Қазақ спортының 20 жылдық жетістігі
Қазақстан Республикасы Тәуелсіз мемлекет болғалы бергі 20 жыл ішінде ел спорты ауыз толтырып айтарлықтай ерен жетістіктерге қол жеткізді.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Қазақстан Республикасы 1992 жылдан бастап халықаралық дүбірлі додаларға егеменді ел ретінде қатыса бастады. Спортшыларымыздың осындай маңызды додалардағы жеңістері мен жетістіктерінің арқасында Қазақстан дүниежүзіне танымал бола түсті. Бұл, әрине, мемлекетіміздің беделінің артуына да зор ықпалын тигізіп келеді. Жалпы, үлкен спорт – әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірден-бір көрсеткіші, патриотизм мен халық бірлігінің нышаны. Бұл орайда Қазақ елі Тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап-ақ бірден көзге түсіп, халықаралық аренада орасан зор беделге ие болды. Халықаралық олимпиадалық қозғалысқа белсене араласып, оның халықтар достығына бастаған қағидаларын қолдап келеді. Елімізде бүгінде 80-нен астам спорт түрлері бойынша ұлттық (республикалық) федерациялар жұмыс істейді. Халықаралық спорт қауымдастықтары мойындаған олардың бірқатары халықаралық деңгейдегі федерациялармен бірлесе жұмыс істеуде.
1992 жылдан бергі уақытта Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарында аса жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Егеменді ел болғалы Қазақстан спортшылары 1994 жылдан бері өткен бес қысқы Олимпиада ойындарында бір алтын, үш күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Барлығы – алты медаль.
Жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан егеменді ел ретінде алғаш рет 1996 жылғы Атланта қаласына қатысты. Бірақ 1992 жылғы Барселона Олимпиадасына да қатысып, бес жүлде еншілеген. Кеңес Одағы ыдырап, әр ел тәуелсіздігін жариялап, жеке-жеке шаңырағын көтере бастағанда 1992 жыл есіктен аттаған. Сол кезде КСРО құрамындағы 15 мемлекеттің спортшылары біраз сергелдеңге түскен болатын. Себебі бұл елдердің спорттық ведомстволары өз мәртебелерін анықтап үлгермеген-ді. Осылай Каталония жеріндегі жазғы Олимпиадаға Кеңес Одағының Балтық жағалауы елдерінен басқа 12 мемлекеті бір команда болып қатысты. Жалпы, жазғы Олимпиада ойындарында олжалаған жүлделеріміздің жалпы саны – 44 (10 алтын, 18 күміс, 16 қола).
Ел спортшылары 20 жыл ішінде жазғы Азия ойындарына бес рет қатысып (1994, 1998, 2002, 2006, 2010 жылдары), барлығы 397 медальға (110 алтын, 119 күміс, 168 қола) жеңіп алды.
Осы уақыт аралығында біздің спортшылар қысқы Азия ойындарына да бес рет қатысып (1995, 1999, 2003, 2007, 2011 жылдары), барлығы 164 медаль (69 алтын, 51 күміс, 44 қола) иеленді.
1991 жылдан бері олимпиадалық спорт түрлері бойынша 32 спортшымыз әлем чемпионы атанып, 26 спортшы күміс және 49 спортшы қола жүлдегер атанды. Яғни олимпиадалық спорт түрлерінен Әлем чемпионаттарында еншілеген жүлделеріміздің жалпы саны – 107 медаль. Дәл осы күндері ауыр атлетикадан Парижде өтіп жатқан Әлем чемпионатында бақ сынап жатқан толағай қыз-жігіттеріміздің бұл көрсеткішті арттыра түсетіндіктеріне сенімдіміз (З.Чиншанлоның алтыны мен М.Манезаның күмісін қостық).
2010 жылы Сингапурда тұңғыш рет жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындары өтіп, бұл сында Қазақстан жеткіншектері екі алтын, екі күміс, екі қола медаль еншіледі.
Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту мақсатында елімізде төрт жылда бір рет Қазақстан Республикасының жазғы және қысқы Спартакиадасы, сондай-ақ, жастар ойындары жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Жас мемлекетіміз үшін осының бәрі аз жетістік емес. Спортшыларымыздың айтулы жеңістері Қазақстанның әлемдегі беделін арттыра түсті. Азия Олимпиадалық кеңесіндегі мәртебеміз өсіп, үлкен спорттағы осындай сүбелі жетістіктеріміздің арқасында Астана және Алматы қалалары VІІ қысқы Азия ойындарын өткізу құрметіне ие болдық. Қазақ топырағында тұңғыш рет қысқы Азия ойындарының өте жоғары деңгейде ұйымдастырылуы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан тұрақты дамып келе жатқандығына айқын дәлел бола алды. Мысалы, спорттық нысандар мен ғимараттардың әзірлігіне және сапасына, сондай-ақ Ақ Азиаданың ұйымдастырылу деңгейіне тәнті болған Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге мырза «Қазақстан 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткер бола алады», – деп сүйсініп кетті.
2008 жылы қасиетті Олимпиада алауы тұңғыш рет қазақ топырағына жеткізілді. Себебі Бейжің Олимпиадасының ұйымдастырушылары мәртебесі жоғары «шырағдан шеруін» Алатау бөктеріндегі әсем Алматыдан бастады. Көрші жатқан Қытай елі бізді «бірлік пен ынтымақтастықтың үлгісі, экономикалық шарықтау мен саяси тұрақтылықтың символы» деп танып, қонақжай қазақ елімен достық қарым-қатынасын нығайту мақсатында қолдарына тиген Олимпиада алауын ең әуелі Қазақстанға әкеліп, үлкен қуаныштарымен бөлісті. Бейжің Олимпиадасының алауы эстафетасы Алматыда өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көп елге үлгі болды.
Шетелде еліміздің абыройын асқақтатып, қазақ ұлтын төрткіл дүниеге паш етіп жүрген командаларымыз да аз емес. Соның бірі – 2006 жылы құрылған «Астана» велоклубы. Елбасымыздың тікелей қолдауымен құрылған клуб бүгінде дүниежүзіндегі ең үздік командаларының бірі болып есептеледі.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылғы №93-7.63-тапсырмасы негізінде 2009-2011 жылдары 26 қазақстандық жас футболшы Бразилияда теңбіл доп өнерінің қыр-сырына қанығуда. «Оле Бразил» футбол академиясында білім алып, спорттық шеберліктерін шыңдап жатқан жас таланттарымыздың бірі (Рауан Сариев) Бразилияның азулы командаларының сапына алынып, бұл жоба әлден жемісін бере бастады.