Мақтанышымыз боларлық спорттық ғимараттар
Бүгінде біздің елде мақтан тұта алатын халықаралық деңгейдегі спорттық кешендеріміз баршылық. Әр қаланың өзінің спорттық брендіне айнала бастаған стадиондарымыз да – бірсыпыра. Енді солардың кейбіреулеріне тоқталып өтсек.
«Медеу» мұзайдыны
Алатау бөктерінде, Медеу шатқалында салынған мұзайдын. Теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан. Құрылысы 1949 жылы басталып, 1951 жылы 4 ақпанда бірінші ресми жарыс өткізілген. Бірақ 1972 жылы ғана жасанды мұзайдын төселген. Мұзайдынды төсеген архитекторлар мен инженерлер КСРО Мемлекеттік жүлдесімен марапатталған. Әлемдегі ең биікте орналасқан мұзайдын. Жасанды мұзайдынның ауданы – 10,5 мың шаршы метр. Таза тау суынан құйылған мұзымен ерекшеленіп, мұнда конькимен жүгіруші дүлдүлдер 200-ден астам әлем рекордын жаңартқан. Сондықтан «рекордтар фабрикасы» атанған да. Мұз қатырылатын ауданының қалыңдығы – 2,3 метр. Жасанды мұзды қатырып тұратын жүйесі әлемде теңдессіз болып саналады. Соның арқасында алматылықтар мен оның қонақтары «Медеуде» қысы-жазы коньки тебе алады (жылдың сегіз айы бойы).
Конькишілер жарысымен қоса, допты хоккейден «Динамо» (Алматы) клубы үйдегі ойындарын өткізіп тұратын. 1990 жылы спидвейден (мұздағы мотожарыс) әлем чемпионаты өткен. 1990-2004 жылдар аралығында «Азия дауысы» эстрадалық байқауы өткізіліп тұрды. VІІ қысқы Азия ойындарына қарсы күрделі жөндеуден өтіп, инженерлік-техникалық жүйелері ауыстырылды. Жаңа мультимедиялық табло орнатылды (ауданы – 200 шаршы метр). Сыйымдылығы 8500 орынға дейін ұлғайтылды. Ақ Азиада кезінде допты хоккей ойындары өтті.
«Астана-арена» стадионы
Елордамыз Астанадағы теңдессіз стадион 2009 жылы 3 шілде күні ашылған. Сыйымдылығы – 30 000 адам. Төбесі 20 минуттың ішінде ашылып, жабылады. Осы «шатырының» ауданы – 10 000 шаршы метр. Мұндай стадион әлемде алтау-ақ. Ауданы – 232, 485 шаршы метрлік эллипстік жоба (330 х 704,5 м). Жаңа инновациялық технологиялардың барлығы дерлік қолданылған. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Астана» футбол клубы үйдегі ойындарын осы стадионда өткізеді. Басқа да мәдени шаралар ұйымдастырылып тұрады. VІІ қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты осы сәулетті стадионда өткен.
Шаңғымен тұғырдан секіру кешені
Шаңғымен тұғырдан секірушілерге арналған халықаралық кешен. Соңғы үлгіде салынған, қыста да, жазда да шаңғымен тұғырдан секіре беруге болады. Халықаралық шаңғы спорты федерациясының талаптарына сай екі тұғыр (К95 және К125) салынған. Тұғырдан секіру кешенінің құрылысын халықаралық сарапшылар техникалық жағдайы мен сәулеті жағынан әлемдегі ең үздік жобалардың бірі деп бағалаған. Көгалдарды суғару жүйесі, аспалы тасымалдау жолы және лифттері бар. Сыйымдылығы – 5 500 адам. VІІ қысқы Азия ойындары бағдарламасындағы шаңғымен тұғырдан секірушілер сайысы өтті. Оның алдында әлем Құрлық кубогы өткізілсе, биыл күзде «Гран-при-2011» халықаралық турнирі ұйымдастырылды. Болашақта бұл спорттық кешенде әртүрлі мәдени шаралар өткізу жоспарланып отыр (концерттер, әртүрлі шоу бағдарламалар). Қос тұғыр халықаралық стандартқа сай салынғанмен, ондағы жұмыстардың барлығы әлi толық аяқталған жоқ. Алдағы уақытта бұл кешен «Сұңқар» саябағы болып кеңейтiлген түрде жұмыс істейтін болмақ. Тұғырлардың жанынан 89 гектар аумақтағы жерге биатлон, фристайл, бобслей стадиондары мен веложолдар салынады.
