Банкнотқа арналған бағалы қағаз шығаратын зауыт салсақ...
Күнделікті қажеттілігімізді өтеп отырған ақша банкноттарын жасап шығару – шығынды аса көп қажет ететін салалардың бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзіміздің төл теңгемізді шетелде шығарғанымыз белгілі. Төл валютамыздың түп тарихын терең білетін қаржыгерлер мен суретшілердің айтуынша, ең алғашқы теңгемізді дайындау ісі өте құпия түрде жүргізіліпті. Оны қайда шығарамыз дегенде таңдау әр елге түскен. Ақша басып шығаратын зауыттардың бәрі де сараптаудан өтіпті. Ақыры таңдау Ұлыбританияның «Харрисон және оның ұлдары» фабрикасына түскен.
Бұл кәсіпорынның 400 жылдық тарихы бар, атағы дүниежүзіне мәшһүр. Төл теңгемізді осы өндіріс орнында басып шығару бақыты бұйырған. Тәуелсіздігімізді енді алып, тәй-тәй басқан жылдары, расында, елімізде ақша басып шығаратын фабрика болған жоқ. Елімізде екі жерде ақша сақтайтын қойма бар. Оның бірі – Солтүстік Қазақстанда, екіншісі – Таразда. Техникалық мүмкіншілігінің молдығынан алғашқы теңге Тараз қаласына тасымалданған.
Ақша басып шығару машақаты – өте қиын шаруа. Оған қаржыгерден бастап, суретшіге дейін бірнеше маман жылдар бойы тер төгеді. Дүниежүзілік валюта тарихына үңілсек, банкнот жасап шығаруға екі жыл уақыт кетеді екен. Ең ұзақ дайындалған купюра ретінде ағылшын фунты тарихта қалған. Оны жасап шығаруға алты жыл уақыт кетіпті.
1992 жылы теңгенің эскиздері салынып, бекітілген соң, әр номиналдан қанша банкнот қажеттігін нақтылау мәселесі туындаған. Отандық валюта нарығында ешқандай тәжірибесі жоқ қаржыгерлерімізге, әрине, шетелдік мамандардың көмегі қажет болған. Ең әуелі британдық экономист Пейн көмек қолын созыпты. Қаржы саласында бірнеше жылдық тәжірибесі бар экономист маман еліміздің өнеркәсібі мен географиясымен, жалпы қажетті мәліметтердің бәрімен танысып шыққан соң, қанша номинал қажеттігін есептеп беріпті. Мамандар ағылшын ғалымының берген есебін тексермек болған ғой. Есепке жүйрік экономистің бағасы «5» болған, берген мәліметі тұп-тура шыққан. Әуелгіде қаржыгерлеріміз 25 купюралық банкнот шығарсақ деген ниетте болған екен, ағылшын қаржыгері оның орнына 20 теңгелікті шығаруды ұсыныпты.
Еліміз үшін меншікті валюталық бірлік енгізу барлық жағынан көптеген мүмкіндік ашып берді. Теңгенің қорғаныс күші, басқа да материалдық құрамдары халықаралық стандарттық талаптарға толық жауап бере алады. Өте сапалы жасалған. Араға бірнеше жыл салып оның қорғаныс қабілетін арттыруға бір жаңалық енгізіліп тұрады. Жуырда Өзбекстанда банкнотқа арналған шикізат шығаратын целлюлоза зауытын салу жоспарлануда. Бұл әзірге бүкіл Орта Азиядағы жалғыз өндіріс орны болмақ. Әрине, мақтануға тұрарлық-ақ жағдай. Теңдесі жоқ зауыт бұдан басқа да химиялық өнім мен жоғары технологиялық «Лиоцел» талшығын шығаратын болады. Бұл ақша және бағалы қағаздар шығаратын өндіріс орны болмақ. Бұл – корейлік Daewoo International және Komsco-Global Komsco Daewoo корпорациясымен бірлескен жоба. Алғашқы капитал 11 млн долларды құрап отыр. Өндіріс орнын қаржыландыруға инвесторлар 35 млн доллар салған. Зауыт Франция мен Германиядан жеткізілген заманауи құрылғылармен жабдықталады. Оның өндіріс қуаты жылына 20 тоннаны құрамақ. Шығарылған өнімнің 90 пайызы экспортталатын болады. Оның басым бөлігі Кореяға кетеді. Иә, ең қажетті шикізат шығаратын мұндай өндіріс орны елімізге де аса қажет-ақ. Ішкі сұранысты өтеуге де, сыртқа сатуға да толық мүмкіндік болары сөзсіз...
Ақша-тарих
Ақша тарихын зерттейтін ғылым саласын нумизматика деп атайтыны белгілі. Өз алдына дербес ғылым ретінде ХVIII ғасырда қаланған. Оның негізін салушы – И.Эккель. Әу баста ақшаның не екенін білмейтін ерте заманда оның рөлін әртүрлі заттар атқарғаны белгілі. Мысалы, ертедегі гректерде, славян, моңғолдарда – мал, ежелгі Русьте – аң терісі, Қытайда – шай, Абиссинияда тұз атқарған. Ал біздің ата-бабаларымыз ақшаның орнына қойды пайдаланған. Кейінірек ақша рөлі күшейіп, ол түрлі металдардан жасала бастады. Әсіресе алтын, күміс сынды құнды металдардың бағасы арта түсті. Елімізде металл ақша орта ғасырларда пайдаланылғаны түрлі археологиялық қазба жұмыстары кезінде белгілі болған. Отырарда ақшаның құйылғаны туралы 1967 жылы Самарқанд қоймасы ашылған соң анықталған. Осы қоймадан Х ғасырдағы Фараб теңгелері табылған. Біздің заманымызға дейінгі 704-706 жылдары Таразда арнайы теңгелер құйылып, айналымға енгізілген деген деректер бар. 1271 жылы алтын ақша орнына күміс ақшалар көбірек қолданысқа енгізілген. Бұл күміс шақалар Тараз, Кенже қалаларында шыңдау әдісімен әзірленген. 1922 жылдан бастап Кеңес Одағында қағаз ақша шығарыла бастағаны белгілі.
Теңге-тарих
Елімізде Ұлттық банктің ақша шығаратын банкнот фабрикасы, яғни арнайы Қазақстан теңге сарайы бар. 1994 жылы Теңге сарайы құрылды. Оған дейін ол Үлбі металлургиялық зауыты болатын. Кәсіпорын Швейцария мен Германиядан әкелінген жоғары технологиялық жабдықтармен жарақталған. Теңге сарайы әлемдегі алдыңғы орындағы монета сарайларымен қатар, алтын мен күмістен жоғары сапалы металл ақшалар да шығарады. Төл теңгеміздің әлемдік стандарттарға сәйкестігін жыл сайын Швейцарияда өтетін монета сарайларының көрмесінде сарапшылар сараптаудан өткізіп тұрады.