Азаттықтың алдаспаны – БАҚ
Ел Тәуелсіздігі мемлекетіміздің барлық салада жетістіктерге жетуіне жол ашқанын айтып та, жазып та жатырмыз. Соның бірі – азат елдің ақпараттық кеңістігі. Ақпараттық қауіпсіздік туралы мәселе жөнінде қоғамда қызу пікірталастың бары да рас. Алайда осы саланың 20 жыл бұрынғы жай-күйін қазіргі жағдаймен салыстыруға келмейді.
Ақпараттық кеңістікке Тәуелсіздікпен бірге ой-сананың азаттығы келді. Жасыратыны жоқ, тарихи сананың жаңғыруына кеңестік саясат рұқсат бермеген қазаққа қажетті рухани мұраларды пайдаланып, Алаш идеясын көтеруге мүмкіндік берілді. Мемлекет өзінің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдымен ақпараттық саланың іргесін мығымдап алғаны дұрыс. Елдің біртұтастығын қалыптастырып, бірлігін нығайту үшін мемлекеттік шекараларды анықтап алу жеткіліксіз екенін бүгінгі жағдай көрсетіп отыр. Жаһанданудың салдарынан ең нәзік саланың біріне айналған ақпараттық кеңістікті сақтау әсте оңай жұмыс емес. Адамзаттың өмірі ғаламтормен тығыз байланысты болған қазіргі жағдайда тек қана ұлттық ақпарат кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін арттырумен ғана төтеп беруге болады. Осы ретте Тәуелсіздіктің арқасында ақпарат кеңістігінде жүзеге асқан түрлі жобалар бүгінде өзін-өзі ақтап отыр десек болады. Азаттықтың алғашқы жылдары күнделікті ақпаратқа зәру болып отыратын көрермен, тыңдарман мен оқырман ақпараттың қолжетімді болғанына риза. Жалпы, отандық ақпарат құралдары ғана емес, қазақтілді баспасөз, қазақ телевизиясы мен радиосы еркіндіктің шапағатын айқын көрді.
Тәуелсіздік тарту еткен телеарналар көп
Телеэфир уақытын пайызға шағып, кемінде 50 пайыз мемлекеттік тілде сөйлеуі үшін қызылкеңірдек болушы едік. Қазіргі жағдай басқаша. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық БАҚ басшыларымен болған кездесуде «Қазақстан» ұлттық телеарнасының 100 пайыз қазақ тілінде хабар таратуға мүмкіндігі бар екенін айтып, тапсырма берген. Көп ұзамай биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап Ұлттық арна тек қана ұлт тілінде сөйлей бастады. «Қазақстанның» қанатының астынан бір жыл бұрын балаларға арналған «Балапан» түлеп ұшса, биыл ұлт мәдениетін ұлықтайтын «Мәдениет» телеарнасы тұсауын кесті. Осылайша отандық телевизия саласы Тәуелсіздік жылдарында айтарлықтай өзгеріп, заманауи үлгіде дами бастады. Әлемнің көптеген еліндегідей салалық телеарналар ашылуда. Балаларға, мәдениет пен өнерге арналған арналарды айтпағанда, салалық спорт телеарнасы да халыққа қызмет істеп келеді. Тәуелсіз Қазақстанның төл баласы деп 1995 жылы тұсауын кескен «Хабар» агенттігін атауға болады. Жаңадан ашылған телеарна араға бес жыл салып, қазіргі «Еларнаны», 2002 жылы республиканың тұңғыш ұлттық спутниктік арнасы CaspioNet-ті іске қосты. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар тарататын аталған арна Еуропа, Орталық Азия, Солтүстік Америка және Солтүстік Африкада көрсетіледі. Тек қана Тәуелсіздік жылдарында бірнеше телеарна тұсауын кескен. Ал аймақтық телеарналарды қосқанда 40 шақты жеке арна өз жұмысын жалғастырып келеді. Былтырғы жылдан бері Байланыс және ақпарат министрлігі «Отау» отандық спутникті іске қосты. Бұрындары екі-үш телеарнаға телміретін алыстағы елді мекен тұрғындары бүгінде ақпарат көздерін таңдау құқығына ие.
Азаттықтың баспасөзге бергені мол
Дәл сол сияқты кезінде «Социалистік Қазақстаннан» ғана күнделікті мәлімет алатын оқырман үшін бүгінде күн сайын қазақ тілінде шығатын бірнеше газетті салыстырып, сапалысын тұтынуға мүмкіндік бар. Салалық журналдар да өз оқырмандарын тауып үлгерген. Бір ғана шоу-бизнес саласына арналған қазақ тілінде жарық көретін журналдардың санынан жаңылысасыз. Бұл – тек қуанышты жағдай. Қазақстан ақпарат саласындағы ішкі бәсекелестіктің қарқын алып келе жатқанын, сол арқылы Тәуелсіз ел тұрғындарының ақпараттық қажеттіліктерін орындап жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Оппозициялық басылымдардың қатары да едәуір. Халық саяси, әлеуметтік, мәдени, спорт саласында баламалы ақпаратқа қол жеткізіп отырмыз деп айтуға толық негіз бар. Халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан республикалық радио-арналардың барлығы («Қазақ радиосынан» басқасы) Тәуелсіздіктің әр жылдарында хабар тарата бастады. Әрбір үлкен қалада екі немесе одан да көп жергілікті радиолар бар.
Тәуелсіз сайттар мен порталдардың саны өсіп келеді
Заман көшінен қалмай, қазақ оқырмандары да ғаламтор пайдаланудан қалыс қалып жатқан жоқ. Жекелеген азаматтардың, ұйымдар мен Президент жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қорының қолдауымен кейінгі жылдары бірнеше сайттар мен порталдар жұмыс істей бастады. Отандық әлеуметтік желілердің даму қарқынына мамандардың көңілі тоқ. Ұлттық, мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға зор үлес қосқан бұқаралық ақпарат құралдарының Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері көп. БАҚ-тың басты мақсаты – халыққа жан-жақты, сан-салалы ақпаратты объективті беру болса, ол мақсат бүгінде толықтай орындалып келеді.
Күні кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана төрінен бой көтерген «Қазмедиа орталығы» теле-радио кешенін ашты. Жақында пайдалануға берілетін орталықты мамандар тарихымызда тұңғыш ашылған, аймақта теңдесі жоқ кешен деп бағалап отыр. «Қазмедиада» енді еліміздегі ең ірі ақпарат құралдары қызмет етеді. Мұндай игі шараларды Тәуелсіздік тарту еткен сый демесек, артық айтқанымыз болар. Бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына мемлекет те жағдай жасап келеді. Тиісінше ақпарат құралдарының мемлекетке берген пайдасы да бар. Қайсыбір мемлекеттер Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлтшылдыққа салынып, тұрақсыздыққа тап болғанда, мәселені ың-шыңсыз біртіндеп шешіп келе жатқан қазақтілді ақпарат құралдарының қызметін белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин ұлттық партияның атқаратын жұмысына теңеген еді.
Ұсыныс
Бүгінде қоғамда «Тәуелсіз мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шетелден келетін ақпараттық тасқынға белгілі бір мөлшерде тосқауыл қою керек» деген пікір бар. Ашық қоғам құрған демократиялық елдердің «БАҚ туралы» Заңдарында шетелдік өнімдердің 20 пайыздан аспауын қадағалайтын арнайы баптар бар екен. Әлбетте көрермен мен оқырманның шетелдік өнімді де тұтынуға құқылы. Алайда ақпараттық соғыс жүріп жатқан кезеңде етек-жеңімізді жинаған да дұрыс шығар дейміз.