«Сарыарқа» велотрегі
Астанадағы көз тартар спорттық кешендерінің бірі. Халықаралық стандарттардың барлығына сәйкес келеді. Ашылғанына бір жыл өтер-өтпес уақыт болса да, халықаралық дүбірлі додаларды өткізу мәртебесіне ие болып, өзінің ғажаптығын дәлелдеп келеді. VІІ қысқы Азия ойындарынан кейін, биыл қараша айының басында велотректен әлем кубогының бірінші кезеңдік бәйгелері ұйымдастырылды. Бұл велотректен қазақ топырағында тұңғыш рет өткен аламан дода еді. Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) техникалық нұсқаушысы Бернард Дармет велотректі әр қырынан бір өлшеп, мін таба алмай: «Бұл велотрек әлемдегі ең үздік велотректің бірі болады. Мұндай ғимаратты бұрын-соңды көрмегенмін», – деп кетіпті. Велошабандоздың қалпағына ұқсатып салынған велотректің параметрлері: жалпы ұзындығы – 250 метр, ені – 7 метр. Велотректің айналма бұрылыстағы жантаю бұрышы 44 градус болса, ұзыннан жатқан жолы – 13,5 градус. Велотрек табаны Сібір балқарағайынан төселген.
«Алау» мұзайдыны
Елордадағы халықаралық деңгейдегі көрнекті кешендеріміздің бірі болып табылады. Қараша айының аяғында аталмыш мұзайдында конькимен жүгіру спортынан әлем кубогының екінші кезеңдік жарыстары өтеді. Мұзайдыны жолағының ұзындығы – 400 метр. Шайбалы хоккейге арналған екі корты бар. Төрешілер алқасына және баспасөз жиынын өткізуге арналған залдары бар. Спотшылар киім ауыстыратын бөлмелерінің саны – сегіз. Басқа да әмбебап залдары мен фитнес орталықтары бар. Мұнда конькимен жүгіру спортынан, шорт-тректен, шайбалы хоккейден, керлингтен, мәнерлеп сырғанаудан ірі жарыстар мен додалар өткізіп, жаттығу жұмыстарын жүргізе беруге болады. Соңғы үлгідегі техникалық жабдықтары мен архитектуралық жобасы үйлесім тапқан деп айта аламыз. «Алау» жабық мұзайдыны аз ғана уақыттың ішінде әлемге «мұзы жылдам» шаңырақ ретінде танылып үлгерді. Мысалы, VІІ қысқы Азия ойындары кезінде мұнда конькимен жүгіруші желаяқтар Азияның 9 рекордын жаңартты. Осылай, қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде «Алау» дүние- жүзіндегі конькишілер стадиондары рейтінгінде бірден 17-орынға бір-ақ көтерілді (641 мұзайдын ішінен).
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы
Алматыдағы бұл спорт және мәдениет сарайы – еліміздегі ең «егде» ғимарат. 1967 жылы пайдалануға берілген. Қазақстандағы халықаралық додалар ең көп өткен киелі шаңырақ. Көпфункциональды әмбебап кешен. Волейболдан, күрес түрлерінен, дзюдодан, бокстан, кик-боксингтен, қол добынан, шайбалы хоккейден, ауыр атлетикадан, баскетболдан, футзалдан және тағы да басқа спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі ірі додалар өткен. Эстрадалық концерттер мен мәдени шаралардың да ошағы болған. 2011 жылы 6 ақпан күні VІІ қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Ақ Азиада қарсаңында қайта құрылымдаудан өтіп, жаңа мәтінде өңделді. Инженерлік-техникалық коммуникацияларының барлығы ауыстырылды. Қосымша бөлмелер мен кешендер (медициналық, теледидарлық) жапсарланып салынды. Сыйымдылығы – 5000 адам.
Ұлттық теннис орталығы
Астанадағы ең көрікті спорттық ғимараттардың бірі. 2008 жылы 4 шілде күні Астананың 10 жылдығына арналып ашылған. Мұнда төбесі жабық негізгі корттағы кездесулерді 2700 адам тамашалай алады. Жалпы, сегіз төбесі ашық және бес төбесі жабық корт бар. Жаттығу өткізетін корттарының саны – үшеу. Олардың бәріне де жоғары және орташа жылдамдықты «хард» және «rukort» төсеніштері төселді. Үлкен теннис, басқа да спорт түрлерінен ірі халықаралық додалар ұйымдастырылып тұрады. Соның бір дәлелі, ашылған бетте көркем гимнастикадан әлем кубогының кезеңдік сыны өткізілген.
Талдықорғандағы теннис орталығы
Биыл Жетісу орталығында ауқымды теннис орталығы ашылды. Оның аумағы 13 861 шаршы метрді алып жатыр. Әрі жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуге лайықталған. Онда төрт төбесі ашық және екі төбесі жабық корт бар. Төбесі жабық корттағы доданы 200 жанкүйер тамашалай алады. Олардың табанына Италиядан әкелінген көпқабатты «хард» төсеніштері мен ашық алаңға лайықталған төсемелер төселген. Барлық жағдай қарастырылып, әкімшілік-тұрмыстық бөлімдері, жуынатын және шешінетін бөлмелері, медициналық кабинеттері жұмыс істейді.
Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы стадион
Тек футболға арналған, жүгіру жолдары жоқ. Мұндай стадиондар Қазақстанда некен-саяқ. Қабырғасы 1975 жылы қаланған. Алаң көлемі – 104 х 68 метр. Сыйымдылығы – 13 500 адам. Халықаралық футбол матчтарын өткізу құзырына ие болып, УЕФА сертификатын алған.