Бізге қазақтардың шетелде жүргенінен гөрі, елге оралғаны маңызды
Талғат Мамашев, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары:
– Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тарихында «Нұрлы көш» бағдарламасы өз міндетін қай деңгейде атқара алды, қандай жетістіктерге жетті?
– Тәуелсіздік алғалы бері 1 млн қандасымыз елге көшіп келді. Олар біздің санымызды көтерді, сапамызды арттырды, тілімізді байытты, мәдениетімізге, әдебиетімізге, экономикамызға өз үлесін қосты. Бұл біздің мемлекеттілігіміз үшін, әсіресе мемлекет құраушы ұлттың мәртебесі үшін үлкен жеңіс болды деп есептеймін.
– Соңғы жылдары шетелден келіп жатқан қандастарымыздың легі саябырсыды деп айтуға болатын шығар. Бұл немен байланысты?
– Саябырсығаны рас. 90-жылдардағыдай жүз мыңдап келетін көш қазір байқалмайды. Президенттің квотасы бөлінгеннен кейін соңғы жылдары жылына 20 мыңдай адам келіп жүрді. «Нұрлы көш» бағдарламасының да маңызы осы жерде. Қандастарымыздың елге қарай көші саябырси бастаған шақта оны бәсеңсітіп алмай, бұл іске қайта жан бітіру үшін Президентіміз арнайы бір бағдарлама жасауды жоспарлады.
Елге оралып жатқан қандастарымыздың барлығы оңтүстік өңірлерге – Алматы, Тараз, Талдықорған, Шымкент қалаларының маңына ғана қоныстанғысы келеді. Оңтүстік өңірлерде халық онсыз да тығыз орналасқан. Ал «Нұрлы көш» бағдарламасы шетелдегі қандастарды елге шақырумен қатар, елдің ішіндегі этникалық шоғырлану саясатын дұрыс қалыптастыруды көздеді. Мәселен, біздің Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан өңірлерінде адам саны үлкен тығыздықта емес. Оның үстіне онда біздің үлкен егістік алқаптарымыз бар. Жасыратыны жоқ, бұл өңірлердің кейбір облыстарында қазақтың саны мүлде аз. Оны да мемлекеттік мүдде тұрғысында реттеу керек. Осының барлығы ескеріле келіп, «Нұрлы көш» бағдарламасы іске қосылды және оны арнайы қоныстандыру бағдарламасы деп түсінген жөн. Сонымен, 2008, 2009, 2010 жылдар барысында «Нұрлы көш» бағдарламасының бірінші кезеңі аяқталды.
– Жалғасы болатын шығар?
– Биыл өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Елбасы «мен Үкіметке тапсырма беріп, «Нұрлы көш» бағдарламасының екінші кезеңін жасауды тапсырамын» дегенді айтқан еді. Сол бағдарлама қазір жасалып жатыр. Аманшылық болса, ендігі жылдың бірінші тоқсанында Көші-қон комитеті сол бағдарламаның жобасын Үкіметке тапсыруы керек. Бұл бағдарлама алдағы төрт-бес жылды қамтиды. Біз де өз тарапымыздан сол бағдарламаның қабілетті болуына, алғашқы кезеңде кеткен қателіктердің қайталанбауына қол ұшымызды береміз.
– Қателік демекші, заңнамадан оралмандарға жеңілдік беруді қарастыратын баптың алынып тасталғаны жөнінде көп айтылып жүр, бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Бұл бап емес, жай ғана бір сөйлем ғана болатын. Үстіміздегі жылдың тамыз айынан бастап көші-қон туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар өз күшіне енді. Алайда сол заңда «азаматтық алуда шетелден келген қазақтарға жеңілдік беріледі» деген тіркес түсіп қалған. Қалай түсіп қалғаны белгісіз, заң жобасы дайындалғанда болған екен. Парламентке кірген із бар, шыққан із жоқ. Артынан техникалық қателіктер екені айтылды. Парламент сол қателікті қайта жөнге салып береді деп жүргенде тарқап кетті. Енді жаңа депутаттарды күтуге тура келеді. Бірақ біз бұл мәселені назардан тыс қалдырмаймыз, бұл мәселенің міндетті түрде қайта енгізілуін талап етеміз.
– Біз шетелдегі қазақтардың санын айтқанда көбіне ескі деректерге жүгінеміз, қаншама қазақ елге оралып жатыр. Жалпы, шетелдегі қазақтардың саны жөнінде жаңа бір деректер бар ма?
– Біз ендігі жылы «Қазақ диаспорасының статистикасы» деп аталатын бір ғылыми жұмыс бастағалы отырмыз. Сол жұмыстың аясында әлемдегі қазақтардың нақты санын анықтамақ ойымыз бар. Ал әзірге әлемнің 40-тан астам елінде 5 миллионнан астам қазақ бар екені белгілі. Бізде сол елдердің ресми статистикалық мәліметтері бар. Қазақтар жөніндегі мәліметтерді тек сол елдің ресми статистикасынан ғана емес, сондағы қазақ мәдени орталықтарынан да аламыз. Әлемнің 32 елінде қазақ мәдени орталықтары бар.
– Бұл қазақ мәдени орталықтарының жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр, мәселен, Еуропадағы қазақтарды айтсақ?
– Еуропаның он еліндегі қазақ мәдени орталықтары өз алдына бір федерация болып біріккен. Яғни бір орталықтан ұйымдастырылады. Төрағасы – саясаттану ғылымының докторы, профессор Абдулқайым Кесенжи. Мысалы, бізге осы Еуропадағы қазақтар жөнінде қандай да бір мәлімет табу оңай. Себебі сондағы қазақ мәдени орталықтарының федерациясы өздеріне қажетті мәліметтерді жинақтап қояды. Еуропадағы қазақтар жыл сайын дәстүрлі түрде өздерінің кіші құрылтайын өткізіп тұрады. Өткізілетін орны сол он елдің арасында кезекпен алмасып отырады. Бұл жиында олар өздерінің ортақ проблемаларын, рухани-мәдени мәселелерін шешеді. Ендігі жылдан бастап Ресей, Моңғолия қазақтары да өз ішіндегі кіші құрылтайларын өткізбекші. Әрине, соның бәрі – сол жақтағы қазақ мәдени орталықтарының ұйымдастыруымен болатын нәрсе.
– Мысалы, бір елдер бар Ресей, Қытай сияқты. Олардың саясаты шетелде жүрген қандастарын жаппай елге қайтаруды көздемейді. Керісінше, шетелдегі қандастары елдің экономикасына, саяси-мәдени саласына сыртта жүріп қолдау көрсеткені дұрысырақ деген ұстанымда. Бізде де осындай саясат болуы керек деген пікірмен келісесіз бе?
– Мұндай саясат бізге онша келіңкіремейді. Оның үстіне шетелдегі қазақ диаспорасында елімізге экономикалық қолдау көрсете алатын деңгейдегі аса үлкен дәулетке қол жеткізген қазақтар көп емес. Мәдени тұрғыдан алсақ та, олар қолдаудан гөрі, өздері жұтылып кетудің аз алдында тұр. Сондықтан бізге қазақтардың шетелде жүргенінен гөрі, елге оралғаны маңызды.