Ақтөбеде поролон шығаратын зауыт ашылды
Ақтөбеде поролон шығаратын жаңа зауыт ашылды. Бұған дейін батыс аймақта поролон өндірісі болған емес. Зауыттың қуаты жылына 10 мың текше метр өнім шығаруға жетеді.
Зауыт шығаратын 10 мың текше метр өнімге ақтөбелік жиһаз жасаушылар осы бастан тапсырыс беріп қойған. Көбікті полимер яғни, поролон жұмсақ жиһаз ғана емес, ойыншық өндірісінде де таптырмас материал.
Жаңа зауыттың тағы бір артықшылығы – қалдықсыз жұмыс істейді. Құны 82 млн теңгелік бұл жоба индустириялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.
«Южпромснаб» серіктестігінің директоры Светлана Зоткина: «Поролон өндірісіне қажетті химиялық қоспаларды Ресейден сатып алмақшымыз. Өйткені елімізде химия өндірісі тұралап тұр. Қондырғыларымыз да Ресейде шығарылған», – дейді. Заманауи технология қол күшін аса қажет етпейді. Сондықтан жаңа зауытқа небәрі он адам ғана жұмысқа алынды. Өндіріске жұмсалған қаржы екі жылда толық қайтарылуы тиіс.
Ақтөбеде биыл индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 19 жоба қолға алынған болатын. Бүгінге дейін соның 10-ы іске қосылды. Поролон парақшаларын шығаратын зауыт соның бірі.