетіреске барып, жеңуге де болатынын 1979 жылы Целиноград жұртшылығы бірінші болып әйгіледі. Ендеше, 86-жылғы Желтоқсан оқиғасының тамырын да осымен байланыстыруға болатын секілді. Осы тұста Целиноград оқиғасының тарихи маңызы әлі де ашылмағанын, Тәуелсіздік тағылымы бойынша оқиғаға толық баға берілмегенін еске салған орынды. Біздің де сұранатынымыз осы.