Он жылда халықтың 30 пайызын спортқа тартуымыз керек
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2009 жылғы Жолдауында алдағы он жылда қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысуы қажеттігін айтқанда, бұған күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Дегенмен халықты спортқа баулу үшін барлық жағдайдың жасалып жатқанына қарап, 2020 жылға дейін әлгі 30 пайыздық межеге жетеміз деп нық сеніммен айтуға болады.
Жалпы, 1995 жылдан бері ел спортын дамыту үшін Президентіміз бірнеше бағдарламалар қабылдаған. Мәселен, 1996 жылдың 19 желтоқсанында Елбасымыз «Қазақстан Республикасында бұқаралық спортты дамытудың 1996-2000 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Соның арқасында өткізілетін спорттық шаралардың саны артып, салалық спартакиадалар, оқушылар мен студенттер жарыстарын ұйымдастыру үрдісі қайта жаңғырды. Сөйтіп, бағдарлама мерзімінің соңында, яғни 2001 жылы спортпен шұғылданушылардың саны 24,1%-ға артып, 1 436 302 адамды құрады. Республикада 290 спорт мектебі жұмыс істеп, оларда 134 мың балалар мен жасөспірімдер тәрбиеленді. Денешынықтыру мен спорт саласындағы штаттық қызметкерлер саны 23 239 адамға жетті. Спортта дарынды балаларға арналған алты мектеп-интернат жаңадан ашылып, ондағы шәкірттер саны 942-ден 2385-ке дейін артты. Спорттық резервтер даярлаудың облыстық орталықтарын құру ісі қолға алынып, Президенттік сынақ жүйесі енгізілді. Бұдан кейін Президентіміз 2001 жылдың 12 наурызында «Қазақстан Республикасында денешынықтыру мен спортты дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойып, бұл да өз жемісін берді. Мемлекеттік бағдарлама енді ғана қолға алынған шақта, спортпен шұғылданушылар саны 1 436,3 мың адам болса, салауатты өмір салтын серік еткендер 2002 жылы – 1546,3 мың адам, 2003 жылы – 1752,1 мың адам, 2004 жылы – 1885,9 мың адам, ал бағдарлама мерзімінің соңғы жылында спортты серік еткендер 2 миллион адамнан асып, ел халқының 13,7 пайызын құрады. 2005 жылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жалпы саны 389-ға жетіп, оларда тәрбиеленуші жеткіншектер 200 529 адам болды.
Ал бүгінде ше? 2010 жылы елімізде спортпен жүйелі шұғылданатындардың саны 2 900 000 адамға жетті. Олардың 1 527 256-сы 6-18 жас аралығындағы жеткіншектер екені де қуантады. Демек, дені сау ұрпақ тәрбиелеудеміз. Ары қарай тізе берсек, спорт мектеп-интернаттарында тәлім алып жүрген балалар мен жасөспірімдер саны 237 165 адамды құрайды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Республика мектептерінің 98 пайызында аптасына 3 сағаттық денешынықтыру сабақтары жүреді. Еліміздің 48 жоғары оқу орнында спорт клубтары жұмыс істейді.
Алда да әлі халықтың бұқаралық спортпен айналысуына бағытталған шаралар жалғаса бермек. Биылғы жылдың айтулы бір жаңалығы — Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты сауықтыру мақсатымен 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Жарлыққа қол қоюы. Осы бағдарламаның шеңберінде Туризм және спорт министрлігі денешынықтыру мен спортты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасын әзірледі.