«Нұрлы көш» – Ұлы көштің басы
Әлемде өз қандастарына жағдай жасап, атамекеніне әкелуге ниетті санаулы ғана мемлекет бар. Олар: Германия, Израиль, Қазақстан. Кейінгі жылдары арнайы бағдарлама қабылдап, Ресей де шетелдердегі орыстарды отанына шақырып жатыр. Бір айта кетерлігі, Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дағдарысты жағдайда отырса да, дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақтарды елге шақырды. Әдетте экономикасы сын көтермейтін, әлеуметтік әлеуеті тым төмен мемлекеттер көші-қонды жүзеге асырмақ түгілі, ішкі проблемаларын шеше алмай жатады. Ішкі қайшылықтарға тап болған посткеңестік мемлекеттерді айтпағанда, КСРО қанатынан шыққан елдердің ішінде ең дамыған Ресейдің өзі енді ғана қандастарына бет бұрып жатыр. Ендеше, азаттықтың алғашқы жылдарынан-ақ шетелдегі қазақтарды тарихи Отанына әкелуді жолға қойған тәуелсіз Қазақстанның атқарған шаруасы қыруар.
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан төрт рет Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізді. Әрбір басқосуда жаңа мәселелер талқыға салынып, біткен іске қорытынды жасалып отырады. Шетелдерде өмір сүріп жатқан қандастармен қатынасты үзбеудің бір тәсілі деп қарасақ та, құрылтайдың дүниежүзі бойынша небәрі 15-ақ млн (!) қазақтың ынтымағы үшін маңызы зор.
«Нұрлы көш» елге не берді?
Еліміз азаттық алған соң, Ұлы көш басталды. Ерік-жігерімен атажұртына жаппай қоныс аударушылардың қатары алғашқы жылдары көп болғанымен, кейіннен сиреп кеткені жасырын емес. Сондықтан мемлекет «Нұрлы көш» бағдарламасын әзірлеуді қолға алды. Шетелдегі қазақтармен байланыста жүргендердің айтуынша, сырттағы ағайын бұл бастаманы жақсы қабылдаған.
Өйткені шетелдегі миллиондаған қазақ «Нұрлы көш» бағдарламасына үлкен сенім артты. Бағдарламаны іске асыруға 2009-2011 жылдарға 197 795,6 млн теңге, оның ішінде қосымша 118 073,7 млн теңге қарастырылды. «Нұрлы көш» бойынша барлық көшіп келушіні тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын жайларды жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігіндегі тұрғын үй есебінен үлестіру сияқты. Кейбір аймақтарда оралмандарды шоғырландырып, қоныстандыратын қалашықтар салынбақшы. Олардың қарызын қайтару үшін оралмандарға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» 4 пайыздық мөлшерде несие берілді. Ал оны қайтару үшін жұмыспен қамтылып, кәсіппен шұғылдануға қаржы бөлінді. Шет мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың этносы қазақ болғанымен, ассимиляцияның салдарынан ұлттық ерекшеліктерін жоғалтып жатқаны да рас. Сондықтан Үкімет оралмандарға қажетті әлеуметтік көмектермен қатар, бейімдеуді де қолға алды. Елімізде оралмандар үшін арнайы 14 орталық ашылған. Үлкен қалаларда 2008 жылдан бастап бейімдеу орталықтары белсенді түрде жұмыс істей бастады. Ол жерден оралмандар тілдерді үйреніп, кәсіби біліктіліктерін жоғарылатуға мүмкіндік алады. Оралмандарға көмек беру үшін жергілікті басқару органдарында оралмандар кеңесі құрылған.
Жәди Шәкен, жазушы:
– Қазақтың 1/3-і шетелдерде өмір сүріп жатыр. Бүгінгідей заманда оларды елге тарту мәселесі өте өзекті болып отыр. Сондықтан да шығар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Үкімет нақты іске көшіп, «Нұрлы көш» бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асырды. Бұл бағдарламаны қандастарымыз өте жылы қабылдады. Сенімдері ақталып, бағдарлама аясында туған топырағымен қауышқандар қаншама! «Нұрлы көштің» екінші кезеңі жүзеге асырылады деп жатыр. Бұл да – үлкен қуаныш. Алғашқы лекке ілесе алмаған шетелдегі бауырларымызды қанаттандырып отырғаны сөзсіз. Бағдарламаның алғашқы кезеңіндегі ұсақ-түйек кемшіліктер ескерілсе, қазақ ұлтының ұтары көп. Мұндай бастамаларға қолдау көрсету керек деп ойлаймын.
Өзге елдегі қандастармен ақпараттық байланыс та қажет
Қандастарымызды елге әкелу жұмыстарымен қатар, жат жұрттағы ағайынмен байланыс мәселесін де қаперден шығармау қажет. Аманат болып қалған атаның ділі мен ананың тілін сақтауды мұрат тұтатын осындай қандастарымызды қолдап отыратын елімізде арнайы орталық құрылса да, артық етпейді. Кириллицаны білмейтін Еуропадағы қазақтарға латын қарпімен, Қытайдағы қандастарымызға төте жазумен еліміздегі ақпараттарды жеткізіп тұруды қадағалап, тілдік ортаны кеңейтумен айналысса дейміз. Бұрындары Білім және ғылым министрлігіне арнайы қаржы бөлініп, шетелдердегі қазақ мектептеріне оқулық жеткізу мәселесі шешімін тауып отырса, қазір бұл игілікті іс тоқырап қалған.
Ұсыныс
Өзге де күрделі мәселелерді осы бір орталық арқылы басқарса, құба-құп болар еді. Қоғам болғаннан кейін әртүрлі пікірдің болатыны бар. Мамандар шетелдегі қазақтардың мәдениетін, тілін дамыту үшін мемлекеттік орган құрудың қажеті жоқ деп есептейді. Олардың айтуынша, мемлекеттік орган құрылатын болса, ол ведомство шетелге барып, қандастарымызды елге ашық шақыра алмайды. Бұл өзге мемлекеттің ішкі саясатына араласу болып табылады екен. Ендеше, әлемдік тәжірибені зерттеп, үкіметтік емес ұйымдар, я болмаса қорлар құру арқылы бұл мәселені реттеуге болады. Сондықтан құқықтық және қаржылық мәселелерді Үкімет реттеп берсе, бұл мәселелерді қауымдастық арқылы да реттеуге болады.